Жаңалықтар

Облыстар қайырымдылық жасауда белсенділік танытуда

Облыстар қайырымдылық жасауда белсенділік танытуда
22.10.2018 11:47 8784

Елімізде республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясының өткізіліп жатқанына биыл он бірінші жыл толды.

Қайырымдылық акциясы қолға алынған осы жылдардың ішінде екі миллионнан астам балаға жалпы сомасы 17 миллиард теңгеден астам қайырымдылық жұмыстары жасалыпты. Жыл сайын тамыз айының басынан басталып, қыркүйек айының аяғына дейін жалғасатын қайырымдылық акциясы биыл да өз дәрежесінде өтті. Айта кетер жайт, еліміздегі Қазақстан халқы Ассамблеясының бір жұмыс бағыты осы қайырымдылыққа бағытталғандықтан, бұл республикалық акцияда Ассамблеяның да үлесі бар.

Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ассамблея еліміздегі қайырымдылық қызметтің басты үйлестірушісі» екенін атап өткен болатын. Содан бері аталмыш ұйым қайырымдылық бағытындағы талай іске мұрындық болды. Әсіресе, жаңа оқу жылы қарсаңында ұйымдастырылатын «Мектепке жол» секілді республикалық қайырымдылық акциялары Ассамблеясыз өткен емес. Ассамблея қайырымдылық жұмыстарының үйлестірушісі ретінде бекітілген соң елімізде алғаш рет «Қайырымдылық туралы» заң қабылданып, осы бағыттағы іс-шаралардың барлығы осы заңның аясында жүзеге асырыла бастады. Ал, Қазақстан халқы Ассамблеясы заң аясында Қазақстан Республикасында қайырымдылық жұмыстарын дамыту, қайырымдылық іс-шараларын одан әрі өркендетуге жәрдем беру, қайырымдылық саласындағы мәселелердің дер кезінде шешіліп, үйлестіру жұмыстарын жүргізу құқығына ие болды. Осы орайда жаңа оқу жылы алдында дәстүрге айналған республикалық Қайырымдылық акциясы республика бойынша кең көлемде өтетін басқа да қайырымдылық бағытындағы іс-шаралар секілді Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен биыл да кең көлемде, еліміздің барлық өңірінде ұйымдастырылды.

Жер-жерде ұйымдастырылған қайырымдылық бағытындағы іс-шараларға Қазақстан халқы Ассамблеясы мүшелері, этномәдени бірлестік өкілдері де өз үлестерін қосуда.

Жалпы, «Мектепке жол» қайырымдылық акциясының республикалық деңгейде кең қанат жайып, ауқымының үлкен болуында да оның еліміздегі барша халықты жұмылдырып, қайырымдылық жасауда біртұтас елге айналдыра білуінде, яғни, бұл іске Қазақстан халқы Ассамблеясының еліміздегі барлық жер-жердегі бөлімшелерінің араласуынан болса керек. Елбасымыздың Ассамблея секілді бірегей институттың жұмыс істеу тұжырымдамасына қайырымдылықпен айналысуды енгізуінің арқасында, қайырымдылық секілді игі шарада халықтың басының бірігуіне, көпшілікті бірлікке шақыруына мұрындық болып отыр.

Осы орайда өткізілген шараларды атап өте кетсек, тек бір ғана Қарағанды облысы бойынша, акция аясында мыңдаған көп балалы және әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтылған отбасыларының балаларына жаңа оқу жылында мектеп табалдырығын аттау үшін қаржылай және заттай, материалдық тұрғыдан көмек көрсетілген.

Өткен 2017-2018 оқу жылында аталмыш облыс бойынша 3500-дей баланың мектеп табалдырығын аттауы үшін көмек қолы созылса, осы өңір бойынша жиналған он екі миллион теңгенің тең жартысы қайырымды азаматтар тарапынан түскен. Бұл облыс биыл да өткен жылдан қалмай қайырымдылық шарасына ат салысты.  

Қайырымдылық жасауда алда келе жатқан тағы бір өңірдің бірі — Жамбыл облысы. Бұл өңірде де биыл мыңдаған тұрмыстық жағдайы төмен, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған отбасы балаларына қайырымдылық шарасы аясында материалдық көмек көрсетілген.

Былтырғы жылы жаңа оқу жылында «Мектепке жол» қайырымдылық шарасы аясында 30 мыңдай балаға қайырымды азаматтар арқасында 221 млн. 360 мың теңгеге оқу құралдары мен киім-кешектер сатып алып беріп, қамтамасыз етілген.

2016-2017 оқу жылдары да 30 000-нан астам оқушыға 190 миллионға жуық теңгеге көмек көрсетілген. Яғни, қайырымдылық жасауда жыл өткен сайын көрсеткіштің өсуі байқалады. Биылғы оқу жылында да алдын ала жоспарланып, көп балалы отбасы балалары мен көмекті қажет ететін жағдайы төмен отбасынан шыққан 29 мыңдай мектеп жасындағы балаға көмек көрсетіледі деп алдын ала жоспарланған.

Нәтижесінде биылғы жылы тағы да 30 000-ға жуық бала қамқорлық шарасы аясында жаңа оқу жылына даярланған. Ассамблеяға мүше, өңірлерде тұратын, кәсіпкерлікпен айналысатын талай өзге ұлттың өкілдері акцияға өз үлестерін қосуда. Одан бөлек, балаларды қуантып, «акцияға өз үлесімді қосамын» деген кез келген азамат жергілікті жерлердегі басқарушы органдар орналасқан ғимараттарға барып, мектеп формасы, оқуға қажетті түрлі құрал жабдықтар, оқулықтар алып беріп, қолынан келген көмегін тигізе алады.

Ал, көмекті қажет ететін отбасылар, олардың балаларының жас мөлшері секілді мәліметтердің барлығы алдын ала әр өңірдегі мектептерде тізімделеді.  Тиісті орындар тарапынан жыл сайын жаңа оқу жылында қатарынан кем қалмайтындай мұндай қамқорлық балалар үшін де аса маңызды.

Осы орайда Алматы қаласы бойынша мүмкіндігі шектеулі 100 бала мұндай қайырымдылық акциясы аясында арнайы сыйлық алды. Ассамблея ғана емес, жергілікті жердегі әкімдік қызметкерлері, түрлі басқарушы органдар мен қарапайым халық пен Қазақстан мұсылмандары Діни Басқармасы секілді көптеген қоғамдық ұйымдардың атсалысуымен өтетін қайырымдылық шарасы бүкіл қоғамымызды қайырымдылық жасауға шақыратынын байқаймыз.

Жыл сайын өткізілетін «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы түрлі атаулармен жыл сайын өзгеріп тұрады. Мәселен, жоғарыдағы ҚМДБ ұйымдастырған іс-шара «Мүмкіндігі шектеулі балаларға мейірімділік танытайық» қайырымдылық шарасы ретінде есте сақталды.

Осы уақытқа дейін аттарын атамауды өтінген, Ассамблеяға мүше бірнеше азамат қайырымдылық акциясы аясында қаржылай көмек қолын созып қоймай, балалар үшін ойын алаңдары мен арнайы көгал төселген футбол алаңдарын салып беріп, жергілікті халықты қуанышқа бөлеген.  

Бұл қайырымдылық шарасының басты мақсаты жаңа оқу жылында тұрмысы төмен отбасынан шыққан, көмек қажет ететін отбасыларда өсіп жатқан балалардың мектепке баруына жағдай жасау, біліммен қамтылмай қалуының алдын алу болып табылады. Осы жылдар ішінде жекелеген азаматтар, демеушілер, қайырымдылықпен айналысатын меценаттар тарапынан 8 миллиардқа жуық көмек көрсетілген. Бұл, шын мәнінде, үлкен көмек, қолдау екені сөзсіз.

Биыл ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы  Нұрбек Оршыбеков «Өткен оқу жылында материалдық және қаржылық көмекпен қамтамасыз етілген бала саны 316 мың баланы құрап, қайырымдылық көмектің сомасы 3 миллиард теңге шамасын құраған болатын. Мұның ішінде демеушілік көмектің көлемі 11 пайыздан асқанын біз қуана байқаған болатынбыз. Материалдық көмек көрсетумен ең көп қамтылған өңірлер Алматы, Қарағанды, Жамбыл, Шығыс Қазақстан облыстары.

Бүгінде жергілікті басқарушы орындар тарапынан көмекке мұқтаж балалардың тізімі дайындалады. Бұл шамамен 323 мың бала, бірақ, тізімдер ата-аналар тарапынан түскен өтініштер арқылы әлі де болса толықтырыла береді» деп мәлімдеді. Сондықтан, мыңдаған бала әлі де тиісті орындар тарапынан қамқорлық көріп, мектеп табалдырығын қиналмай аттауға мүмкіндік алады.

Айта кетер жайт, бұл іс-шара тек материалдық көмек көрсетумен ғана шектелмей, оқу жылы басталса да мектеп табалдырығын аттамай жүрген, заңсыз еңбекке жегіліп, буыны қатпай құқығы бұзылып жатқан, үйінен қашып түрлі шатырлар мен май құю бекеттерін, көлік жуу секілді қызмет көрсету орындарын мекендеп, қашып жүрген балаларды да іздестіріп, мектеп партасына отырғызуды көздейді.

Үш ай демалыстан соң мектеп партасын жатсынып қалған, көше тәрбиелей бастаған балаларды тәртіпке салатын арнайы қамқорлық іс-шараларына қоса, рейді бар, тәрбие сағаттары бар, мұндай ауқымды шараның шын мәнінде еліміз үшін маңызы зор!

Еліміздегі «Білім туралы» заңға сәйкес, республика көлеміндегі барлық бала тегін біліммен қамтамасыз етілуі керек. Ол үшін осындай кең ауқымды іс-шара ұйымдастырылып, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған немесе аяқасты қиын жағдайға тап болған, құқығы бұзылып, еңбекке жегілген, тұрмысы төмен отбасынан шыққан барша баланың білім алуын осы қайырымдылық акциясы үйлестіріп отыр деуге болады. Осы орайда биыл да әлеуметтік қорғау мекемелерінің қызметкерлері мен құқық қорғау органдары қызметкерлері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері бірлесе отырып, арнайы рейд жасап, мыңнан астам саяжайлар мен қызмет көрсету орындарын «сүзіп» шыққан.

Ал, Солтүстік облыстарда арнайы мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, онда көмекке мұқтаж балаларға оқу құралдары сый ретінде үлестіріліп, соңы дүнген, тәжік, поляк, әзірбайжан, ұйғыр, шешен-ингуш, еврей этномәдени орталықтарының ұйымдастыруымен концерттік бағдарламаға ұласқан. Жаңа оқу жылы қарсаңында балалардың көңілін көтеру мақсатында ұйымдастырылған қамқорлық акциясының балаларды жаңа оқу жылымен құттықтаған іс-шара түрінде өткізілуі де ұтымды. Әрине, қайырымдылық акциясын қай өңір қалай атап өтсе де, өз еркі. Бастысы қайырымдылық акциясынан балалардың қамқорлық, жылу сезіне алуы.

Жалпы, түпкі мақсаты балаларға қамқорлық көрсету болған мұндай кең ауқымды қайырымдылық шарасының еліміз үшін маңызы зор болып отырғанын байқаймыз. Және барша қоғамды қайырымдылық аясында ұйытып, ел бірлігінің одан әрі артуына ықпал етіп отырған шараның алдағы уақытта да өз міндетін мүлтіксіз орындай беретініне сенім мол!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға