Жаңалықтар

Олжас Бектенов Маңғыстау облысында кеңес өткізді

Олжас Бектенов Маңғыстау облысында кеңес өткізді
Фото: primeminister.kz 06.12.2024 19:00 407

Премьер-министр Олжас Бектенов Маңғыстау облысын дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді. Басты міндет – Президент Жолдауында айтылған өңірлердегі халықтың әл-ауқатын арттыру және стратегиялық мәселелерді шешу арқылы орнықты әлеуметтік-экономикалық прогресті қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын орындау, деп хабарлайды primeminister.kz-ке сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Жиында Маңғыстау облысы әкімінің, салалық министрліктер басшыларының баяндамалары тыңдалды. Бұдан өзге көлік және логистика, отын-энергетика кешені, коммуналдық инфрақұрылым, туристік кластерді қосқанда, облыс экономикасының негізгі салаларын дамыту жөніндегі шаралар талқыланды.

Премьер-министрге Маңғыстау облысының 2021-2023 жылдар аралығындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары өңірлік өнімнің 50%-ға – 4,5 трлн теңгеге дейін өсуін қамтамасыз еткені баяндалды. 2025 жылға дейінгі кезеңде 1,8 трлн теңге сомасына 259 іс-шараны іске асыру көзделген.

Маңғыстау облысының еліміздегі көлік-логистика саласы үшін стратегиялық маңызын ескере отырып, республикалық маңызы бар ұзындығы 680 шақырымды құрайтын автожолдар учаскелерін жоспарлы реконструкциялауды қосқанда, Ақтау порты базасында контейнерлік хаб салу және басқа да инфрақұрылымды дамыту мәселелері қаралды. Теңіз портын, әуе және теміржол инфрақұрылымын кеңейту, түрлі қызмет көрсету және олардың сапасын арттыру басымдыққа ие болуы тиіс.

Көлік министрі Марат Қарабаев биыл 10 айда ТХКБ дәлізі бойынша тасымалдау көлемі 68%-ға, ал контейнерлік тасымалдау 2,7 есеге артқанын баяндады. Теміржол көлігімен 2,3 млн тонна, теңіз жолымен — 6,3 млн тонна жүк тасымалданды, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 3%-ға артық.

Премьер-министр Маңғыстау облысында авиациялық хабты дамыту қажеттігіне тоқталды. Көлік министрлігіне Энергетика министрлігімен және «ҚазМұнайГазбен» бірлесіп өңірге авиаотынды тікелей жеткізу, сондай-ақ шетелдік авиакомпанияларды тарта отырып, жаңа бағыттар бойынша субсидияланатын ішкі авиарейстерді ұлғайту мәселелерін пысықтау тапсырылды. Сонымен қатар Маңғыстау облысына басқа өңірлерден жолаушылар маршруттарын көбейту үшін теміржол инфрақұрылымын дамыту маңызды.

Олжас Бектенов «Ақтау теңіз порты» еркін экономикалық аймағын кеңейту үшін әлеуетті инвесторларды тарту жөніндегі жұмысты күшейтудің маңызына назар аударды. Бұл ретте жобаларды іске асыру барысында облыс тұрғындары үшін тұрақты жұмыс орындарын ашу маңызды. Осы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша 525 жұмыс орнын ашқан 14 жоба іске қосылды.

Бүгінгі таңда өңірдің өңдеу өнеркәсібінде 17,2 мың адам жұмыс істейді. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев салада тұрақты жұмыс орындарын ашу мақсатында инвесторларды іздеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Қазіргі уақытта 3,9 мың жұмыс орнын ашатын 1,5 трлн теңге сомасына 19 перспективалық жоба пысықталуда. 

Энергетика саласында жауапты министрліктің алдына «қызыл тәуекел аймағындағы» 19 энергия көзінің, жылу және электр магистралды және орамішілік желілердің тізбесіне кіретін МАЭК-ті жаңғырту бойынша міндеттер қойылды. Бұған дейін МАЭК-тің тұрақты жұмысы үшін республикалық бюджеттен 5 млрд теңге бөлінген еді.

Жиында жылу және сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешу қажеттігі атап өтілді.

Өңірде жылумен жабдықтаудың ішкі кварталдық желілерінің жоғары деңгейде тозуы – үлкен мәселе. Жылыту маусымы басталғаннан бері 225 екпін тіркелді. Ақтау қаласының сумен жабдықтау желілерінің тозу деңгейі 82% құрайды. Біз қала тұрғындарының су тапшылығына шағымданатынын білеміз. Бұл мәселелерді бірінші кезекте облыс әкімдігі шешуі керек. Үкімет тарапынан қолдау көрсетіліп келеді, — деп атап өтті Олжас Бектенов. 

Жиында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне әкімдікке көмек көрсету тапсырылды. Сондай-ақ Президенттің туризмді, оның ішінде «Кендірлі» курорттық аймағын дамыту бойынша қойған міндетін іске асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар барысы қаралды.

Айта кетсек, Маңғыстау облысын жағажай туризмінің халықаралық орталығы ретінде ұзақмерзімді дамытуға бағытталған кешенді жоспар шеңберінде 2030 жылға дейін жеке инвестициялар тарта отырып, жалпы сомасы 165,1 млрд теңгені құрайтын 64 іс-шара жоспарланған. Басым жобалар қатарында «Жылы жағажай» және «Кендірлі» курорттық аймақтарын құру. Аталған шаралар туристер санын 1,3 млн адамға дейін арттыруға және өңірдің қонақ үй инфрақұрылымын кеңейтуге мүмкіндік береді. Туризм және спорт министрлігіне облыстағы туризмді дамытудың мастер-жоспарын әзірлеуде әкімдікке барынша жәрдем көрсету тапсырылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға