Жаңалықтар

Елімізде "омикрон" жылдам тарап жатыр

«Омикрон» штаммының негізгі белгілері қандай?
Елімізде "омикрон" жылдам тарап жатыр
14.01.2022 16:20 4428

Елімізде коронавирустың жаңа түрі «омикрон» тарап жатыр. Эпидемиологиялық жағдайдың күрт нашарлауына байланысты республикамызда карантиндік шектеулер күшейтілді. Мәселен, елордада оқушылар мен студенттер осы айдың соңына дейін қашықтан оқыту форматына ауыстырылды.

«Омикрон» балалар үшін аса қауіпті

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың жылдам тарайтын «омикрон» штаммы әсіресе вакцина алмағандар үшін қауіпті екенін жеткізді. Сондай-ақ ДДСҰ өкілдері жаңа штаммның таралу жылдамдығы тез әрі жұғу қаупі жоғары екенін мәлімдеді. Тағы бір айта кетерлігі, бұл вирус екпе алғандарға аса қауіпті емес екен. Алайда арқаны кенге салуға болмайды дейді мамандар. Өйткені бұл вирус жағдайды қас-қағым сәтте ушықтырып жіберуі мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдерінің айтуынша, вакцина алмағандарда ем алу кезеңі ауыр өтетін көрінеді. Себебі олардың ағзасында жұқпалы індетке қарсы иммунитет жоқ.

Елімізде "омикрон" жылдам тарап жатыр

Ресейлік иммунолог Владимир Болибок «омикрон» штаммы бір түшкіргенде бір мезетте 100-ге жуық адамға жұғуы мүмкін екенін айтты. Сондай-ақ дәрігер бұл вирус әсіресе балалар үшін аса қауіпті дейді.

Елімізде соңғы екі аптада күніне орта есеппен 80 адам жұқпалы індетті жұқтырған. Жаңа штаммның салдарынан бұл айтылған сан бес жарым есеге артқан. Мамандар бұған адамдардың сақтық шараларын қатаң сақтамауы мен көпшілік орындарға жиі баруы себеп екенін айтады.

Бүгінгі таңда эпидемиологиялық ахуал матрицасы бойынша Қазақстан қауіптің сары деңгейіне өткен. Алайда Нұр-Сұлтан мен Шымкент қызыл аймақта тұр. Өткен аптада ведомоство аралық комиссияның отырысында осы жаңа штаммның елде таралу қаупін азайту шаралары талқыланып, құзырлы мекемелерге нақты тапсырмалар жүктелген болатын.

«Омикроннан қорғанудың бірден бір жолы – вакцина алу»

Коронавирустың жаңа түрі «омикрон» алғаш рет Оңтүстік Африка Республикасынан өткен жылдың қарашасында алынған сынамадан анықталған. Кейін сол елдің үкіметі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына вирустың жаңа түрі жайында мәлімдеді. Осылайша ДДС ұйымының өкілдері бұл жұқпалы дерттің алғаш рет тіркелгенін әлемге жария етті.

Елімізде "омикрон" жылдам тарап жатыр

- Коронавирустың жаңа түрі «омикронның» таралуын бір айдан астам уақыт бақылаудың нәтижесінде оның адамға өте жұқпалы екеніне көз жеткіздік. Ол әлемде өте жоғары жылдамдықпен таралып жатыр. Мәселен, бүгінде Америка Құрама Штаттарында тәулігіне миллионнан астам жаңа жағдай тіркелген, - дейді биолог ғалым Болат Сұлтанқұлов.

«Омикрон» штаммының негізгі белгілері қандай? Мамандардың айтуынша, алдымен тамақ ауырып басталса, кейін дене қызуы көтеріледі, әлсіреу, сондай-ақ бұлшық еттер мен буындардың ауырсынуы пайда болады. Соңғы мәліметтерге сүйенетін болсақ, жаңа штаммның басты симптомы – бас ауырсынуы, нақтырақ айтқанда маңдай бөлімі мен самай бөлімінің ауырсынуы көбірек болады екен. Сондықтан дәрігерлер сақтық шараларын сақтауға шақырады.

- 32 мутациядан тұратын бұл вирустың түрінен күллі Еуропа сескеніп жатыр. Өйткені бұл вирустың адамға таралу жиілігі яғни жұқпалылығы өте жоғары. Тіпті бұған дейінгі вирустарға қарағанда аса қауіпті. Айта кету керек, бұл вирус сау адамдардың денсаулығына аз қауіп төндіргенімен белгілі бір топтағы адамдарға жұқса, соңы өлімге алып келуі мүмкін, - дейді биолог ғалым.

Қазіргі таңда балалардың арасында да вирусқа шалдығу оқиғалары кездесіп жатыр дейді мамандар. Жеткіншектерде кездесетін симптомдарға әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, тез шаршау, тәбетінің болмауы, асқазан-ішек жолдарының бұзылысы, денеде бөртпелердің пайда болуы жатады.

- Коронавирустың жаңа түріне вакцина көмектесе ме деген сауал көпшілікті мазалайтыны рас. Вакциналар тек антиденелерді, сондай-ақ Т-жасушалық иммунитет деп аталатындарды өндіруге септігін тигізеді. Нәтижесінде иммундық жүйенің жасушалары жұқтырған жасушаларды анықтап, вирусты да, жұқтырған жасушаларды да жою үшін оларға қарсы тұра алады. Қазір көптеген елдер халықты белсенді түрде қайта вакцинациялауда. Өйткені вакциналардың күшейткіш дозасы ағзадағы «омикронмен» күресуге антиденелердің концентрациясын арттырады. Осы орайда вакцина бұл вирусқа қарсы ең маңызды құрал екенін айта кеткен жөн, - дейді биолог-ғалым Болат Мұхтарұлы.

Өткен жылдың қараша айынан бастап елімізде алты жүз мыңнан астам адам ревакциянациядан өтті. Қазіргі таңда коронавирусқа қарсы вакцинаның үшінші дозасын медицина мен күш құрылымдары және білім беру саласының қызметкерлері және т.б. салдырып жатыр. Олардың көбі «QazVak», «Синофарм» «Pfizer» вакцинасымен ревакцинациядан өтіп жатыр.

- Т-жасушалық иммунитетке байланысты әсіресе вакцинацияланған немесе коронавируспен бұрын ауырған адамдарда «омикронның» жеңіл белгілері болады және емделу кезеңі оңай өтеді. Дегенмен сіз бен біз өмір сүретін қоғамда әртүрлі созылмалы аурулармен ауыратын егде жастағы адамдар мен жастар бар. Омикрон әсіресе осындай топтағы адамдар үшін өте қауіпті екенін естен шығармаған абзал, - дейді маман.

Елімізде "омикрон" жылдам тарап жатыр

Болат Сұлтанқұловтың айтуынша, коронавирустың жаңа штаммы жаңа толқынды тудырады. Өйткені вирустың адамнан адамға жұғу жиілігі өте жоғары. Әсіресе АҚШ пен Еуропа елдерінде эпидемиологиялық жағдай күрт нашарлағанын әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарынан көріп-біліп отырмыз. «Омикронның» халық арасында тез таралуы медицина жүйесіне үлкен салмақ түсіретіні белгілі. Мамандар ауруханаларға әсіресе дене қызуы жоғары балалардың көп түсуі мүмкін деп дабыл қағуда.

- Омикроннан қорғанудың бірден бір жолы – вакцина алу екенін тағы қайталаймын. Қазіргі таңда халықтың мейлінше көп бөлігін вакцинациялаудан өткізу өте маңызды. Қант диабеті, гипертония, жүрек-қан тамырлары аурулары сияқты созылмалы дертпен ауыратын топтағы науқастарға бірінші кезекте вакцинация қажет. Сондай-ақ қазіргі уақытта химиотерапия қабылдамайтын онкологиялық науқастарға вакцинация қажет, - деп сөзін түйіндеді биолог ғалым Болат Сұлтанқұлов.

(Болат Сұлтанқұловтың суреті ашық ғаламтор көзінен алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға