Жаңалықтар

Олжас Бектенов шетелдік инвесторлармен кездесті

Олжас Бектенов шетелдік инвесторлармен кездесті
Фото: t.me/KZgovernment 01.11.2024 09:33 1734

Олжас Бектенов америкалық және франциялық Alstom және Wabtec компанияларының басшыларымен Қазақстанда теміржол машинасын жасауды одан әрі локализациялау жоспарларын талқылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, премьер-министр Олжас Бектенов Жаһандық инвестиция жөніндегі қазақстандық дөңгелек үстел аясында ірі халықаралық компаниялардың басшыларымен – теміржол машинасын жасау саласының әлемдік көшбасшыларымен кездесті.

Африка, Таяу Шығыс және Орталық Азия өңірлері бойынша Alstom француз компаниясының президенті Эндрю Делеонимен өндірісті одан әрі локализациялау және жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу жоспарлары талқыланды.

Alstom – еліміздің теміржол индустриясының негізгі инвесторы. 10 жыл ішінде компания құрылысқа, технологиялар трансферті мен қазақстандық мамандарды оқытуға шамамен €120 млн инвестиция салды. 1 мыңнан астам адам жұмыс орнымен қамтамасыз етілді. Астанада 7 өндірістік база ашылды, оның ішінде жолаушылар және ауыр жүк электровоздарын өндіретін «Электровоз құрастыру зауыты» бар.

Француз компаниясы 450-ден астам жаңа жұмыс орындарын аша отырып, электровозға техникалық қызмет көрсететін төрт орталықтың құрылысын бастады. Жобаның жалпы сомасы €50 млн-ды құрайды, Шу қаласында алғашқы сервистік орталықтың ашылуы 2025 жылға жоспарланған.

Зауыт Қазақстан мен ТМД нарығын бағындырып, өз орнын сәтімен иеленді. Шығыстан батысқа контейнерлік тасымалдың артуына байланысты шығарылатын өнімге сұраныс артты. Бүгінгі таңда өндіріс көлемі бойынша кәсіпорын Қазақстанда теміржол машинасын жасау секторында шамамен 30%-ды алады.

Alstom басшысы Эндрю Делеони Қазақстанның инвестициялық саясатын қолдайтынын мәлімдеп, елімізде бизнес үшін жасалып жатқан жағдайлар өндірістік қуатты кеңейтуге ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ Қазақстанда индустриялық және көліктік-логистикалық әлеуетін дамытуға бағытталған ынтымақтастықты кеңейту келешегіне назар аударылды, оның ішінде ҚТЖ-мен әріптестік мәселелері талқыланды.

Wabtec америкалық компаниясының президенті Рафаэль Сантанамен кездесу барысында теміржол саласына «жасыл» технологияларды енгізу мәселелері қаралды. Компания Қазақстанның ұзақмерзімді инвестициялық серіктесі саналады әрі елімізде локомотивтер өндірісін локализациялауды дамытуда.

«Локомотив құрастыру зауыты» – Орталық Азиядағы теміржол көлігі машинасын жасау саласындағы көшбасшы. Зауыт ішкі нарықтың қажеттіліктерін қамтамасыз етіп қана қоймай, Әзербайжан, Тәжікстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Моңғолия және басқа да елдерге экспортталатын жүк, жолаушылар және маневрлік локомотивтер шығарады. Зауытта 800-ден астам жұмыс орны ашылды. Қызметкерлер АҚШ-та өндірістен қол үзбей оқытылады, содан кейін аймақтық және жаһандық жобаларға қатысады. Биылғы маусым айында Астанада жаңа инженерлік орталық ашылды, онда баламалы энергия көздерінде «жасыл» локомотивтер өндіру жұмысы жүргізілуде. Жалпы, компания 2027 жылдан бастап келесі 10 жыл ішінде баламалы отын түрлерін қолдана отырып, жаңа өнімдерді дамытуға шамамен $200 млн инвестиция салуға ниетті.

Мемлекет басшысы Шетелдік инвесторлар кеңесі отырысында сөйлеген сөзінде Қазақстанның негізгі Еуразиялық транзиттік хаб ретінде елдік позицияларды нығайтуға бағытталғанын атап көрсетті. Біздің елімізде көлік-логистикалық секторды дамытуға, инфрақұрылымды жаңартуға және машина жасауды локализациялауға ерекше назар аударылады. Біз өндірісті локализациялауға бағытталған бизнес бастамаларын жоғары бағалаймыз және осындай компанияларға қолдау көрсетуге дайынбыз. Мұндай жобаларды іске асыру Қазақстанға локомотивтерді өндіру және жаңғырту хабына айналуға және жеткізушілердің жаһандық тізбегіне енуге мүмкіндік береді, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға