Жаңалықтар

ОҚО спортшылары әлем кубогынан олжалы оралды

Байдарка мен каноэда ескек есуден әлем кубогы
06.06.2016 05:16 3019

Байдарка мен каноэда ескек есуден еліміздің ұлттық құрама командасы әлем кубогының екі кезеңіне қатысты. Біріншісі 22 мамыр күні немістің Дуйсбург қаласында басталса, екіншісі 27-29 мамыр аралығында Чехияның  Рачице шахарында өтті. 

ОҚО спортшылары әлем кубогынан олжалы оралды

Кәрі құрлықта өткен әлем кубогында ұлттық құрама қоржынына 1 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль түсті. Тимур Хайдаров жеке каноэда ескек есуде 200 метрлік спринтте алдына жан салмай, алтыннан алқа тақты. Сонымен қатар, каноэда 200 метрге жұптасып өнер көрсетуде Тимур Хайдаров пен қызылордалық Мерей Мейірбеков күміске қол жеткізді. Ал қола Сергей Емеляновтың еншісінде. Жалпы әлем кубогының бұл кезеңдерінде 63 елден 630 спортшы қатысқан.

«Мен 200 метрде жеңімпаз боламын деп ойламадым. Себебі, каноэмен 200 метр жүзуде бір қателессең болды, қалып қоясың. Финалда Қытай мен Украинадан келген өте мықты қарсыластарым болды. Сол жағымдағы қытайлық спортшы өткен жылғы әлем кубогында күміске қол жеткізген. Ал, оң жағымдағы украин спортшысы 2012 жылы нақ осы қашықтықта олимпиада жеңімпазы болған. Олар орнынан өте шапшаң қозғалады. Мен олардан қалмауға тырыстым. Сөйтсем, тіпті, озып кетіппін», - дейді әлем кубогының жеңімпазы Тимур Хайдаров.

Енді Риода өтетін Олимпиада ойындарына оқу жаттығу жиынын біздің жігіттер Беларусьте өткізбек. Содан соң, Чехияда жалғастырады. Ал Бразилия жеріне Олимпиада басталуына 3 күн қалғанда баруды жоспарлап отыр. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға