Жаңалықтар

Облыстық ауруханада тимпанопластика операциясы жасала бастады

Облыстық ауруханада тимпанопластика операциясы жасала бастады
Фото: Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасы 16.06.2024 02:31 517

Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасында заманауи медициналық құрылғылардың көмегімен тимпанопластика операциясы жасала бастады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі аурухананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Лор дәрігер Алтынбек Нұрлыбекұлының айтуынша, 1977 жылы туған науқас ұзақ жылдан бері сол жақ құлағында іріңді бөліністің болуына, естуінің төмендеуіне, құлағында шуылына шағымданып келді. Науқасқа эндоскопиялық тимпанопластика, яғни дабыл жарғағының (барабанная перепонка) тесігін бітеу отасы жасалды. Отадан кейін науқас үйіне  2-3  тәулікте шығарылады.

Эндоскопиялық тимпанопластика – отохирургиядағы жаңа заманауи әдіс. Бұл әдістің артықшылығы – науқас отадан кейін тез қалыпқа келеді, косметикалық дефект, отадан кейінгі асқынулар аз болады. Ал дәстүрлі тимпанопластикада құлақ артында ұзын тіліктің орны қалатын еді, - дейді лор дәрігер Алтынбек Нұрлыбекұлы.

Отаға лор дәрігерлері Алтынбек Иликов, Кайса Умаров, анестезиолог Қарлығаш Шадиева және медбике Камшат Елубаева қатысты. Аталған операция облыстық ауруханада үш айдан бері жасалынып жатыр. Осы уақытқа дейін дәрігерлер он адамға сәтті операция жасаған.

Айта кетейік, мұндай жоспарлы операциялар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру арқылы, шұғыл операция медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі бойынша тегін жүргізіледі. 

Операциядан кейін өзімді жақсы сезініп жатырмын. Ота ауырсынусыз өтті. Маңғыстау облыстық ауруханасының дәрігерлеріне, медбикелеріне алғысым шексіз, - деді науқас.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға