Жаңалықтар

Оқу-ағарту министрі Ақмола облысындағы білім ошақтарын аралады

Асхат Аймағамбетов облыстағы мектептердің жетістіктері мен кемшіліктерін атады.
Оқу-ағарту министрі Ақмола облысындағы білім ошақтарын аралады
Фото: inform.kz 23.06.2022 20:38 1734

ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Ақмола облысына жасаған сапары барысындағы білім ошақтарының атқарып жатқан жұмыстарына баға берді, – деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы министр өзінің Facebook парақшасында жазды.

– Ақмола облысындағы бірнеше ауыл мектебін араладым. Бұл мектептердің жағдайы, тәртібі, тазалығы, жабдықталуы, басшылардың тапсырмалар мен өз міндеттерін түсінуі сияқты мәселелер көңіл көншітпейді. Жұмыс мектеп басшылары деңгейінде дұрыс жүргізіліп отырған жоқ. Сонымен қатар мектеп кітапханаларының жұмысы да талапқа сай емес. Бұл әкімге, басқарма басшысына емес, директордың жұмысына байланысты.

Жұмыс сапарлары кезінде мектептерден үлгі аларлық жұмыстарды да, кемшіліктерді де байқаймын.

Енді жұмыстың жағымды бөлігіне де тоқталайын. Республикалық «Жас маман» жобасы бойынша жабдықталған Ақмола облысының Жоғары техникалық колледжінде болдым. Материалдық-техникалық жағынан тиісті деңгейде жабдықталған. Түлектердің жұмысқа орналасуы мен жұмыспен қамтылуы 97%. Ұжымның мақтауға тұрарлық жұмысын да елемеуге болмайды. Өндірістік оқыту шеберлері және арнайы пән оқытушылары өз жұмысы мен міндетін біледі. Жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнатылған. Қаңтар мен наурыз аралығында студенттер шетелдік компанияларда ақылы өндірістік тәжірибеден өткен. Сонымен бірге жұмыс берушілердің қатысуымен демо-емтихандар да өткізіледі. Онымен қоса, колледжде практикалық сабақтарда өндірілген өнімдерді сату жұмыстары жолға қойылған,-дейді министр.

Сонымен қатар ол Щучинск қаласындағы жаңа «Білім-инновация» IT лицейінде де болғанын айтты.

Мектептің педагогикалық құрамының сапасы, материалдық-техникалық базасы, сапалы жұмысы мен ауқымды жоспарлары көңілден шықты. Мұнда оқыту процесіне стандартты түрде емес, шығармашылық тәсілдер арқылы қарайды, онымен қоса, ең бастысы өз ісіне шын ықыласпен қарайтын мұғалімдердің бары қуантты.

– Әріптестеріміз білім беру бағдарламаларына, ІТ лицейлердің үлгілеріне өз ұсыныстарын дайындауға келісімін берді. Ал біз алдағы уақытта соған қатысты тиісті шешім қабылдаймыз. Осы білім беру ұйымының барлығына тапсырмалар беріп, оларды орындау мерзімдерін белгіледім,-деп жазды Асхат Аймағамбетов.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға