Жаңалықтар

Қобыз терапиясы

Қобыздың үні
13.10.2015 11:28 9587

Музыканың құдыретi туралы аз жазылмайды. Әсiресе, қазақтың күй өнерi жөнiндегi аңызға бергiсiз әңгiмелердiң талайын естiп те, оқып та жүрмiз. Сонау Қорқыт баба заманынан бермен қарай арада бiраз уақыт «тiлiн тiстеп қалған» (А.Сейдiмбек) қобыз күйлерi Ықылас, Қойлыбай, Молықбай, Сматайлармен жалғасын тауып, бүгiнге келiп жеттi.

Тiлiмiзде қалыптасқан тұрақты тiркеске сүйенiп сөйлесек, қобыздың қоңыр үнi, сыбызғының сыршыл, салтанатты уiлiне құлақ түрiп өскен қазақ үшiн оның рухани қуатына жетеғабыл ештеңе жоқ. Әсiресе, Мағжан ақын жиi айтатын Қойлыбай бақсының кезiнде қобыздың кiсi бойындағы талай кеселдi ұшықтап жiберетiн қасиетi туралы жиi сөз болады. Шынында, қобыздың үнiнде кiсiнiң парасаты тереңдеп, сезiне бермейтiн бiр беймәлiм, тылсым күш, құдырет бар. Тәкен Әлiмқұлов шығармаларында желдiң уiлiнен, судың сыңғырынан саз iздеуi тегiн дейсiз бе? Тахауи Ахтановтың «Наридiрген» әңгiмесiндегi нарды идiрген күй құдыретi есiңiзде болар. Ал ендi Нұрғисаның «Аққу» күйi ше? Тiптi ғажап қой… Демек халқымыздың өзiнiң өмiр сүру дағдысында бар бұл құдыреттiң бүгiнгi күнi қайталануы мүмкiн бе? Әбден мүмкiн. Керекулiк келiншек Күмiсжан Мұқашева («Известия», 8.07.2011. А.Ғазизов) қобыз үнiмен көптен берi талайдың тәнiн емдеп келедi. Күмiсжанға келген науқастар өзiн жеңiл сезiнетiнiн жиi айтады. Бүгiнде ол осы өзгеше емдеу тәсiлiнiң ғылыми негiзiн жасауға талпынып жүр. Тағдыр деген қызық. Бұл қайда барса да алдынан осы қасиеттi музыка аспабы шығады. Бала кезiнде музыка мектебiне жазылып, домбыра үйренудi армандайды. Содан домбыра класында орын болмай, бұл қобыз класына қабылданады. Жыл өткен соң ол бәрiбiр домбыра класына барады. Мектеп бiтiрген соң ол музыка училищесiне түскен болатын. Мұнда да сол жағдай қайталанады. Домбыра класында орын болмай, тағы да қобызға қабылданады. Бiр күнi бiр қыз бала келiп, оған қобызын сатпақ болады. Бұдан кейiн оның оқытушысымен арада бiр түсiнбестiк туып, бұл академиялық демалыс алып, қобызын сатпақ болады.

Қобыз терапиясы

– Алғашқы ретте қобызымды сатарда есiмдi бiлмей құлап қалдым. Екiншi мәрте талаптанғанда бұғанамды үш жерден сындырып алдым. Содан мен бұл аспаптан айрылмайтынымды бiлiп, жақсылап үйренуге кiрiстiм. Қысқасы, он жетi жасымнан бастап осы аспаптың көмегiмен адамдарды емдей бастадым, – дейдi Күмiсжан. Бiрақ Күмiсжан музыка мектебiн бiтiрмедi. Психолог мамандығын алды. Қазiр психология профессоры. Ол әрбiр адам үшiн жеке әуен орындайды. Әр науқастың жағдайына қарай әуен таңдайды. Адамның жанын емдейдi. Қобыз тарту кезiнде дыбысқа қатты елiтiп, кейде дауыс қосып, адам жанындағы өзгерiстердi сезiнедi. Егер адам жанынан бiр жағымсыз энергия шықса, содан аластауға тырысады. Оның бесiншi аталарында осындай қасиет болған екен, бұл қасиет Күмiсжанға дарыған тәрiздi. Күмiсжанның төрт қобызы бар. Әрқайсысының өз тарихы бар. Алғашқы қобызы жөнiнде айттық. Бiрде сол қобызбен Мәшһүр Жүсiптiң бейiтiнде ойнағанда iшектерi бырт-бырт үзiлiп түсiптi. Кейiннен Нұрбек деген аспап жасау шеберi аққу мүсiндес қобыз жасап бередi. Үшiншi қобызды емделушiлер жасап берiптi. Ал төртiншi қобызды осы аспаптың атасы Қорқыт туған өңiрден шыққан шебер жасады. Олар қобыздың материалын Қорқыт мәңгi тыныстап жатқан жерден келiп ойған. Қобыз ауырлау, бiрақ ойнағанда жеңiлденiп кетедi екен. Дағдарысқа ұшыраған адамдар, қайғыдан еңсесiн тiктей алмай жүргендер, бедеулiкке тап болғандар – Күмiсжанның жиi қонағы. Өкiнiшке орай бүгiнде қобыз терапиясы ғылыми негiзде әлi де зерттелмеген, бiр жолға қойылмаған. Оны терең зерттеу арқылы адамдарды емдеу қасиетi ғана ашылмайды, өнердегi маңызы да арта түседi екен. Сондай-ақ, оны тек шипагерлер ғана емес, психологтар да пайдалана алады екен. Осы аспап арқылы балалардың ойсанасын дамытатын ойын түрiн де табуға болады. Күмiсжан кезiнде «Қобыз» атты қоғамдық қор да ашқан. Алайда, мұндай қордың қомақты қаржысы болмаса, iсi iлгерiлеуi де қиын. Десе де, адамдардың ортақ игiлiгi үшiн қобыз терапиясы орталығын ашу да бiр сәт ойынан шықпайды. Оның осы ойын оқып қойғандай, Германия мен Франциядан арнайы қобыз терапиясы орталығын ашу үшiн ұсыныстар да түскен көрiнедi. Өзiмiздегi жақсыны өзгелердiң тез байқайтын әдетi ғой.


Ж. ҚҰДЫС

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға