Олимпиада, мундиаль, камбэк: 2026 жыл Қазақстан спорты үшін қандай болмақ?
2026 жыл – Қазақстан спорты үшін шешуші кезеңдердің бірі болмақ. Қысқы Олимпиада мен Паралимпиада ойындары, Азия ойындары мен болашақ форматтағы халықаралық турнирлер – отандық спорттың беделі мен әлеуетін таразылайтын ірі сын. Одан қалды футбол жанкүйерлерін әлем чемпионаты, Чемпиондар лигасы секілді айтулы аламандар күтіп тұр.
Бүгін біз Қазақстан құрамасының нақты мүмкіндіктері, бұрынғы сәтсіздіктердің сабағы және спорт саласындағы жүйелі мәселелерге тоқталамыз.
Қысқы Олимпиада – үміт пен күмән
Жылдың алғашқы әрі басты сыны деп Италияда жалауы желбірейтін қысқы Олимпиада ойындарын айтуға болады. Төртжылдықтың бас додасы 6-22 ақпан аралығында Миланда өтеді. Ашылу салтанаты аңызға айналған «Сан-Сиро» стадионында ұйымдастырылады. Әлем назарын өзіне аударатын аламанда Қазақстан атынан шамамен 35 спортшы 10 спорт түрі бойынша сынға түседі деген жоспар бар.
Ресми болжамдарда «кемінде бір медаль» деген сақ формулировка қолданылып отыр. Бұл, бір жағынан, реализм, екінші жағынан, отандық қысқы спорттың бүгінгі деңгейін ашық мойындау. Себебі соңғы үш Олимпиадада (Сочи, Пхёнчхан, Бейжің) Қазақстан небәрі екі қола иеленіп, ал Бейжің-2022-де мүлде жүлдесіз қалды.
Министр Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, үміт артылатын спортшылар бар. Атап айтқанда:
- Анастасия Городко (фристайл-могул, әлем чемпионы),
- Михаил Шайдоров пен Софья Самоделкина (мәнерлеп сырғанау),
- Денис Никиша (шорт-трек, әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері),
- Евгений Кошкин (конькимен жүгіру, Әлем кубогы кезеңдерінің жеңімпазы),
- Шерзод Хаширбаев пен Роман Иванов (фристайл-акробатика).
Алайда спортта кез келген жетістік тұрақты деп айта алмайсың. Естеріңізде болса, Бейжіңде фаворит саналған Юлия Галышева, Надежда Морозова, Денис Никишаның үшеуі де жүлдесіз қайтты. Енді Италия төрінде тым құрығанда сол бір қоланы иеленсек деп тілейміз.
Паралимпиада: нақты үміт бар жалғыз бағыт
6-13 наурызда өтетін Қысқы Паралимпиадада Қазақстан пара биатлон мен пара шаңғы спортынан кемінде 9 атлетпен бақ сынайды. Мұнда жағдай әлдеқайда тұрақты.
Команда сапында:
- Ербол Хамитов – әлем чемпионы, Үлкен хрусталь глобус иегері,
- Александр Герлиц – Паралимпиаданың қола жүлдегері,
- Александр Колядин – Паралимпиада чемпионы.
Соңғы жылдары параспортта жүйелі жұмыс пен нәтижелі менеджмент бар екені байқалады. Биыл да сол қарқыннан таймасақ екен.
Футболдан әлем чемпионаты
2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексика секілді үш елде қатар өтеді. Тарихта алғаш рет 48 құрама қатысады. Ал көрші Өзбекстанның тұңғыш рет жолдама алуы – Орталық Азия футболы үшін тарихи жетістік.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Ал Қазақстан үшін бұл чемпионат – көрермен мәртебесіндегі кезекті мундиаль. Құрамамыз әлемдік футбол картасынан әлі де тыс қалып отыр. Бұл – инфрақұрылымнан бұрын балалар футболы мен менеджменттегі жүйесіздіктің салдары.
Дегенмен 26 қаңтарда Әлем кубогының Алматыға әкелінуі – символикалық оқиға. Бұл – жанкүйерлер үшін эмоция, туризм үшін имидж. Бірақ мұндай акциялар нақты нәтиженің орнын алмастыра алмайды.
Чемпиондар лигасы және «Қайрат»
30 мамырда Будапештте өтетін Чемпиондар лигасының финалы – клубтық футболдың шыңы. Әрине, ЧЛ жылда өтетін аламан. Бірақ осы маусымның қазақ жанкүйерлері үшін орны бөлек. Себебі «Қайрат» былтыр алғаш рет Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығып, тарих жасады.
Алматыға «Реал Мадридтің» келуі, «Интермен» өткен матчтар – отандық футбол тарихындағы ерекше сәттер. Бұл тек спорт емес, туризм, имидж тұрғысынан серпін берді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Алайда Рафаэль Уразбахтин шәкірттерінің еншісінде алты ойында әзірге 1 ұпай ғана. Алда «Брюгге» мен «Арсеналға» қарсы ойындар бар. Топтан шығуға мүмкіндік жоқ, десек те алматылық ұжым қалған екі матчта лайықты ойын көрсетеді деген үміттеміз.
Елдос Сметовтің оралуы
Қазақстан дзюдосының символына айналған Елдос Сметов 2024 жылғы Олимпиададағы тарихи алтыннан кейін татамиден уақытша алыстаған еді. Енді ол 2026 жылы ресми жарыстарға қайта оралмақ. Бұл – жай ғана камбэк емес, тұтас бір дәуірдің жалғасы.
Сметов жарыстарға алтын нашивкалы кимономен шығады. Мұндай мәртебе тек Олимпиада чемпиондарына ғана беріледі. Алайда Олимпиада шыңынан кейін мотивацияны сақтап қалу, жас буынмен бәсекеге төтеп беру – кез келген чемпион үшін ең қиын кезең. Сметовтің сол сынақтан сүрінбей өтуін тілейміз. Себебі әзірге құрамада Елдос секілді тұрақты нәтиже көрсетіп жүрген дзюдошылар жоқ.
Айдос Сұлтанғали атағын қорғайды
2026 жылғы 5-13 қыркүйек аралығында Бахрейнде күрес түрлерінен өтетін әлем чемпионаты Қазақстан үшін айрықша маңызға ие. Грек-рим күресінен әлем чемпионы Айдос Сұлтанғали алғаш рет өз титулын қорғайды.
Соңғы жылдары грек-рим күресі Олимпиада деңгейінде тұрақты нәтиже көрсете алмай келеді. Сондықтан Сұлтанғалидың бұл бәсекесі жеке мансаптан бөлек, мектептің, жүйенің деңгейін көрсететін белес болмақ.
Еркін күресте Ризабек Айтмұханның өнері де ерекше назарда. Ол бұған дейін Олимпиада чемпиондарын жеңген. Бірақ ендігі мақсат – сенсация емес, үлкен турнирлерде жүйелі нәтиже көрсету.
UFC және Ақ үй: шоу мен спорт шекарасы
2026 жылдың ең күтпеген жаңалықтарының бірі – UFC турнирінің Ақ үй аумағында өту мүмкіндігі. АҚШ-тың 250 жылдығына орай жоспарланып отырған бұл кеш – спорттан гөрі геосаяси және медиа-шоуға көбірек ұқсайды.
Ақ үйдің оңтүстік алаңына 5 мың көрермен, ал сыртқы экрандар арқылы 85 мың адам жиналуы мүмкін. Қатысушылардың аты-жөні әзірге белгісіз, билет бағасы да жарияланған жоқ. Бірақ бұл турнир UFC-дің классикалық спорттық форматтан саяси брендке айналғанын айқын көрсетеді.
UFC-дегі қазақстандықтар
2026 жылы UFC-де алты қазақстандық файтер өнер көрсетеді. Олардың ішінде ең жоғары рейтингке ие спортшы – Шавкат Рахмонов. Өз салмағында екінші орында тұрған ол 2025 жылы жарақатына байланысты октагонға шыққан жоқ. 2026 жыл Шавкат үшін чемпиондық тағдыр шешілетін кезең деп үміттенеміз.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Асу Алмабаев 28 ақпанда рейтингтің бесінші сатысындағы Брэндон Мореномен айқасады. Бұл жекпе-жек – титулдық жарысқа жақындаудың нақты мүмкіндігі.
Сонымен қатар Әліби Ыдырыс, Дияр Нұрғожай, Николай Веретенников, Бекзат Алмахан секілді спортшылардың әрқайсысы UFC-де өзін дәлелдеуге тиіс.
Жазғы Азия ойындары: Олимпиада алдындағы сын
2026 жылғы Жазғы Азия ойындары Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтеді. Бағдарламада 41 спорт түрі, оның ішінде брейкинг, киберспорт, ММА бар. Қазақстан 500-ден астам спортшымен 30 спорт түрінен бақ сынамақ.
Қазір Азия ойындарындағы бәсеке кейбір спорт түрлерінде Олимпиада деңгейімен тең. Сондықтан бұл жарыс – жай құрлықтық дода емес, 2028 жылғы Олимпиада алдындағы басты диагностика. Мұнда жүлдеден бұрын дайындық сапасы, резерв деңгейі, бапкерлік мектептің әлеуеті сыналады.
Жасөспірімдер Олимпиадасы
31 қазан – 13 қараша аралығында Сенегалдың Дакар қаласында өтетін Жасөспірімдер Олимпиадасы – Африкада алғаш ұйымдастырылатын Олимпиадалық іс-шара. 25 спорт түрі, 2700-ге жуық жас атлет.
Қазақстан үшін бұл жарыстың маңызы – ертеңгі емес, арғы күннің құрамын көру. Бұл аламан – өзара сабақтастық деңгейін көрсететін жарыс.
«Болашақ ойындары» Астанада: имидж бен есеп
2026 жылы 18 шілде – 1 тамыз аралығында Астанада «Болашақ ойындары» өтеді. 100-ге жуық елден 1500-ден астам спортшы, 13 дисциплина, фиджитал формат.
Естеріңізде болса, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр ақпан айында Татарстан астанасы Қазан қаласында өткен «Болашақ ойындарында» мультиспорттық турнир елімізде ұйымдастырылатынын жариялаған.
Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың сөзінше, елордада 100-ге жуық елден 1,5 мың спортшы бас қосады. Ал жарыстар Qazaqstan, «Барыс Арена», «Сарыарқа» велотрегі мен «Алау» мұз айдынында қатар өтеді. Ал ашылу және жабылу салтанаттарында технологиялық шоулар, 3D-mapping пен әлемдік жұлдыздардың өнерін тамашалауға мүмкіндік туады.
Бұл турнир спорт пен киберспорттың, технология мен шоудың тоғысқан алаңына айналуы тиіс. Мемлекет үшін бұл – имидждік жоба.
2026 жыл – Қазақстан спорты үшін әдемі ұрандар емес, нақты нәтижелер талап етілетін жыл. Олимпиадада бір медальға үміт арту – төмен меже. Футбол аламанын сырттай тамсану – үйреншікті күй. Ал параспорттағы табыстар – жанкештілік пен дұрыс жүйенің нәтижесі.
Ендігі басты сұрақ спорттағы жекелей нәтижелерді тұрақты көрсеткішке айналдыра аламыз ба? 2026 жыл осы сауалға жауап беретін жыл болмақ.

