Жаңалықтар

Оңтүстік Кореяда «жыл студенті» атанған қазақ баласымен сұхбат

Шетелдегі қазақ студентінің жетістігі
24.06.2016 10:07 12231

Күні кеше Шымкент қаласының тумасы Дәулет Батырхан Оңтүстік Кореядағы UNIST университетінің «жыл студенті» атанды. Қандасымыздың жетістігіне қуана отырып, оның оқуы және ұстанымдары туралы сұрап білуді жөн көрдік.

Оңтүстік Кореяда «жыл студенті» атанған қазақ баласымен сұхбат

Дәулет, алдымен өзіңіз жайлы қысқаша айтып кетсеңіз. Қай мектепті бітірдіңіз? Қазір қайда оқисыз?

– Мен Шымкент қаласындағы қазақ-түрік лицейінде оқыдым. Білім олимпиадаларына қатысып, физикадан біраз халықаралық және республикалық олимпиадалардың жүлдегері атандым. Соның арқасында ҰБТ-дан босатылып, Назарбаев университетінде тікелей оқуға шақырту алдым.

Қазір Оңтүстік Кореядағы UNIST университетінің 2-курс студентімін. Ол жерде екі мамандық иесі атану мақсатында білім алып жатырмын. Бірінші мамандығым – ғылыми физика, екінші мамандығым – ғылыми химия (1st track physics science, 2nd track chemistry science). Сабақтардан тыс, биофизикадан HiPreX (HIgh pressure X-ray sciense) лабораториясында жұмыс істеймін. Футбол ойнап, достарыммен әзілдескенді қатты ұнатамын. «КВН», «Stand up» секілді әзіл бағдарламаларын үзбей қараймын. Музыкада альтернативті рокты сүйіп тыңдаймын.

Оңтүстік Кореяда «жыл студенті» атанған қазақ баласымен сұхбат

– Дәл осы оқу орнын және мамандықты таңдауыңызға не себеп болды?

– 10-сынып кезінде «UNIST» қазақстандық олимпиадашы оқушыларды білім кампына шақырды. Сол кезде бірінші рет «UNIST»-пен, жалпы Кореямен таныстым. Кейінірек 11-сыныпта осы таныстығым «UNIST»-ті таңдауыма үлкен септігін тигізді. Бірақ, университет және мамандық таңдау кезінде көптеген қиындықтарды бастан өткергенімді жасыра алмаймын. Себебі, қабылдаған шешім біріншіден сенің, ата-анаңның және ұстаздарыңның көңілінен шығуы керек. Ол адамдар сенің жетістіктеріңе, бастысы, өмірге келуіңе себепкер болғаннан кейін оларға да көз жұма қарай алмайсың. Сондықтан, барлығының ойын елеп-ескеріп, бір шешімге келе алмай, екі ортада қалып қойған кездерім болды. Соңында, әйтеуір, Кореяға оқуға түсіп барлығының көңілінен шықтым деп ойлаймын (күлді).

Мектеп түлектеріне айтарым, оқу таңдарда көпті көрген адамдармен ақылдасқан абзал. Ақылдасу деген – адамның айтқанын орындау емес, ақылын тыңдап, ескеріп, өз шешіміңді шығару. Әрине, ол сенің өмірің болған соң, негізгі шешімді өзің қабылдауға тиіссің. Бірақ, біз 18-19 жаста  әлі жас, балаң болғандықтан, алдамшы сағымдарға еріп кетіп жатамыз. Ал қате шешім жасағаныңды білген кезде, қолымызда таңдау мүмкіндігі болмай қалады.

Енді мамандық таңдауға келер болсақ, бірінші «UNIST»-ке тапсырған кезде, мен бизнес мектебіне қабылданған болатынмын. Бірақ, уақыт өте келе, ғылымға қызығушылығым артып, сол жолда бақ сынауды жөн көрдім.

Оңтүстік Кореяда «жыл студенті» атанған қазақ баласымен сұхбат

– «Жыл студенті» атануға арнайы күш салып тырыстыңыз ба? Әлде бұл нәтижеге күтпеген жерден жеттіңіз бе?

– Университетте мұндай номинация жоқ еді. Барлығы ойламаған жерден болды. Осы жылы бірінші рет осындай марапаттау жасаған секілді.  Естуімше,  студенттерді 3 критерий бойынша бағалады: GPA (оқу үлгерімі), social activity (қоғамдық өмірдегі белсенділік) және корей тілін білу деңгейі. Содан кейін Ульсан қаласының әкімшілігіне шақырылып, сол жерде марапатталдық.

Оңтүстік Кореяда «жыл студенті» атанған қазақ баласымен сұхбат

Университетіңіздегі білім сапасы мен студенттік өмірге көңіліңіз тола ма?

– «UNIST» (Ulsan Insitute of Science and Technology) – аты айтып тұрғандай, ғылым және технологияға бағытталған университет. Оның ғылым саласында озып шығуға потенциалы жетеді. Әлемдегі ең үздік он  университеттің қатарына кіруді мақсат тұтады. Дәл қазіргі уақыттың өзінде кейбір салалар бойынша ең үздік үштікке кіреді (in research). Атап айтсақ, «Material Science» (1st place), «Natural Science» («CalTech»-тен кейін екінші орында). «UNIST»-тің тағы бір ерекшелігі, мұндағы бүкіл студенттер екі мамандық бойынша білім алады (double major).

 «UNIST» – жан-жағы тау, өзен-cумен қоршалған, кампусы жап-жасыл университет. Мұнда Нобель сыйлығының лауреаттары да келіп лекция оқып тұрады.Университетте білім алуға барлық жағдай жасалған. Өзімізге берілген мүмкіндіктерді барынша тиімді қолданып, Қазақстанға үлкен білім дорбасымен қайту – біздің үлкен мақсатымыз.

Оңтүстік Кореяда «жыл студенті» атанған қазақ баласымен сұхбат

Сіз оқып жүрген оқу орнына қалай түсуге болады? Студент қабылдау кезінде не нәрсеге көп көңіл бөлінеді?

– Университетке кез-келген шет елдік оқу орны секілді «IELTS», «TOEFL», «SAT» секілді сертификаттар, ұсыныс хат пен эссе арқылы түсуге болады. Бір қызығы, мұндағы студенттердің ешқайсысы аталған критерийлерді оқуға түсу үшін шешуші рөл атқарады деп айта алмайды. Осы тақырыпта осында оқитын бауырымыз Ерасыл Зейнолла өз блогында пост жазған болатын. Жасалған әртүрлі сауалнамалардың нәтижесінде, оқып жатқан студенттер арасында тек мен ғана ешқандай сертификатсыз оқуға қабылданыппын. Бұл жағынан жолым болған секілді. Толық мәлімет алу үшін мына постты қарасаңыз болады.

Мотивациялық хатты қалай жаздыңыз? Ұсыныс хаттарын кімдерден алдыңыз?

– Мотивациялық хатты жазу кезінде республикалық олимпиадаға кетейін деп жатқан болатынмын. Бір жағынан Назарбаев университетіне де қабылданған едім. Содан болар, хатты жарты сағатта жазып, құжаттарымды жібердім. Түсемін деп те ойламадым, бірақ сәті түсіп, оқуға қабылдандым. Ал ұсыныс хаттарын мектептегі мұғалімдерімнен алдым.

Оңтүстік Кореяда «жыл студенті» атанған қазақ баласымен сұхбат

Таңдаған университетіңіздің білім беру бағдарламасында не көбірек ұнады?

– Біріншіден, мамандықты кез-келген уақытта, грантты жоғалту қаупінсіз ауыстыру мүмкіндігі деп айтар едім. Қазақстан университеттерінде де осы жүйе орныққанын қалаймын. Себебі, ол уақыт сенің бүкіл болашақ өмір жолыңды шешетін болғандықтан, ол шешімге бірнеше рет таңдау мүмкіндігі берілсе деймін. Белгілі бір мамандықты таңдап, кейін ол мамандық ұнамай қалып жатады немесе ол адамның сол мамандық туралы ойлағандары қате болып жатады. Оқу барысында басқа мамандықтарға қызығушылығы ашылады. Солай істеген көптеген адамдарды кездестірдім. Ал, өзіне ұнаған мамандығына ауысайын десе, қолы байлаулы. Грантты жоғалтпау үшін өмір бойы сол нәрсеге төзеді немесе дипломы сәйкес келмейтін басқа бір жұмыс орнында жұмыс істейді.

Екіншіден, өз сабақ кестеңді өзің дайындау мүмкіндігі. Яғни, әр студент семестр ішінде қай сабақтарды оқығысы келсе, соған қарай өз кестесін істейді.

Сонымен қатар, екі мамандықты бірдей оқу мүмкіндігі және лабораториядағы мүмкіндіктер ұнады. Мысалға, егер кітапханада сізге керек кітап, paper, journal болмаса, сіз сол кітаптың атын жазып қалдырасыз. Университет сол сіз қалаған материалды тапсырыс беру арқылы кітапханаға қосады. «Science», «Nature» сияқты әлемдік ғылыми журналдардың барлығы қолжетімді.

Оңтүстік Кореяда «жыл студенті» атанған қазақ баласымен сұхбат

– Университетте қандай студенттік ұйымдарға мүше болдыңыз? Қызықты оқиғаларыңызды айтып берсеңіз?

– «UNIST»-те скрипка, пианино, футбол, таэквандо үйірмелері бар. Алғаш келгенде барлығына қатысқым келді. Бірақ, уақыт өте келе, сабақтарыма көп көңіл бөлу керек болған соң, тек футболмен шектелдім. «IFC» футбол клубының негізгі құрамасында ойнап жатқаныма 2 жылдай болды. Осы жылы университетішілік чемпионатта чемпион болдық. Келесі семестрдан бастап Кореяда «UNISТ»-тің намысын қорғайтын боламыз.

Оңтүстік Кореяда «жыл студенті» атанған қазақ баласымен сұхбат

Болашақта қандай жоспарларыңыз бар? Қазақстанның дамуына қандай үлесіңізді қосқыңыз келеді?

– Ең алдымен «Master & PhD Degree» деңгейіне жеткім келеді. Қазір өзімді зерттеуші ретінде елестетемін. Ғылыми ізденіс саласында Қазақстанның өсіп-өркендеуіне септігімді тигізуді армандаймын. Университетте биофизика, high-pressure physics, extreme physics, crystallography, X-ray powder diffraction тақырыптарында ізденіп жүрмін.

Бес жылдан кейін өзіңізді қалай елестетесіз?

– Бәлкім, мен бес жылдан кейін бір университетте «PhD degree» оқитын шығармын (күлді).

Сұхбатыңызға рахмет!


Айгүл ШЕРНИЯЗОВА

Суреттер Дәулет Батырханға тиесілі

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға