Жаңалықтар

ОҚО тауар өндірушілері ЭКСПО-2017 жобасына қатысуға шақырылып отыр

ЭКСПО-2017 нысандар құрылысына Қазақстанның бүкіл облыстары қатыса алады.
29.07.2015 09:35 3742

ЭКСПО-2017 нысандар құрылысына Қазақстанның бүкіл облыстары қатыса алады. 27 шілде күні «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басшылығы оңтүстік қазақстандық кәсіпкерлермен кездесіп, ынтымақтасуға болатын жолдарды талқылады, деп хабарлайды «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.

ОҚО тауар өндірушілері ЭКСПО-2017 жобасына қатысуға шақырылып отыр

Еліміздің ең ірі нысанын салу барысында Қазақстанның шағын және орта бизнесіне ұсынылған мүмкіндіктер құрылысты жүргізіп жатқан бас мердігерлердің - «Сембол Иншаат», «Базис ҚК», «АБК Құрылыс», «Mabco constructions S.A.», «АДС» компанияларының қатысуымен өткізілген жұмыс мәжілісі аясында талқыланды.

«Нысандарда жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын 2016 жылдың қыркүйегінде аяқтау жоспарланып отыр. Әрине, цемент, металл құрылмалары және тіреуіштерді оңтүстік өңірлерден жеткізу өте қиын. Дегенмен ішкі жұмыстарды жүргізуге арналған көптеген материалдар ОҚО-да өндіріледі. ОҚО өкілдері дер кезінде келді деп есептеймін, біз жылдың соңына дейін ішкі әрлеу жұмыстарына кірісейін деп отырмыз. Қазір бас мердігерлер құрылыс қоспаларын, қыш тақталарды, батареялар мен кабельдерді жеткізудің жолдарын қарастыруда», - деп атап өтті «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Алмаз Жаманбеков.

Мердігерлердің жеткізушілермен арадағы өзара әрекеттестігін жылдам әрі тиімді ету үшін  «Астана ЭКСПО-2017» ҰК «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге тығыз ынтымақтаса жұмыс жасауда.

«Қазіргі таңда Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ОҚО Кәсіпкерлерінің аймақтық палатасы арқылы ірі республикалық жобаларға, оның ішінде ЭКСПО-2017 көрмесіне отандық тауар өндірушілерді жан-жақты тартуда. Оңтүстік Қазақстан облысы әдеттегі құрылыс материалдарына қоса, композиттік арматура, қыштан жасалған гранит және тас, травертин, энергия үнемдеуіш шынылар секілді құрылыстың ішкі жұмыстарын жүргізу кезінде қажетті материалдарды өндіреді. Аймақта қазірдің өзінде жоғарғы сұранысқа ие болып отырған бірқатар инновациялық құрылыс материалдары өндірілуде", - деді «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлер аймақтық палатасының өкілі Махаббат Кабираева.

Мәжіліске Оңтүстік Қазақстан облысынан барлығы 20-дан аса жеткізуші компания қатысты. 2015 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша қол қойылған меморандумдардан тысқары көрме нысандарының құрылысына осы аймақтағы  2 отандық тауар өндіруші - трансформаторлық жабдықтың жетекшісі өндірушісі «Кентау трансформатор зауыты» АҚ және болат прокатын өндіруші «FerrumCorp» ЖШС тартылып отыр. Келісім-шарттардың  жалпы сомасы 15,9 млн.теңгені құрады.

«Мен Кентау трансформаторлық зауытының атынан келіп отырмын. Бұл – құрғақ және майлы күйде жұмыс істейтін қуатты трансформаторларды шығаратын жалғыз отандық кәсіпорын. Қазіргі таңда ЭКСПО-2017 нысанына шамамен 100 трансформатор қажет. Ақшаға аударсақ,  бұл 300 млн. теңгеге жуық қаржы. Ал біздің кәсіпорын құрылыс алаңына сапалы материалдың осындай көлемін жеткізуге дайын. Осы жобаға қатысу үшін біз арнайы дайындалып, трансформатордың жаңа түрін өндіруді игеріп, португалиялық компаниямен ынтымақтаса жұмыс жасадық», - деп атап өтті зауыттың басқарушы директоры Еркебұлан Ильясов.

Мердігерлерді отандық сапалы тауарлармен қамтамасыз ете отырып, шағын және орта бизнесті ЭКСПО-2017 көрме құрылысына және оны өткізуге тарту - «Астана ЭКСПО-2017» ҰК-да басымдық беріліп отырған міндеттердің бірі.


Дария Жұмалиева

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға