«OCEANMAN QAZAQSTAN-2025»: Ақтауда халықаралық жүзу жарысы аяқталды
Ақтауда Каспий теңізінің жағалауында өткен «OCEANMAN QAZAQSTAN-2025» халықаралық жүзу жарысы өз мәресіне жетті. Сайыста әлемнің түкпір-түкпірінен және Қазақстанның әр қаласынан келген 500-ге жуық спортшы қатысты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Жарыс бағдарламасында 500 метр қашықтықтан бастап 10 шақырымдық марафонға дейінгі төрт түрлі дистанция қамтылды. Бұл қатысушыларға өз мүмкіндіктерін сынап қана қоймай, «OCEANMAN» әлемдік сериясының ақтық кезеңіне жолдама алу мүмкіндігін берді.
Жарыстың жабылу салтанатына Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев қатысып, үздік спортшыларды марапаттады. Ол өз сөзінде мұндай халықаралық деңгейдегі іс-шаралар өңірдің спорттық әлеуетін арттырып қана қоймай, Каспий аймағын халықаралық туризм мен спорт орталығы ретінде танытуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Жарыс жеңімпаздарына арнайы дипломдар мен медальдар табысталды.
Жарыс қорытындысы бойынша 10 шақырымдық негізгі қашықтықта ерлер арасында Керим Демиркол (Катар) жеңімпаз атанды. Екінші орын Максим Марченкоға (Атырау), үшінші орын Қуаныш Асқарға (Ақтау) бұйырды. Әйелдер арасында Наталия Борткевич (Ресей) бірінші, Ольга Иванова (Көкшетау) екінші орын иеленді.
5 және 1,5 шақырымдық қашықтықтарда Тимофей Лебедев (Қарағанды) топ жарды. Әйелдер арасында 5 шақырымда Олеся Карамушко (Ақтау), 1,5 шақырымда Алина Шабарова (Ақтау) үздік болды.
Балалар арасындағы 500 метрлік жарыста 9 жас санатында Абдурахим Қарлыбай (Ақтау), 11 жас санатында Мүслім Қасымбек (Алматы), 13 жас санатында Аян Жақсыбекұлы (Ақтау), 15 жас санатында Тимофей Лебедев (Қарағанды) жеңімпаз атанды. Қыздар арасында 11 жастағы жасөспірімдер арасында Алина Тұрлығазы (Астана), 13 жас санаты бойынша Варвара Муравьева (Ақтау) және 15 жастағылар арасында Дарина Борадзова (Ақтау) 1-орын алды.
Айта кетейік, халықаралық турнирге қазақстандық спортшылармен қатар Ресей, Қырғызстан, Біріккен Араб Әмірліктері, Қытай, Франция, Италия, Жапония, Ұлыбритания, Венгрия, Чехия, Канада, Швейцария, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Либерия, Мексика Катардан келген жүзушілер бақ сынады.

