Жаңалықтар

Олжас Бектенов: Интернеттің қолжетімсіз болуына қатысты мыңдаған шағым келіп түседі

Олжас Бектенов: Интернеттің қолжетімсіз болуына қатысты мыңдаған шағым келіп түседі
Фото: t.me/KZgovernment 19.03.2024 11:05 1413

Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов ауыл тұрғындарының тұрмыстық ахуалына назар аударып, тұрмыс сапасын жақсарту бойынша міндеттер қойылып отырғанын атап өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әр ауыл тұрғыны тұрмыстық ахуалдың жақсарғанын қалайды. Ол үшін біз қала мен ауылдың тұрмыс деңгейіндегі алшақтықты біртіндеп қысқартып келеміз. Мұндағы негізгі фактор – қолжетімді қызметтер, яғни сапалы жол, медицина мен білім беру сияқты ауыл халқының жайлы тұрмысына қажетті игіліктердің болуы. Қазіргі уақытта Өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкес, әкімдіктерге ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту бойынша міндеттер қойылып отыр, – деді Бектенов.

Сонымен қатар Үкімет басшысы ауыз су мен жолдардың сапасына, электр қуаты мен ұялы байланыстың жағдайына және интернеттің қолжетімсіз болуына қатысты мыңдаған шағым келіп түсетінін айтты.

Мұның барлығы ауыл тұрғындарының жаппай көшіп кетуіне себепші болады. Сондықтан әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын, әсіресе шекара маңындағы аумақтардың инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын күшейту керек, – деді премьер-министр.

Үкімет басшысы ауылдық аумақтарды дамыту тұжырымдамасының іс-шараларынан туындайтын барлық мәселе жергілікті жерлерде жедел әрі тұрғындардың пікірін ескере отырып шешілуі тиіс екенін тапсырды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға