Жаңалықтар

Олжас Бектенов АДБ басшысы және Орталық Азия басшыларымен кездесті

Олжас Бектенов АДБ басшысы және Орталық Азия басшыларымен кездесті
Фото: Үкімет 08.11.2024 16:11 443

Олжас Бектенов АДБ басшысы және ОАӨЭЫ елдері өкілдерімен инвестициялық ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов Қазақстанның төрағалығымен Астанада өткен Орталық Азия өңірлік экономикалық ынтымақтастық (ОАӨЭЫ) бағдарламасының 23-ші министрлік конференциясына қатысты. Мақсат – Орталық Азия өңірінің интеграцияланған және орнықты дамуын қалыптастыруда Бағдарламаға қатысушы елдер мен халықаралық қаржы институттары арасындағы өзара іс-қимылды кеңейту. ОАӨЭЫ бағдарламасы – Азия даму банкінің бастамасы, жетекші халықаралық қаржы ұйымдарымен серіктестікте жүзеге асырылады. Конференцияға Азия даму банкінің президенті Масацугу Асакава, ОАӨЭЫ институтының директоры Кабир Джуразода, Еуропалық комиссияның Таяу Шығыс, Азия және Тынық мұхиты бойынша директоры Петерис Устубс, Халықаралық валюта қорының, Дүниежүзілік банктің, Ислам даму банкінің және басқа да қаржы ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ Оңтүстік Корея, Жапония, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Грузия, Моңғолия, Пәкістан, Тәжікстан, Түрікменстан үкіметтік делегациялары қатысты.

Мемлекеттердің экономикалық және қаржылық тұрақтылық, инфрақұрылымды дамыту, сауда, энергетика, су ресурстары, декарбонизация және басқа да салалардағы өзара іс-қимылы талқыланды.

Премьер-министр Олжас Бектенов Бағдарламаның Орталық Азия өңірі үшін өзектілігін атап өтті. 20 жылдан астам уақыт ішінде өңірге шамамен $51 млрд инвестиция салынса, оның $9 млрд-тан астамы Қазақстандағы жобаларға бағытталған.

Біз ортақ мақсаттарға жету үшін халықаралық қаржы ұйымдарымен және ОАӨЭЫ-ға қатысушы елдермен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуді жалғастырамыз. Біз терең өңдеуге және қайта өңделген өнім үлесін арттыруға, экспорт құрылымын белсенді түрде өзгертуге және оның көлемін ұлғайтуға баса назар аудара отырып, АӨК-ті дамытуға бағытталғанбыз. Сондай-ақ біз Орталық Азия мемлекеттерінің көлік қатынасы мен энергетикалық тұрақтылығын қамтамасыз ететін ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға мүдделіміз. Өңір елдері мен халықаралық қаржы ұйымдарын бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін күш біріктіруге шақырамын, — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Өз кезегінде Азия даму банкінің президенті Масацугу Асакава ОАӨЭЫ басым бағыттары қатарында климаттың өзгеруіне қарсы күресте шешуші іс-қимылдар қабылдау, ерте ескерту жүйелерімен тұрақты инфрақұрылым құру, сондай-ақ цифрлық трансформацияны дамыту және инновациялар енгізу тұрғанын баса айтты.  Конференцияға қатысушылар адами капиталды дамытуға және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бастамаларға назар аударылды.

 Қорытындысы бойынша ОАӨЭЫ Климат және орнықты даму жобаларын дайындау қоры туралы келісімге қол қойылды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға