Жаңалықтар

Қобыздың тарихы қандай?

Қобыз туралы не білесіз?
21.10.2015 05:45 75487

Қобыз – қазақ халқының көнеден қалған музыкалық аспабы, ұлттық мәдениетіміздің алтын діңгегі. Қобыздың арғы тегі садақтан шыққаны ғылыми түрде дәлелденген. Халық аңызы мен Орта Азия ғалымдарының кейбір деректеріне қарағанда, ғасырлар сырын жетелейтін қоңыр үнді киелі аспапты VIII-IX ғасырларда Қорқыт жасаған деседі.

Музыкатанушы Бектай Әлiмбай «Қобыз қайдан шыққан?» атты мақаласында: «Жалпы, iшектi аспаптарымыздың шығу тарихын, бұлардың қалай, қашан пайда болғанын бiрден «былай едi» деп, дәл айту өте қиын. Себебi, осы күнге дейiнгi iзденулер мен зерттеулер ұлттық аспаптардың пайда болуы жайлы бiрiздi, нақты пiкiрге келген жоқ. Қайсыбiр ғалымдар iшектi аспаптарды (адырна, қобыз, шертер, жетiген, домбыра) ұрмалы аспаптар (дабыл, даң­ғыра) негiзiнде пайда болды десе, ендi кейбiрi кәдiмгi садақты ғасырлар бойы жетiлдiргеннен пайда болды деп есептейдi.

Қобыздың тарихы қандай?

Ұрмалы аспаптар негiзiнде пайда болды деген пiкiрге келер болсақ, ежелден жауынгер халық дабыл, даңғыра, дауылпаз, керней секiлдi аспаптарсыз жорыққа шықпаған. Бұлардың өз дыбыстық ерекшелiктерiне қарай, олардың бiрiн – сапқа тұруға, екiншiсiн – атой салуға, ендi бiрiн – ұрысты тоқтатуға пайдаланған. «Даңғыра-дабыл қағылып, қырғын соғыс басталды» («Қорқыт Ата кiтабы», 53-бет). «Бұдан қобыз қалай шықты?» деген сұраққа келейiк. Даңғыра немесе дабыл аспабын жорықта жүргенде ат үстiнде қолға ұстап жүруге ыңғайлы болсын деген себеппен бiр шетiн сопақтау, алмұрт пiшiндес етiп жасай бастаған. Және сол даңғыраның бетiне қосымша дыбыстық реңк беру үшiн көнтерi қайыстан жiп (iшек) тартқан. Келе-келе нар садақтың адырнасы үшiн пайдаланатын түйе сiңiрiнен даярланған тарамыс жiп (iшек) тартқан. Оның қайысқа қарағанда дыбыс өшiрмейтiн қасиетiнiң жоғары болуы себептi жиi пайдаланған. Осылай ғасырлар бойы даму, жетiлдiру барысында ең алғашқы қобыз, шертер тектес iшектi аспаптар пайда бола бастаған. Және бұлар бiздiң дәуiрiмiзге дейiн пайда болған.

Қобыздың тарихы қандай?

Екiншi пiкiрге келетiн болсақ, оның да көңiлге қонар қисындары жеткiлiктi. Жауынгер бабаларымыздың жан бағатын бiрден-бiр қаруы садақ болған соң, оны күндiз-түнi қолдарынан тастамаған. Оның адырнасын шiрене тартып жiберiп кеп қалғанда, одан шығатын «ызың» – нәзiк үнге де көңiл аударған. Жай отырған кездерiнде көңiл-күйлерiнiң ауанына қарай адырнаны жайымен шертiп (пиццикато), оған ыңылдап қосылатын да болған. Адырнаға (iшекке) саусағын қойып, оны жоғары-төмен жылжытса, дыбыс деңгейiнiң өз­геретiнiн де байқаған. Содан келiп, ендi жауға кезенер қару емес, көңiл шерiн тарқатар рухани аспапты ағаштан арнайы жасай бастаған. Оған нақты дәлел: Африка құрлығындағы елдер арасында әлi күнге дейiн садақ пошымдас бiр iшектi (монохорд) аспапты пайдалантындар кездеседi екен. Және бiздiң ғалымдарымыздың айтуынша, дәл осы бiр iшектi садақ аспап – адырна – арфа Орта Азия, Қазақстан аймағынан Жерорта теңiзi арқылы Мысырға, одан әрi бүкiл Африка құрлығына тараған. Шындығында, садақты скиф, ғұн, сақтардан артық кiм терең меңгерген?!

Тиектi ойлап тапқанға дейiн барлық iшектi аспаптар негiзiнен имекдоға түрiнде жасалған. Өйткенi, таза дыбыс шығару үшiн тербелiске түскен iшек ешнәрсеге тиiп тұрмауы қажет. Осылай барлық көшпелi көне тайпаларда олар өздерi қасиеттi де киелi санаған бөрi, арқар, аққу бейне­сiндегi адырна, сазген, қобыз, шертер секiлдi саз аспаптары ежелгi ғасырларда пайда бола бастады» – деп жазады.

Кешегi Ықыласты да – қобыздың атасы, Құрманғазыны – күй атасы деп атап жүрмiз. Олар аспапты алғаш ойлап табушылар емес, күй жанрын ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырған алтын көпiр – дәулескер күйшi, саңлақ сазгерлер.

Қобыз туралы аңыз

Қорқыттың қобыз аспабын ойлап табуы жөнініде мынадай аңыз бар: «Қорқыт жасынан өте ұғымтал, құйма құлақ болып өседі. Сол кездегі аспаптардың бәрінде ойнайды екен. Алайда ол оған қанағаттанбай, адам мен жануардың үнін, табиғаттағы құбылыстар мен дыбыстарды жеткізетін жаңа бір аспап жасағысы келеді. Он ойланып, тоғыз толғанады. Қарағай ағашын кесіп әкеліп, одан бір нәрсенің жобасын жасайды. Бірақ әрі қарай қалай., не істерін білмей қиналады. Күндер осылай өте береді. Бір күні шаршап отырып, көзі ілініп кетіп, түс көреді. Түсіне періште енеді. Ол балаға: «Қорқыт, жаққан қобызың 6 жасар нар атанның жілігіндей екен. Енді оған нар терісінен жасалған шанақ, ор текенің мүйізінен ойылған тиек, бесті айғырдың кұйрығынан тартылған қыл ішек жетпей тұр. Осылар болса, аспабың сайрағалы тұр екен» – деп кеңес береді. Қорқыт ұйқысынан ояна салып, осы айтылғандардың бәрін жасайды.

 Қарағайдың түбінен

 Қайырып алған, қобызым.

 Үйеңкінің түбінен

 Үйіріп алған қобызым.

 Желмаяның терісін

 Шанақ қылған, қобызым.

 Ортекенің мүйізін

 Тиек қылған, қобызым.

 Бесті айғырдың құйрығын

 Ішек қылған, қобызым.

 Құлағыңды бұрайын

 Осы айтқаным болмаса,

Қайырып жерге ұрайын,- деп қобызды қолына алған кезде, аспап боздап қоя беріпті. Қобыз үнін бар табиғат, ұшқан құс, ескен жел, жүгірген аң – бәрі тоқтай қалып, құлақ түре тыңдапты».(М.Жарқынбаев. Қорқыт. Өнер, 1987 ж.)

Қобыздың тарихы қандай?

Қорқыттан кейін өмір сүрген, аты әйгілі, киелі бақсылардың бірі Қойлыбай туралы да қазақтар арасында аңыз көп. «Қойлыбай бар бақсының түп атасы, оқ тартар садағы іспетті» деп суреттейді оны Шоқан. Бірде ол қобызын аламан бәйгеге салғаг деген аңыз бар. «Жүздеген сәйгүлік қосылған бәйге аттарының келе жатқанын көргенде қолына қанжарын алып әулие, пірлерін жәрдемге шақырып Қойлыбай сарнап қоя береді. Сол-ақ екен бәйге жақтан бір қара дауыл тұрып, отша лапылдаған аптап ыстық жел соғады. Біркезде сол дауылдың артынан қалың қара көрініп, ат тұяғынның дүбірі естіледі. Демде бәйге аттарының алдынан қарборандатып, атты құлаш тамырымен ала жібін сүйреткен алып ағаш көрінеді. Сөйтсе ағаш дегені Қойлыбайдың қобызы, дауыл мен желді суырып келе жатқан көкаман жынының екпіні екен», –  деп айтылады аңыз әңгімеде.


Әзірлеген Тұмар АСЫЛ

 

 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға