Жаңалықтар

Олжас Бектенов Семейдегі апатты ЖЭО жұмыстарын тексерді

Олжас Бектенов Семейдегі апатты ЖЭО жұмыстарын тексерді
Фото: t.me/KZgovernment 26.07.2024 14:33 426

Үкімет басшысы Олжас Бектенов Абай облысына жұмыс сапары барысында Семей қаласындағы апатты ЖЭО жаңғырту барысын бақылап, инженерлік инфрақұрылымның жай-күйін және жылу беру кезеңіне дайындығын тексерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Премьер-министрге энергетика саласын және жалпы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту жоспары мен қазіргі жағдайы туралы баяндалды. Абай облысы «қызыл аймақтағы» өңірлердің қатарына кіреді. Облыс бойынша жылу желілерінің тозу деңгейі 64,2%-ға жетеді. Бүгінгі таңда 28 жоба іске асыру сатысында. 37,9 шақырым желі мен 17 жылу көзін салу, реконструкциялау және жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Энергетика инфрақұрылымын жаңғыртуға 10,9 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Облыс әкімінің орынбасары Димитрий Гариков осы жылдың қорытындысы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде коммуникациялар тозуының 57,7%-ға дейін төмендеуі күтіліп отырғанын айтты.

Олжас Бектенов ЖЭО-1-де жөндеу жұмыстарының нәтижесімен танысты. Атап айтқанда, су жылыту қазандығы мен сорғы тобының төртінші қазандығы жаңғыртылды. 90 жылдық тарихы бар жылу көзі «қызыл аймақтағы» объектілердің тізіміне енгізілген, және қаладағы ең ірісі болып саналады. ЖЭО-1 «Теплокоммунэнерго» МКК құрамына кіреді. Сондай-ақ кәсіпорынға 70 мыңнан астам абонентті жылумен қамтамасыз ететін 76 жылу пункті мен 21 қазандық кіреді. Белсенді тұрғын үй құрылысын және қолданыстағы жылу желілерінің жоғары тозу деңгейін ескере отырып, жылу және электр қуатының тапшылығы байқалады.

Қазіргі таңда Семей қаласының сол және оң жағалаулары автономды түрде жылумен жабдықталған. ЖЭО-1 сол жағалау тұрғындарын жылумен қамтамасыз етеді, оң жағалауда бұл функцияны 21 қазандық атқарады.

Үкімет басшысы ЖЭО-3 және оның магистральдық желілерін салу жобасының іске асырыла бастағанын еске салды. Жобаны 2030 жылға дейін 3 кезеңде іске қосу жоспарланған. Бүгінгі таңда техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде. ЖЭО-3 пайдалануға берілгеннен кейін қазандықтар сорғы-сүзгі стансалары режимінде жұмыс істейтін болады, яғни жылу энергиясын тікелей үйлерге жеткізеді. Сонымен қатар бүгінгі таңда оң жағалауда сағатына 146,99 Гкал құрайтын тапшылық мәселесі шешілмек.

Биыл 44 көппәтерлі тұрғын үйді, 1200 орынға арналған мектепті және нефрологиялық орталықты пайдалануға беру жоспарланып отырған Қарағайлы ауданының қарқынды құрылысын ескере отырып, премьер-министрге қуаты сағатына 21,5 Гкал құрайтын блокты-модульді қазандық салу жобасы таныстырылды. Құны шамамен 5,9 млрд теңге болатын энергетика объектісін салу жұмыстары құрылыс салушының қаражаты есебінен басталды.

Абай облысында, оның ішінде Семей қаласында жылумен жабдықтау мәселесі өте күрделі екені белгілі. Инженерлік желілердің тозуы мен жергілікті ЖЭО жағдайы бойынша өңір «қызыл аймаққа» жатады. Осы жылдың соңына дейін жылу көздерін сапалы жаңғырту жұмыстарын жүргізу – мемлекет басшысының тапсырмасы. Бұл мәселе Үкіметтің ерекше бақылауында, — деді Олжас Бектенов.

Жылу желілерін жаңғырту, апаттық жағдайлардың алдын алу, тозуды азайту және инфрақұрылымның эксплуатациялық сапасын арттыру бойынша бірқатар тапсырма берілді. Энергетика, Қаржы министрлігіне ЖЭО-3 магистральдық желілері құрылысын қаржыландыру тетігін пысықтау тапсырылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға