Олжас Бектенов су тасыған өңірлерде құрылысты тездетуді тапсырды
Үкімет басшысы Олжас Бектенов отырысты су тасқынынан зардап шеккен өңірлердегі құрылыс-жөндеу және қалпына келтіру жұмыстар мәселесінен бастады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Премьер-министр өткен аптада Солтүстік Қазақстанда болғанын және ол жақта жұмыс қарқыны жақсы екенін тілге тиек етті. Үкімет басшысы Олжас Бектенов басқа өңірлер әлі қажет қарқынды ала алмай отырғанын жеткізді.
Жаз мезгілі бізде қысқа, оны жақсы білесіздер. Бәрін белгіленген мерзімде әрі сапалы етіп жасауда біраз уақыт кетеді. Өкінішке қарай, жергілікті билік органдарының жұмысында салғырттық, шешім қабылдауда баяулық, ұйымдастыру ісінде әлсіздік байқалады. Әсіресе, Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының белсенділігін арттыру қажет. Мерзімдерді мүлдем бұзуға болмайды. Бірақ тек мерзім емес, сапа жағы да өте маңызды. Бұған жіті назар аудару қажет, – деп атап өтті.
Сондай-ақ, премьер-министр көптеген өңірлерде су тасқынымен күресу үшін құм мен саздан үйінділер жасалды, топырақ салынған қаптар пайдаланылғанын айтты.
Ендігі кезекте әкімдіктер бәрін өркениетті түрге келтіру керек. Экологияға зиян келтірмес үшін барлық қапшықтарды алып тастап, кәдеге жарату қажет, – деді Олжас Бектенов.