Жаңалықтар

Олимп жолы: Ислам Сәтпаев Париж олимпиадасына қалай дайындалып жатыр

Олимп жолы: Ислам Сәтпаев Париж олимпиадасына қалай дайындалып жатыр
Фото: olympic.kz 01.02.2024 09:10 1224

Төрт жылдықтың басты додасы – Париж Олимпиадасының басталуына санаулы айлар қалды. Яғни, спортшылар үшін ең жауапты және маңызды кезең басталды деуге болады. Өйткені алдағы жарты жылда олар Олимпиадаға жолдама жеңіп алуға тырысып, Париждегі дүбірлі додаға дайындалуы керек, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.

Қазіргі таңда Қазақстан ұлттық құрамасының қоржынында Олимпиаданың 19 жолдамасы бар. Ел спортшыларынан Париждегі дүбірлі додаға ең алғашқы жолдаманың бірін Ислам Сәтпаев жеңіп алды. Былтыр Әзербайжанның бас шаһары – Бакуде өткен нысана көздеуден 53-ші лицензиялық әлем чемпионатында отандасымыз ерлер арасында 10 метрге пневматикалық мылтықтан ату жаттығуында 206,5 ұпаймен 4-орын алып, Олимпиада лицензиясына ие болған еді.

Ислам 1998 жылы 21 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген. Нысана көздеу спортымен 7-сыныптан бері айналысып келеді. Мектеп қабырғасында жүргенде сыныптасы Исламға тир атып көруді ұсынады. Сол кезден бастап оның оқ атуға деген қызығушылығы оянып, бірден нысана көздеу үйірмесіне жазылады. Халықаралық жарыстардың болашақ жүлдегері өзінің алғашқы жаттықтырушысы Валентина Дериглазованың тәлім-тәрбиесімен осы спорттың қыр-сырына қаныға бастайды. Еңбек сіңірген жаттықтырушы 5 жыл бойы Исламды балалар спорт мектебінде жаттықтырып, тәрбиеледі. Кейін Ислам Сәтпаев Мамандандырылған жоғары спорт шеберлігі мектебіне ауысып, күні бүгінге дейін еңбек сіңірген жаттықтырушы Геннадий Насоновтың қол астында жаттығып келеді.

Жерлесіміз 2023 жылғы Әлем кубогінде екі мәрте күміс жүлде жеңіп алса, Қытайдың Ханчжоу қаласында мәресіне жеткен Азия ойындарының қола медальді мойнында жарқыратты.

Исламнан карьерасындағы ең қиын жарысы туралы сұрағанымызда ол:

Спортшыларға жарыс алдындағы физикалық және психологиялық дайындық қатты әсер етеді. Егер оқу-жаттығу жиыны, жарысқа дайындық барысы жүйелі түрде өткізілсе, турнир барысында еш қиындық туындамайды деп ойлаймын. Сондай-ақ эмоциясын да жеңе алады, - деп жауап берді.

Париж Олимпиадасына жолдама жеңіп алғанан кейін ол алғашқы әсерін туған-туыстарымен бөліскен. Олар Исламның өнерін теледидар арқылы тамашалап, лицензия олжалағанын спортшының өзінен бұрын білген.

Қазіргі уақытта Ислам жеке жаттықтырушысымен бірге төртжылдықтың басты додасына қарқынды дайындалып жатыр.

Меніңше, Пьер Кубертеннің «Ең бастысы – жеңіс емес, ойындарға қатысу» деген ұраны ескірді. Олимпиадаға қатысатын кез келген спортшы медаль олжалағасы келеді. Мен де дәл солай ойлаймын. Бірақ Олимпиадада сәтті өнер көрсету үшін спортшы нағыз спорттық бабында болуы керек. Ол үшін дайындықты бір сәтке де тоқтатпай, үнемі шеберлігіңді шыңдап отыруға тиіс, - дейді Ислам Сәтпаев.

Бір айта кетерлігі, Исламның жеке жаттықтырушысы Геннадий Романовичпен ортақ қызығушылығы бар. Жаттығудан қолдары босай қалғанда олар бір мезгіл бой сергітіп, балық аулауға шығады.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға