Олжас Бектенов Мәскеуде өткен ЕҮАК отырысына қатысты
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Мәскеу қаласында өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысында ЕАЭО-ға қатысушы елдердің үкіметтері басшыларымен өзара іс-қимылдың негізгі аспектілерін талқылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Сауда қатынастарын нығайту, Одақтың транзиттік-көліктік әлеуетін күшейту, өнеркәсіп кооперациясын дамыту, агроөнеркәсіп кешені саласындағы ынтымақтастықты арттыру және экономикалық үдерістерді цифрландыру мәселелері қаралды.
Отырысқа ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің үкіметтері басшылары: Армения Республикасы – Никол Пашинян, Беларусь Республикасы – Роман Головченко, Қырғыз Республикасы – Ақылбек Жапаров, Ресей Федерациясы – Михаил Мишустин, сондай-ақ бақылаушы мемлекеттер: Өзбекстан Республикасы – Абдулла Арипов пен Куба Республикасы – Мануэль Марреро қатысты.
Премьер-министрі Олжас Бектенов өз сөзінде ЕАЭО-ның көлік-логистикалық негізі мен байланысын нығайтуға әрі дамытуға ерекше назар аударды.
«Мамырдағы саммитте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистикалық инфрақұрылымды жаңғырту және кеңейту қажеттігін ерекше атап өтті. "Солтүстік – Оңтүстік" дәлізінің өткізу қабілетін жылына 10 млн тоннадан 20 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр. Теміржол саласын дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы шеңберінде түйісу пункттері дамитын және теміржол желілерінің құрылысы жүзеге асырылады. Осылайша, біз транзиттік тасымал көлемін 28 млн тоннадан 45 млн тоннаға дейін ұлғайтуды, 5 мың шақырымға жуық жаңа және екінші темір жолдар төсеуді көздеп отырмыз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сауда қатынастарын дамыту мәселесінде алға қойылған мақсаттарға сәйкес, ЕАЭО-ның экономикалық әлеуетін ашу жөніндегі жұмысты жалғастыру маңызды. Интеграциялық бірлестік үшін байланыстырушы буын саналатын сауда үшін қолайлы жағдай жасаудың және ЕАЭО-ның ішкі нарығындағы жүйелік кедергілерді жоюдың маңыздылығы атап өтілді.
Өнеркәсіп кооперациясын нығайту үшін бірлескен жобаларға қаржылай көмек көрсету тетігі қолданылады. Олжас Бектенов Одақтың басым міндеті – бизнесті қолдау құралдары мен қолда бар мүмкіндіктері туралы ақпараттандыру бойынша жұмысты күшейту болуы тиіс екеніне тоқталды. Бүгінгі таңда кооперация үшін перспективалы бағыттар – жоғары технологиялық дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар өндіру болуы мүмкін. Өнімдердің осы түрлерін шығаруды арттыру үшінші елдерден мұндай тауарлар импортын азайтуға ықпал етеді.