Жаңалықтар

Олжас Бектенов ақмолалық шаруалармен жыл бойы жұмыспен қамту мәселелерін талқылады

Олжас Бектенов ақмолалық шаруалармен жыл бойы жұмыспен қамту мәселелерін талқылады
Фото: t.me/KZgovernment 06.09.2024 19:00 402

Премьер-министр Олжас Бектенов Ақмола облысының  шаруаларымен жыл бойы жұмыспен қамту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Үкімет басшысы өңір мен еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған «Ен-Дала» ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорнының қызметімен танысты. Серіктестік ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірумен және сүт өндірумен айналысып, халықты жыл бойы жұмыспен қамтуда. Тауарлы сүт фермасы АӨК жобаларына несие беру бағдарламасы шеңберінде мемлекеттің қаржылық қолдауымен құрылған.

Әлеуметтік жауапкершілік аясында «Ен-Дала» ЖШС бүгінде жұмысшыларға тұрғын үй салып жатыр, бұған дейін балабақша тұрғызған болатын. Әлеуметтік салаға және ауылды абаттандыруға көңіл бөлінуде.

Премьер-министр ауыл тұрғындарының тұрмысын түзеу мақсатында мұндай шаруашылықтар тәжірибесін тарату мен кеңейтудің маңызды екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында ауылдарды көркейту және ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту шараларын жандандыруды тапсырды. Бұл міндетті, ең алдымен, мал шаруашылығын қарқынды дамыту арқылы шешуге болады, өйткені АӨК-тің бұл секторы маусымдық ауыл шаруашылығы жұмыстарына қарағанда жыл бойы жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Ауылдарды көркейтуге үлес қосып жатқан шаруа қожалықтарына жан-жақты қолдау көрсетеміз. Мұндай кәсіпкерлердің көп болғаны жақсы, сонда тек азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етіліп қана қоймай, ауылдағы тұрмыс сапасы да жақсарады, — деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар ірі қалалардағы сияқты ауылдарда әлеуметтік инфрақұрылымның белсенді дамуын ескере отырып, елді мекендерді сенімді электр энергиясы көздерімен қамтамасыз ету мәселелері туындайды. Ауыл тұрғындары Премьер-министрмен кездесуде осы тақырыпты талқылады. Онда Қазақстанда АЭС салу мәселесі де айтылды. Олжас Бектенов тұрғындардың сауалдарына жауап беріп, атом энергетикасын дамыту экономиканың өсуіне ғана емес, тарифтер тұрақтылығына да әсер ететінін баса айтты. Атом электр стасасында өндірілетін электр энергиясының құны отынның тұрақты бағасы мен энергия сыйымдылығына, сондай-ақ стансаның ұзақ қызмет ету мерзіміне байланысты басқа энергия көздерімен салыстырғанда жоғары болмайды.

Үкімет Президенттің ауылдық жерлерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмаларын толық әрі сапалы орындауды өз міндеті деп санайды. Жаңа өнеркәсіптік өсу нүктелерін құру үшін біз тұрақты энергиямен қамтамасыз етуді қоса алғанда, барлық мәселелерді шешуіміз керек. Инфрақұрылым ауылдардың экономикалық әлеуетін кеңейтетінін ескерсек, атом энергетикасы сияқты қосымша генераторларды құру өңірлердің одан әрі дамуына қуатты серпін болмақ. Елімізде халық саны артып, өнеркәсіп дамуда, жаңа кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандар ашылып жатыр. Энергетика жүйесі үшін тұрақтылық пен тәулік бойы жұмыс істеу маңызды, мұны тек атом электр стансасы ғана қамтамасыз ете алады, — деп атап өтті Үкімет басшысы.

Талқылау қорытындысы бойынша шаруалар Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында айтылған бастамаларына қолдау білдіріп, жыл бойына халықты жұмыспен қамту шараларының алғашқы оң нәтижелерін атап өтті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға