«Олар асықтыруға тырысады». Заңгер интернет алаяқтардан қорғану тәсілін түсіндірді
«Курьер келе жатыр», «жүлде ұтып алдыңыз», «шотыңыз бұғатталды» деген хабарламалардың бірі сізге де келген шығар? Алаяқтар дәл осылай сенімді сөзбен арбайды да, ақшаны әп-сәтте қолды қылады. Ендеше, интернет алаяқтықтан сақтанудың жолдары қандай? Мұны заңгер Бағдат Амандосұлы түсіндіріп берді.
Елімізде 9 айда 20 мыңнан астам қылмыстық іс тіркелді
Қазақстанда интернет-алаяқтық күрт көбейіп кетті. Бас прокуратура жанындағы құқықтық статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында онлайн алаңда жасалған 20,4 мың қылмыстық іс тіркелген. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 26,3 пайызға жоғары көрсеткіш.
Қазір интернет арқылы жасалатын алаяқтық қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша тіркелетін қылмыстардың негізгі бөлігін құрап отыр. Жалпы алғанда, осы баппен үш тоқсанда 36,1 мың іс қозғалған, жылдық өсім – небәрі 3,6 пайыз. Бірақ оның жартысынан астамы дәл онлайн схемаларға тиесілі.
Еліміздегі ең көп интернет-алаяқтық жағдайлары Астана мен Алматыда, сондай-ақ Қарағанды және Павлодар облыстарында анықталған. Бұл төрт өңірде тіркелген деректер жалпы көлемнің 44,5 пайызына тең – яғни 9,1 мың іс. Ал ең төмен көрсеткіш Ұлытау (207) және Маңғыстау (289) облыстарында байқалды. Сарапшылар мұндай күрт өсім соңғы рет 2021 жылы тіркелгенін еске салады: ол кезде өсім 51 пайыздан асқан еді.
Интернет-алаяқтықты ашу көрсеткіші әлі де төмен. 2025 жылдың тоғыз айында мұндай қылмыстардың тек 42,8 пайызы ғана ашылған. Көп іс бойынша кінәлі табылмайды, себебі қылмыскерлер қашықтан әрекет етіп, өз ізін жылдам жасырады. Бұрын айыпталушы анықталмағандықтан, 70 пайыздан астам іс тоқтатылатын, ал биыл бұл көрсеткіш 53,9 пайызға дейін төмендеген.
Онлайн алаяқтықтың ең танымал түрі – банктің атынан хабарласу. «Шотыңызға бөгде адам қол жеткізді» немесе «ақшаңызды қауіпсіз шотқа ауыстыру керек» деген желеумен азаматтарды алдайтын мұндай қылмыстардың саны биыл 5 мыңға жуықтап, бір жылда 2,2 есеге көбейген.
Екінші орында – жалған онлайн жарнамалар, фейк қызметтер мен сатушылар: 4,4 мың жағдай (өсім – 8,3%).
Үшінші орында – онлайн несиелер арқылы жасалған қылмыстар: 4 мың іс, өсім – 50 пайыздан асады.
Сонымен қатар криптовалюта мен қаржы пирамидаларына қатысты алаяқтық фактілері де азаймай тұр: сәйкесінше 425 және 1,2 мың жағдай тіркелген.
2024 жылы Ұлттық банк жанынан құрылған Антифрод орталығы да біраз нәтижеге қол жеткізген: он ай ішінде 60 мыңнан астам күмәнді операцияны тоқтатып, 2,5 млрд теңге шығынның алдын алған.
Жалпы алғанда, 2025 жылдың тоғыз айында алаяқтық салдарынан келген залал 116,9 млрд теңгеге жеткен. Оның ішінде интернет арқылы жасалған қылмыстардың үлесі – 8,3 млрд теңге. Ал азаматтардың ақшасын қайтару мәселесі күрделі күйінде қалып отыр: биыл шығынның 37 пайызы ғана өндірілген (бұрын бұл көрсеткіш 18-19% еді).
Бұл мәселе Мәжілістегі Үкімет сағатында да көтерілді. Комитет төрайымы Снежанна Имашева алаяқтардың әдісі күн сайын жаңарып, мемлекеттің қарсы шараларынан озып кетіп жатқанын атап өтті. Депутаттар негізгі тәуекелдер ретінде халықтың төмен цифрлық сауаттылығын, дербес деректердің қорғалмауын және банктік жүйелердегі олқылықтарды атады.
Депутат Мұрат Әбенов әсіресе банктердің жауапкершілігін күшейту керегін айтты.
Бір адамға бір сағаттың ішінде бес банк жеті несие берген жағдайды қарадық. Кейін белгілі болды: сол несиелерді рәсімдеген менеджерлер өз карталарына 2 пайыз сыйақы алған, – деді ол.
Онлайн саудада ең көп тараған алаяқтық түрлері
Онлайн сауда дамыған сайын алаяқтар да көбейіп келеді. Заңгер Бағдат Амандосұлының айтуынша, қазір интернетте адамның сенімін пайдаланып ақша алудың сан түрлі тәсілі қалыптасқан.
Қазір онлайн саудада бірнеше негізгі алаяқтық схемасы өте кең тараған. Алаяқтар көбіне адамның сеніміне кіріп, тез шешім қабылдатуға тырысады. Олардың мақсаты – карта деректеріне, ақшасына қол жеткізу. Сондықтан кез келген күмәнді әрекетке бей-жай қарамау керек, – дейді заңгер.
Ең жиі кездесетін тәсіл – жалған сайттар мен фишинг. Алаяқтар Kaspi, OLX, Wildberries немесе банк беттерін, платформаларды айнытпай көшіріп жасап, адамды сол сілтеме арқылы карта нөмірі мен SMS-кодты енгізуге мәжбүрлейді. Кодты енгізген бойда есепшоттағы қаражат жоғалады.
Екінші кең тараған әдіс – OLX-тағы жалған «жеткізу» немесе «курьер» қызметі.
OLX сайында ешқандай «жеткізу» немесе «курьер» қызметі жоқ. Біреу сізге «тауарды курьермен жіберемін» деп сілтеме жіберсе – бұл алаяқтықтың дәл өзі. Мұндай сілтемелер ресми платформаға еш қатысы жоқ, – деп ескертеді Бағдат Амандосұлы.
Үшіншісі – жеке картаға толық алдын ала төлем жасату. Сатушы тауарды көрсетпей-ақ ақшаны аударыңыз дейді, ал ақша түскен соң хабар-ошарсыз жоғалып кетеді.
Төртінші түрі – жалған акциялар мен «сыйлықтар» ұсыну. Kaspi немесе басқа платформа атынан «жүлде ұтып алдыңыз», «сауалнама толтырсаңыз – сыйлық береміз» деген хабарламалар арқылы карта деректерін ұрлау жиілеген.
Бесіншіден, алаяқтар банк немесе төлем жүйесінің қызметкері болып қоңырау шалады. Олар «шотыңыздың деректеріне қол жеткізді», «атыңызға несие рәсімделіп жатыр» деп қорқытып, SMS-кодты талап етеді.
Банк қызметкері ешқашан SMS-код сұрамайды. Кодты сұрау – алаяқтықтың ең айқын белгісі. Мұндай қоңырауға сеніп қалу үлкен қаржылық шығынға әкелуі мүмкін, – дейді заңгер.
Ал алтыншысы – жалған интернет-дүкендер мен әлеуметтік желідегі парақшалар. Бағасы шектен тыс арзан, мекенжайы, заңды деректері көрсетілмеген аккаунттар көбіне ақшаны алып, тауарды жібермей қояды.
Заңгердің айтуынша, аталған әрекеттердің барлығы Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіндегі 190-бап, яғни алаяқтыққа жатады.
Интернет пен ақпараттық жүйені пайдалану қылмысты ауырлататын белгіге жатады. Мұндай істер бойынша жаза да қатаң болуы мүмкін, – дейді Бағдат Амандосұлы.
Платформалардың атын жамылатындар
Бағдат Амандосұлы алаяқты ерте тану үшін бірнеше қарапайым, бірақ өте маңызды белгілерге назар аудару керектігін айтады. Оның сөзінше, алаяқтар көбіне адамды шұғылдық пен сенімге итермелеу арқылы алдайды.
Алаяқты алдын ала танудың негізгі жолы – сілтемеге және сұралған деректерге мұқият қарау. Ресми сервистер ешқашан қолданушыны асықтырып, құпия ақпарат сұрамайды. Егер күмән тудырған бір нәрсені байқасаңыз, асықпай ойланғаныңыз дұрыс, – дейді заңгер.
Ең бірінші белгі – күдікті сілтемелер. Алаяқтар ресми доменді сәл өзгертіп, ұқсас атаулар жасайды: kaspi.kz орнына kasp1.kz, OLX орнына olx-kz.shop секілді. Мұндай сілтемелер көбіне WhatsApp немесе Telegram арқылы жіберіледі, ал платформалардың өз қосымшасының ішінен келмейді.
Екінші белгі – OLX-та «жеткізу» немесе «курьер» қызметін ұсыну. Бұл сервис ресми түрде жоқ. Хабарламада «OLX курьері келеді» десе – бұл алаяқтықтың анық көрінісі. Оған мән бермегеніңіз жөн, – дейді маман.
Үшінші белгі – ресми ұйым ешқашан сұрамайтын ақпаратты талап ету. Банктер мен Kaspi еш уақытта SMS-кодты, CVV нөмірін, интернет-банкинг паролін телефонмен немесе чатта сұрамайды.
Төртінші белгі – қысым жасап, асықтыру. Алаяқтар «қазір айтпасаңыз, шотыңыз бұғатталады», «1 минут ішінде код жіберіңіз» деген сияқты сөздерді жиі айтады.
Бесінші белгі – күмәнді аккаунттар. Ресми ұйымдар көбіне өз қосымшасындағы чатпен немесе қысқа ресми SMS-нөмірлер арқылы байланысады. WhatsApp-тағы «Kaspi менеджері», «Wildberries консультанты» деген аккаунттардың ресми болу ықтималдығы өте төмен.
Заңгер бұл белгілерге назар аударса, көп жағдайда алаяқтықтан алдын ала құтылуға болатынын айтады.
Сатушының шынайылығын тексерудің ең қарапайым жолдары
Заңгер Бағдат Амандосұлының айтуынша, онлайн сатушының шынайылығын алдын ала тексеру маңызды. Бірнеше қарапайым әрекет алаяқтықтан толықтай қорғамаса да, тәуекелді едәуір азайтады.
Онлайн сауда жасағанда сатушы туралы ақпаратты бірнеше минут тексеру керек. Көп адам асығыстықпен шешім қабылдап, тексеруге уақыт бөлмейді. Ал шын мәнінде, қауіпсіздік дәл осы сақтықтан басталады, – дейді маман.
Біріншіден, төлемді тек ресми платформа ішінде жасау. Kaspi Магазин, Wildberries немесе басқа маркетплейстердің ішкі жүйесі арқылы төлем жасалса, даулы жағдай туындаған кезде ақшаны қайтару әлдеқайда жеңіл болады.
Екіншіден, сайттың мекенжайын мұқият тексеру. Браузерде https белгісі, құлыпша таңбасы және нақты kaspi.kz, olx.kz, wildberries.kz немесе wildberries.ru секілді домендері көрсетілуі тиіс.
Үшіншіден, сатушы туралы ақпаратты қарау. Платформадағы жұмыс істеген уақыты, пікірлер, рейтинг, ұсынылған тауар саны – бәрі де маңызды. Жаңа ашылған, пікірсіз, жалғыз тауар жүктеген сатушы әрдайым күдік тудырады.
Төртіншіден, толық алдын ала төлем жасамау. Белгісіз адамның жеке картасына 100% алдын ала ақша аудару өте қауіпті. Егер алдын ала төлем жасау қажет болса, тек ресми төлем сервистерін пайдалану керек.
Бесіншіден, сатушы заңды тұлға болса, оның реквизиттерін тексеру. Компанияның БСН нөмірін eGov немесе басқа мемлекеттік сервистер арқылы тексеруге болады. Тіркелген-тіркелмегенін, жұмыс істеп тұрғанын бір минутта білуге болады, – дейді Бағдат Амандосұлы.
Қандай жеке деректерді ешқашан беруге болмайды?
Заңгердің айтуынша, онлайн алаяқтықтың 90 пайызы адамның өз құпия деректерін білместікпен беруінен болады. Сондықтан қандай жағдайда да ешкіммен бөліспеуге тиіс ақпарат тізімін нақты білу өте маңызды.
Ең басты ереже – қаржылық және жеке аутентификацияға қатысты деректер ешқашан бөтен адамға берілмейді. Бұл ақпаратты сұраған адамның кім екенін, қандай мақсатпен сұрап тұрғанын білсеңіз де, оны айтуға болмайды. Алаяқтар дәл осы деректер арқылы шотқа кіреді, төлем жасайды немесе сіздің атыңызға несие рәсімдей алады, – дейді Бағдат Амандосұлы.
Беруге болмайтын негізгі деректер тізімі:
- банктік картаның толық нөмірі,
- жарамдылық мерзімі,
- CVV/CVC коды,
- банктен немесе Kaspi-ден келген SMS-кодтар,
- бір реттік құпиясөздер,
- интернет-банкинг, Kaspi, Homebank және басқа қосымшалардың логині мен паролі,
- электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) файлы мен кілт сөздері,
- толық ЖСН (егер ол нақты заңды рәсім үшін міндетті түрде қажет болмаса).
Заңгер мұндай деректердің барлығы «дербес деректер» санатына жататынын атап өтеді.
Бұл ақпаратты қорғау – заңмен тікелей реттелетін міндет. Оны жариялау немесе бөгде адамға беру – өз ақшаңыз бен құқықтарыңызды қатерге тігумен тең, – дейді Бағдат Амандосұлы.
Маманның айтуынша, алаяқтар өзін «банк қызметкері», «Kaspi менеджері» немесе «платформа маманы» ретінде таныстырса да, бұл деректерді сұрауға құқығы жоқ.
Алаяқтардан қалай қорғануға болады?
Алаяқ сізбен байланысқа шыққан сәтте қорқып, абдырап қалмауыңыз керек. Ол сізді «қазір», «тез» деп асықтырып, ойлануға мүмкіндік бермеуге тырысады.
Алаяқтар әрдайым қысым жасайды. «Шотыңыз бұғатталады», «қазір несие рәсімделіп жатыр» деп қорқытады. Мұндай сөздер адамды үрейге салып, тез шешім қабылдатуға арналған. Сондықтан ең дұрысы – байланысты үзу, – дейді заңгер.
Күмәнді сілтеме келсе, оған кірмей-ақ қойыңыз. Ештеңе жазып, енгізбеңіз. Хабарламаны өшіріп тастаған дұрыс. Егер қоңырау шалса, телефонды көтермеңіз.
Нағыз банк қызметкері өзіңіз хабарласқанда ғана нақты ақпарат береді. Алаяқтар сізді тек асықтырады, – дейді Бағдат Амандосұлы.
Бейтаныс қосымшаларды орнатуды сұраса, бұл нағыз алаяқтың өзі. Әсіресе AnyDesk, TeamViewer секілді қашықтан басқару бағдарламаларын сұраса, бірден байланысты үзіңіз. Бұл – алаяқтардың жиі қолданатын әдісі.
Егер байқамай бір құпия дерегіңізді беріп қойған болсаңыз, уақытты жоғалтпай дереу банкке хабарласып, картаны немесе шотты бұғаттау қажет.
Мұндай жағдайда әр минут маңызды. Жедел әрекет ету ақшаны сақтап қалуға көмектеседі, – деп атап өтті маман.
Соңында полицияға да міндетті түрде арыз берген дұрыс. Оны құқық қорғау органдары тіркеп, тергеуі тиіс.
Ақшаны аударған соң тауар келмесе не істеу керек?
Ақша аудардыңыз, бірақ тауар келмеді немесе сатушы жоғалып кетті. Онлайн сатып алуда мұндай жағдай жиі кездеседі. Заңгер Бағдат Амандосұлы мұндай кезде тез әрекет ету екенін айтады. Егер бәрін дұрыс орындасаңыз, ақшаны қайтарып алу мүмкіндігі артады.
Осындай жағдайда бірінші кезекте барлық дәлелдерді жинап алу керек. Скриншоттар, төлем түбіртектері, жарнама – бәрі кейін сіздің негізгі құжатыңыз болады. Неғұрлым дәлел көп болса, мәселені шешу де соғұрлым жеңіл, – дейді заңгер.
Алдымен сатушымен сөйлескен барлық хаттар, жарнаманың скрині, төлем түбіртектері, карта немесе шот деректерін сақтап қою керек. Бұл банкке де, полицияға да қажет болады.
Екіншіден, банкке жүгіну қажет. Даулы транзакция бойынша өтініш жазып, төлемді тоқтату немесе қаражатты қайтару мүмкіндігін сұрау керек.
Кей жағдайда банк транзакцияны кері қайтаруға көмектесе алады. Бірақ бұл уақытқа тікелей байланысты, – дейді Бағдат Амандосұлы.
Осыдан кейін сатып алған платформаңызға хабарлаған жөн. Kaspi, OLX, Wildberries қолдау қызметтері сатушыны бұғаттап, жағдайды тексеріп, басқа пайдаланушыларды қорғау шараларын қолдана алады.
Сонымен қатар полицияға арыз беру қажет. 102 нөміріне қоңырау шалып, бөлімшеге баруға немесе Qamqor, eGov Mobile арқылы онлайн арыз қалдыруға болады. Бұл істің ресми түрде тіркелуіне көмектеседі.
Егер сатушы компания болса, тұтынушылар құқығын қорғау органдарына eOtinish арқылы шағым жолдауға мүмкіндік бар.
Заңгер мұндай жағдайда ең бастысы – әрекетті кешіктірмеу екенін айтады.
Жоғарыда аталған әрекеттерді дер кезінде орындасаңыз, мәселені шешу мүмкіндігі де жоғары болады. Бастысы, уақытыңызды өткізіп алмаңыз, – дейді Бағдат Амандосұлы.
Құқық қорғау органдарына арыз жазу
Заңгер Бағдат Амандосұлының айтуынша, полицияға арыз жазу барысында жағдайды анық, ретімен және түсінікті тілмен баяндау керек.
Арызды қарапайым тілде жаза беруге болады. Ең бастысы – деректер толық әрі дәл болуы керек, – дейді маман.
Алдымен арыздың кімге жолданатынын көрсетесіз. Қай ауданның немесе қаланың полиция бөліміне немесе департаментіне арнап жазып отырғаныңызды белгілеу қажет.
Содан кейін кімнен деген бөлім толтырылады. Мұнда өз атыңыз-жөніңіз, ЖСН, мекенжай, телефон нөмірі және электронды поштаңызды жазасыз.
Келесі кезең – оқиға қалай болғанын сипаттау. Мұнда мүмкіндігінше нақты жазу маңызды. Қай күні, қай платформада сатып алғаныңызды, қандай тауар немесе қызмет үшін ақша аударғаныңызды, сомасын, қай шотқа немесе картаның соңғы 4 санына жібергеніңізді көрсету керек.
Сатушы туралы білетін барлық деректі – телефон нөмірі, парақша атауы, карта иесінің аты-жөні – түгел жазған дұрыс.
Арыздың соңына заңгер кеңес бергендей «аталған әрекеттерде ҚР ҚК-нің 190-бабы бойынша алаяқтық белгілері бар деп санаймын» деген сөйлемді қосуға болады.
Осыдан кейін не талап ететініңізді көрсетесіз. Қылмыстық іс қозғауды, кінәлі адамды анықтап, жауапкершілікке тартуды және келтірілген материалдық шығын көлемін жазу қажет.
Соңында скриншоттар, төлем түбіртектері, жарнама көшірмелері сияқты дәлелдерді тіркеп қойған жөн.
Алаяқ шетелде болса құқықтық процесс қалай жүреді?
Мұндай жағдай көп адамды алаңдатады. «Шетелде отырған адамды қалай табады?» немесе «нөмірі тіркелмеген болса, іс мүлде ашылмай қала ма?» деген сұрақтар жиі туындайды. Заңгердің сөзінше, бұдан үрейленудің қажеті жоқ.
Қылмыс Қазақстан азаматына қарсы жасалса немесе біздің аумақтағы мүддеге зиян келсе – Қазақстанның Қылмыстық кодексі толық қолданылады. Алаяқ шетелден әрекет етті екен деп іс тоқтап қалмайды, – дейді маман.
Полиция мұндай арыздарды міндетті түрде тіркейді. Киберполиция интернеттен іздестіреді. IP-адрес, ақша түскен банктік шоттар, қандай төлем арналары қолданылғаны – бәрі тексеріледі. Қажет болса, шетелдік органдарға сауал жіберіп, халықаралық арналар арқылы ақпарат алмасу мүмкіндігі бар.
Шетелден қылмыскерді табу оңай емес. Кейде процесс ұзаққа созылады, ал кей жағдайда нәтиже бірден көрінбеуі мүмкін. Бірақ бұл арыз берудің қажеті жоқ деген сөз емес, – дейді Бағдат Амандосұлы.
Оның айтуынша, арызсыз қалған жағдайлар статистикада мүлде көрінбей қалады. Ал бұл өз кезегінде алдын алу шараларын жоспарлауды қиындатады.
Арыз беру – тек өз ақшаңызды қорғау емес, осындай қылмыстардың азаюына әсер ететін маңызды қадам. Арызсыз қалған іс – тіркелмеген қылмыс. Ол ертең тағы қайталануы мүмкін, – деп түйіндейді маман.
Ақшаны қайтарып алуға бола ма?
Бағдат Амандосұлы қаражатты қайтарып алуға қатысты мәселені екі жағдайға бөліп қарау керек екенін айтады.
Бірінші жағдай – сатушының нақты тіркелген бизнесі болса, тұтынушының құқығы заңмен қорғалады. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңға сәйкес адам сапалы тауар алуға, шарттың орындалуын талап етуге, сапасыз тауарды қайтаруға немесе ауыстыруға құқылы. Сонымен қатар залалды және моральдық шығынды өндіріп алуға да мүмкіндігі бар, – дейді заңгер.
Әдетте мұндайда алдымен сатушыға ресми талап-хат жіберіледі. Жауап болмаса, сотқа жүгінуге болады. Егер сот тұтынушының талаптарын қолдаса, ақшаны өндіріп алу мүмкіндігі жоғары. Өйткені тіркелген бизнес заң алдында жауап береді, мүлкі, ресми есептері, табысы бар.
Екінші жағдай – сатушының жалған аккаунты болса немесе онлайн-алаяқтық орын алса, процесс басқаша жүреді. Қылмыстық іс қозғалады, ал жәбірленуші осы іс аясында азаматтық талап қояды.
Қылмыскер табылып, іс сотқа жетсе, жәбірленуші ақшасын өндіріп беруді талап ете алады. Бірақ оның мүлкі немесе ресми табысы болмаса, сот шешімін орындау қиын болуы мүмкін, – дейді Бағдат Амандосұлы.
Интернет алаяқтық жасаған адамның жауапкершілігі
Онлайн алаяқтық Қылмыстық кодекстің 190-бабымен, яғни «Алаяқтық» бабымен қаралады. Оның бірінші бөлігінде айыппұл, қоғамдық жұмыстар, түзеу жұмыстары немесе 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы көзделген.
Интернетті пайдаланып біреуді алдау – 190-баптың екінші бөлігіне жатады. Бұл жерде айыппұл да көбірек, сондай-ақ 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін, – дейді заңгер.
Егер алаяқтық ірі мөлшерде, бірнеше рет, бір топ адаммен келісіп, немесе қылмыстық топ құрамында жасалса, жаза бұдан да күшейеді. Мұндайда 7 жылдан 10 жылға дейін түрме, мүлкін тәркілеу, белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым салу сияқты санкциялар қолданылады.
Онлайн алаяқтыққа «онлайн ғана ғой» деп жеңіл қарауға болмайды. Бұл – толыққанды қылмыс, кей жағдайда ауыр категорияға жатады, – дейді Бағдат Амандосұлы.
Интернет алаяқтарға алданбас үшін не істеу керек?
Заңгер Бағдат Амандосұлының айтуынша, ең бастысы сақ жүріп, асықпай ойлану керек.
Біріншіден, төлемді тек ресми қосымша немесе ресми сайт арқылы жасаңыз. Мессенджердегі сілтемеге баспай, платформаға өзіңіз кіріп төлем жасаңыз.
Екіншіден, кез келген сілтемеге басып, кіре бермеңіз. Ашпас бұрын доменін тексеріп, қажет болса сайттың мекенжайын тексеріңіз.
Үшіншіден, онлайн төлемдерге арналған бөлек карта ұстаңыз. Негізгі жалақы немесе жинақ картасын интернетте қолданбаған жөн. Онлайн төлем жасайтын картада көп ақша тұрмауы тиіс.
Төртіншіден, SMS-кодты ешкімге айтпаңыз. Банк те, Kaspi де, ешқандай ресми маман да код сұрамайды. Код сұраса – бұл алаяқтың өзі, – дейді заңгер.
Бесіншіден, нарық бағасынан әлдеқайда арзан тауарға, «жеңіл табысқа», «шотыңызды жалға берсеңіз, ақша табасыз» деген ұсыныстарға сенбеңіз.
Алтыншыдан, ересектер мен балаларды да ақпараттандырып отыру керек. Зейнеткерлер мен жасөспірімдер ең осал топ, сондықтан карта дерегін немесе SMS-кодты ешкімге бермеу керек екенін қарапайым тілмен түсіндірген дұрыс.
Бағдат Амандосұлы алданып қалған тұтынушыларды ұялмауға, бірден әрекетке көшуге шақырды.
Дереу банкке қоңырау шалып, картаны бұғаттаңыз, полицияға арыз беріңіз. Уақыт өткен сайын ақшаңызды қайтару мүмкіндігі азая береді, – дейді ол.

