ҰОК

Олимпиада күнделігі: үшінші күн қорытындысы

10.02.2026 09:36

9 ақпан күні әйелдер арасында 1000 метрге конькимен жүгіруден финал өтті. Ел намысын Елизавета Голубева, Надежда Морозова мен Кристина Силаева қорғады. Одан бөлек, шаңғымен тұғырдан секіру мен қалыпты тұғырдан жарыс бар. Сонымен спортшыларымыздың Олимпиададағы аяқ-алысына шолу жасайық.

фото: Тұрар Қазанғапов (ҰОК)

Илья Мизерных дебют жасады

Иә, Валь-ди-Фьемме кластерінде шаңғымен тұғырдан секіруден орта трамплиндегі іріктеу кезеңі аяқталды. 2024 жылғы жасөспірімдер арасындағы Канвон Олимпиадасының чемпионы Илья Мизерных ересектер арасындағы Олимпиадада дебют жасап, 117 ұпаймен 39-орынға табан тіреді. Ал екінші Олимпиадасына қатысып жатқан Данил Васильев 120.3 ұпаймен 34-орында тұр.

Осы сында 50 спортшы өнер көрсетіп,  үздік нәтиже көрсеткен 30-ы финалға жолдама алды. Өкінішке қарай, бұл тізімге жерлестеріміз кіре алмады. Десе де Васильев пен Мизерных 14 ақпанда үлкен трамплинде тағы да жүлде үшін күресіп көрмек.

Фото: Сали Сабыров (ҰОК)

Морозовада мүмкіндік бар

Ал аруларымыз Миланда конькимен жүгіруден екінші мәрте бақ сынады. Айта кетерлігі, алғаш рет  1000 метр қашықтықта 3 бірдей спортшымыз жүлдеге таласты. Жауапты министрліктің мәліметінше, олардың арасынан ең үздік нәтижені  Надежда Морозова тіркеп, 1:16.00 уақыт нәтижесімен 14-орын алды. Одан кейін Елизавета Голубева 1:16.40 уақытта мәреге жетіп, 19-сатыдан көрінді. Ал Милан Олимпиадасының басталуына санаулы күн қалғанда 1000 метрде бақ сынауға мүмкіндік алған Кристина Силаева 1:17.57 уақыт көрсеткішімен 28-орынға тұрақтады.

Бүгін бұл бағдарламада барлығы 15 жұп жарыс жолына шықты. Енді 12 ақпан күні Надежда Морозова 5000 метр қашықтықта бақ сынайды. Морозова үшін тағы бір мүмкіндіктің бары қуантады. Өйткені 7 ақпан күні Надежда Морозова 3000 метр қашықтықта конькимен жүгіруден мәре сығызын алтыншы болып кесті. Бұл әзірге ұлттық құрамадағы ең жақсы көрсеткіш. Егер Надежданың айы оңынан туса, 1998 жылы Нагано Олимпиадасында қола жүлдегері Людмила Прокашёваның ізін басуға болады.

Сондай-ақ  3000 метр қашықтықта Елизавета Голубева  4:03.300 уақыт көрсеткішімен оныншы орынға тұрақтады.  Голубева журналистерге берген сұхбатында өмірінде алғаш рет жарыстан кейін өзімді кінәламайтынын айтты.

Қашықтық бойы не істеп жатқанымды анық түсініп, бар күшімді дұрыс жұмсадым. Бабым келіп тұрғанын түсіндім.. 3000 метрде нәтижені қалай жақсартуға болатынын дөп басып айту қиын, бәлкім, сәл өзгеше дайындық қажет болар, - деді Голубева.

фото: ҰОК

Ары қарай тарқатсақ, 8 ақпан күні биатлоншылар аралас эстафетаға қатысты. Осы сайыста ел намысын Владислав Киреев, Әсет Дүйсенов, Милана Генёва және Айша Ракишева қорғады. Қазақстан құрамасы жарысты 21-орынмен аяқтады. Олимпиадада Франция құрамасы – алтын, Италия күміс жүлдеге ие болса, қола медаль Германияға бұйырды.

Фото: ҰОК

Сол күні шаңғы жарысынан ерлер арасында скиатлон (10 шақырым + 10 шақырым) бәсекесі өтті. Қазақстан құрамасы сапынан Наиль Башмаков пен Әмірғали Мұратбеков өнер көрсетті. Әмірғали Мұратбеков 45-орынмен мәреге жетсе, Наиль Башмаков 49-нәтижесін тіркеді. Желі қолданушылары Әмірғали Мұратбековтың өнеріне тәнті болып, әлі-ақ жүлделі орыннан көрінетінін жазды. Үржар шыққан таланттың алғашқы Олимпиадасы ойдағыдай өтті. Спорт сарапшылары да Мұратбековтың келешегінен үміт күттірер спортшы екенін айтты.

фото: ҰОК

Ал 7 ақпанда шаңғы жарысы басталып, әйелдер арасында скиатлон сайысы (10 шақырым + 10 шақырым) өтті. Қазақстан құрамасының атынан екі спортшы жарыс жолына шықты. Ксения Шалыгина 53-орынға табан тіресе, Надежда Степашкина 60-орынды иеленді. Олимпиаданың алтын жүлдесін Швеция спортшысы Фрида Карлссон жеңіп алды. Екінші орында да швециялық Эбба Андерссон тұрса, қола жүлде Норвегия өкілі Хейди Венгке бұйырды.

фото: ҰОК

Бүгін кім жарыс жолына шығады?

13:15. Шаңғы жарысы (спринт, еркін стиль (әйелдер) – Надежда Степашкина, Ксенья Шалыгина, Анна Мельник, Дарья Ряжко

13:55. Шаңғы жарысы (спринт, еркін стиль (ерлер) – Әмірғали Мұратбеков, Виталий Пухкало, Наиль Башмаков

14:30. Шорт-трек (500 метр (әйелдер ) – Яна Хан, Ольга Тихонова

15:08. Шорт-трек (1000 м (ерлер) – Денис Никиша