Жаңалықтар

Олжас Бектенов кәсіпорындарды аралап, өндірісті локализациялауды тереңдетуді тапсырды

Олжас Бектенов кәсіпорындарды аралап, өндірісті локализациялауды тереңдетуді тапсырды
Фото: primeminister.kz 11.07.2024 13:11 622

Премьер-министр Олжас Бектенов Алматыға жұмыс сапары аясында индустриялық аймақ аумағындағы бірқатар кәсіпорынға барып, ол жердегі инвестиция тарту және өндірісті локализациялау қарқынымен танысты. Мұнда жасалған жағдай бизнестің жұмысын жеңілдетуге бағытталған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Үкімет басшысы «Ирригатор Қазақстан» зауытында өнімділікті көбейтіп, су үнемдеуді арттыру мақсатында ауыл шаруашылығы дақылдарын тамшылатып суаруға арналған, Израиль технологиясы бойынша жасалатын түтікшелер өндіру процесін қарап шықты. Биыл қаңтар айында іске қосылған кәсіпорын жылына бау-бақша, жидек, көкөніс және дәнді дақылдарды суаруға арналған 270 млн метр өнім шығаруға қабілетті. Компания директоры Мұрат Ақшалов жобаға израильдік METZERPLAS компаниясынан 770 млн-нан астам шетелдік инвестиция тартылғанын, бұл жобаның жалпы сомасының үштен бірін құрайтынын айтты.

Олжас Бектенов жобаның су үнемдеуге бағытталғанын ескере отырып, оның маңызын атап өтіп, мемлекеттік органдарға кәсіпорынды толық қуатына шығару мәселесін пысықтауды, сондай-ақ ауыл шаруашылығы кәсіпорындарымен өнімді сату жөнінде өзара іс-қимыл жасауға жәрдемдесуді тапсырды. Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда тамшылатып суару нарығы 70 мың га құрайды.

Олжас Бектенов Hyundai Trans Kazakhstan кәсіпорнына барған кезде локализациялауды тереңдету және өндірістің неғұрлым күрделі технологиялық процесіне көшу жоспарымен танысты. Премьер-Министрге зауыт алаңын 40 мың шаршы метрге, жұмыс орындарының санын 1700-ге дейін ұлғайта отырып, кәсіпорынды кеңейту және жаңғырту жұмысы жөнінде баяндалды. Құны 16,4 млрд теңге болатын зауытты кеңейту жобасы толығымен инвестор есебінен іске асырылған. Сонымен қатар кәсіпорын шағын торапты өндіріс қуатын ұлғайту және жаңа модельдерді дәнекерлеу, бояу үшін өндірістің толық цикліне көшу мақсатында дәнекерлеу, бояу және құрастыру цехтарын жаңғыртуға инвестиция салады.

Сондай-ақ Astana Motors компаниясының негізін қалаған Нұрлан Смағұлов жұмыс істеп тұрған Hyundai Trans Kazakhstan зауытынан басқа жылына 90 мың жеңіл автомобиль шығара алатын мультибренд зауыты (2025 жылы іске қосу жоспарланған), автокөлікке арналған қосалқы бөлшектер шығаратын үш зауыт және логистикалық хаб кіретін өндірістік кластерді дамыту жоспарлары туралы хабарлады. Жұмыс орнының жалпы саны 6 мың адамнан асады.

Премьер-министр Үкімет отандық автоөнеркәсіпті қолдау шараларын одан әрі жалғастыратынын баса айтты. Өз кезегінде бизнес ұдайы дамып, локализацияны арттыруы керек. 

Келесі нысанда Премьер-Министрге ауданы 100 мың шаршы метрден асатын Wildberries жаңа логистикалық тарату орталығының құрылысы туралы баяндалды. Бұл біздің елімізде жүзеге асырылып жатқан осындай екі жобаның бірі: екінші орталық Астанада салынады. Қазіргі кезеңде жобаға 12,9 млрд теңге инвестиция құйылған. Құрылыс жұмыстарын 2025 жылдың ІІ тоқсанында аяқтау жоспарланған. 4 мың жұмыс орнын құру көзделген. Алматыда логистикалық тарату орталығын іске қосу кәсіпкерлердің логистикаға шығындарын қысқартуға, тауар ассортиментін кеңейтуге және сатуды ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл Wildberries-дің Ресей Федерациясынан тыс жердегі осындай алғашқы жобасы.

Бұған қоса, жұмыс сапары барысында Үкімет басшысы шағын кәсіпкерлік субъектілерін қолдау мақсатында арнайы жұмыс істейтін Алматы қаласының шағын өнеркәсіп парктері бағдарламасының іске асырылуымен танысты. Олжас Бектенов «ALAESTATE» ЖШС-де болды. Коммуникацияның барлық түрімен қамтамасыз етілген бұл өндірістік ғимараттар кейіннен сатып алу мүмкіндігімен жеңілдікті шартпен жалға берілген. Мысалы, Qulpynai кондитерлік компаниясы бастапқыда 2016 жылы 150 шаршы метр алаңды жалдаған, бүгінде жалпы ауданы 2 880 шаршы метр болатын 3-ші цехты іске қосты. Жеңілдігі бар жалдау құны компанияға 500-ден астам адам жұмыс істейтін 3 цех пен 17 дүкенге дейін ашып, өсуге мүмкіндік берді. Барлық цехтың өндірістік қуаты жылына 900 тоннадан астам дайын өнімді құрайды. Алматыдағы барлық 11 шағын өнеркәсіп паркінде 76 резидент жұмыс істейді. 3,6 млрд теңге жеке инвестиция салынып, 914 жұмыс орны құрылған. 2026 жылға дейін қосымша 26 жоба іске асырылады. Бүгінгі таңда 250-ден астам ШОБ субъектісі өнеркәсіптік парктердің резиденті болуға ниет білдірді.

Үкімет басшысы экономиканың басым секторларында жобаларды іске асыратын бизнесті қолдаудағы әкімдіктің нақты жұмысының маңыздылығын атап өтті.

Президент өзінің Жолдауында Үкіметке шағын кәсіпкерлік субъектілерін ірілендіруді ынталандыру туралы тапсырма берді. Алматы мен жалпы ел экономикасы үшін бизнесті қолдау әрі іскерлік белсенділікті ынталандыру құралдарын жетілдіру маңызды. Индустриалды аймақтар, әсіресе шағын өнеркәсіптік парктер тиімді механизмге айналды. Мұнда кәсіпкерлер өндірісті өрістете отырып, үнемделген қаражатты айналымға жібере алады. Жұмысты жалғастырып, тәжірибені басқа өңірлерге тарату қажет, - деп атап өтті Олжас Бектенов.
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға