Жаңалықтар

Қоғамдық келісім кеңесі — билік пен халық арасындағы алтын көпір

Қоғамдық келісім кеңесі — билік пен халық арасындағы алтын көпір
20.09.2018 10:12 3337

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 23 жыл толды. Ассамблея шын мәнінде халықтың біртұтастығын сақтауда, елімізде өмір сүріп жатқан барша ұлтты бірлікке шақыруда, бір шаңырақ астында тату-тәтті ұйыстыруда бірегей модель аталған институт.

Ол қызметі мен жасап жатқан жұмысы бір-біріне ұқсамайтын, алайда, қоғамымыз үшін маңызы зор көптеген кеңестер мен орталықтарды, этномәдени бірлестіктер мен орталықтарды біріктіріп отыр.

Осынау қоғамдық институт құрылғалы бері белсене араласып, шешілуіне мұрындық болған істер өте көп. Ассамблея тілді дамытуға да, медиацияны өркендетуге де, қайырымдылықты жандандыруға да, тіпті, қоғамдағы ірілі-ұсақты мәселелерді шешуге де көшбасшы болып келеді. Осы орайда біз бүгін Ассамблея жанынан құрылған қоғамдық келісім кеңестері мен Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының жұмысына жекелеп тоқталуды жөн көрдік.

Бүгінде елімізде 125 ұлт өкілі өмір сүреді. Олардың басым бөлігін, яғни, 66,48 пайызын жергілікті ұлт — қазақтар құрайды. 20,61 пайызын орыстар, 3,11 пайызын — өзбектер, 1,64 — украиндар, 1,64 — ұйғырлар, 1,15 — татарлар, 1,03 — немістер, 0,61 — кәрістер мен түріктер, 0,59 — әзірбайжандар, 0,37 — дүнгендер, 0,33 — беларустар, 0,25 — тәжіктер, 0,25 — күрдтер, 0,19 — шешендер, 0,18 — поляктар, 0,10 — башқұрттар құрайды екен.

Олар Тәуелсіздік алған уақыттан бері елімізде тату-тәтті, бір шаңырақ астында, өзара татулықта өмір сүріп келеді. Тіпті, атамекендеріне оралуды да ойламай, балаларын қазақ мектептеріне беріп, елімізде құдандалы болып, дәстүрімізді сақтап, сіңісіп кетуде. Өсіп-өніп, еліміздің дамуы үшін қолдарынан келгенше қызмет етуде. Бұл елімізде жүргізіліп отырған Ассамблеяға қатысты дұрыс көзқарас пен саясаттың арқасы екені даусыз. Құрамында ғылыми зерттеу орталығы да, клубы да, тіл үйрету мектебі мен театрлары да бар, қызметі әралуан мұндай басқа институт елімізде жоқ. Елбасымыз да Ассамблеяның қызметіне түрлі міндеттерді арта отырып, қоғамымыздағы орнын айқындап беріп отыр. Кеше ғана жаңа оқу жылының басталуымен еліміздің әр өңірінде «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы өтті. Республика көлемінде барлық өңірдегі Ассамблея бөлімшелері, Қазақстан халқы Ассамблеясына мүше өкілдері «бір атаның баласындай» болып, акцияға атсалысты. Нәтижесінде еліміз бойынша мыңдаған оқушы акцияның арқасында оқу құралдарын, керек-жарақ, киім-кешектерін түгелдеп, мектепке жол тартты. Ешқандай қайырымдылық қорына иек артпайтын, азаматтық қоғамның парызындай, неше жылдан бері дәстүрге айналған бұл қайырымдылық шарасы бүгінде өз мақсатын толықтай орындап отыр. Демек, Ассамблеяға артылған қай міндет болмасын, еліміздің біртұтастығына ықпал етіп отыр деуге болады.

Еліміздің барлық өңірлерінде орналасқан, Ассамблея жанынан ашылған қоғамдық келісім кеңестері Ассамблеяның барлық қызметін қамтамасыз етіп, Достық үйлерінде іс-шаралардың ұйытқысы болса, Ғылыми-сараптамалық кеңесі этносаясат саласындағы мәселелердің шешілуіне ғана емес, зерттеуге үлес қосып, этникааралық қарым-қатынасты зерттеуге үлес қосуда. Аналар кеңесі жанұя институтын қалыптастыруға ұйытқы болып, отбасы құндылықтарын насихаттаса, ҚХА Медиация Кеңесі Достық үйлерінің жанынан құрылған медиация кабинеттерінде бітімгершілік жүйесін насихаттап, көптеген даулардың тиімді шешілуіне мұрындық болуда. Ал, «Тілдарын» инновациялық технологияларының әдістемелік орталығы еліміздегі барлық ұлттардың ана тілін үйреніп, дамуына ықпал етіп, жексенбілік мектептерде тегін оқытып, тіл үйренгісі келген азаматтарға жағдай жасап отыр. Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығы еліміздегі барлық ұлттардың қарым-қатынасын, этносаралық татулықты терең зерттеп, ұлттар достығының сақталуына қызмет етуде. Қарап отырсаңыз, біз атап өткен жоғарыдағы орталықтардың жұмысы бір біріне мүлдем ұқсамайды. Алайда, қоғамымыз үшін маңызды іс-шаралар атқарып, ел мүддесіне тиімді қызмет етіп отыр. Шетелдік сарапшылардың біздің Ассамблея институтына жоғары баға беріп, қызығушылық танытуының басты сыры да осында болса керек.

Жалпы, Ассамблея институтының басты қызметі — еліміздегі барша этномәдени бірлестік ұйымдарының жұмысын үйлестіруге және нығайтуға, әрбір ұлттың мәдениетінің ерекшелігін, тілін, мәдениетін сақтауға да бағытталғанын байқаймыз. Бүгінгі күні Қазақстан халқы Ассамблеясының 2020 жылға дейінгі Тұжырымдамасын жүзеге асыру бағытында келелі жұмыстар жүргізілуде. Ол іс-шаралардың барлығы уақытылы Бұқаралық ақпарат беттерінде де айтылуда. Ұйымдастырылатын жұмыстардың барлығы дерлік қоғамдық келісім кеңестері арқылы жүзеге асырылып жатыр деуге болады. Ендеше, сол Қоғамдық келісім кеңестері қандай ұйым?

Қоғамдық келісім кеңесі — билік пен халық арасындағы алтын көпір

Қазіргі уақытта бүкіл республика көлемінде 1500-ге жуық қоғамдық келісім кеңестері жұмыс істейді. Ассамблеяның негізгі қызметін атқарып отырған қоғамдық келісім кеңестері бүгінде қоғамымыздағы келелі істерді шешуде маңызды қызмет атқарып отыр. Ол — Ассамблея жанынан құрылып, жұмыс істеген ақсақалдар, әкелер, аналар, әйелдер, жастар кеңестері басын қосып, бірге жұмыла жұмыс істеуді қамтамасыз етуде. Осынау кеңестердің барлығы Қоғамдық келісім кеңесі деген атаумен қоғамдағы кез келген салада қордаланған мәселені шешуге белсене кірісуде. Республика көлемінде ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінен құрылған қоғамдық келісім кеңестері қоғамда болып жатқан келеңсіз мәселелерді талқыға салып, нақты ұсыныстармен шешілу жолдарын қарастыруда. Ұсыныстарын жоғары жаққа жеткізіп, қордаланған мәселелердің шешілуіне де атсалысуда. Қоғамдық келісім кеңестерінің мүшелері де қоғамда беделі бар, айтары нақты, сөзі өтімді тұлғалардан сайлануда. Бір сөзбен айтқанда, қоғамдық келісім кеңестері Ассамблея жанынан құрылып, татулық пен тұрақтылықтың сақталуына жергілікті билік өкілдерімен бірге қызмет етуде. Бүгінгі күні жергілікті атқарушы билік өкілдерінің Қоғамдық келісім кеңестерімен санасатынын да байқап отырмыз. Демек, бұл Кеңестердің айтары барын, халық атынан сөйлеуде, салмақты ой айтуда орны барын, беделінің артып келе жатқанын аңғартады.

Қоғамдық келісім кеңестері құрылғалы билік пен халық арасындағы алтын көпірдің қызметін атқаруда. Өйткені, жергілікті мәселелерді шешуде жергілікті басқарушы орындармен бірлесе отырып, шешім қабылдауда қоғамдық келісім кеңестерінің қызметі зор екендігін халық көріп отыр. Жергілікті жерлерде инфрақұрылым жағдайлары, атап айтқанда, жарық жүргізу, газ тарту, таза ауыз су мен жол тарту мәселелері, күрделі жөндеуді қажет ететін балабақша, мектеп, мәдениет үйлері, әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасылар жайын шешуде, халықтың ойымен билік санасуы үшін ұсыныстар айтуда және тағы басқа мәселелерді шешуде жергілікті жердегі билік өкілдерімен қоса Қоғамдық келісім кеңестері секілді көмекші ұйымның жұмысы қажет-ақ.

Сондай-ақ, Кеңес қызметі қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік топтарды, мемлекеттік емес ұйымдарды қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті құру мен күшейту үрдісіне тартуға, қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, әлеуметтік және қордаланған басқа да мәселелерді шешуге атсалысуға, қайырымдылықты, бітімгершілікті-медиацияны, делдалдықты және қоғамдық басқару жүйесін дамытуға бағытталған. Осынау шаралардың барлығы бүгінде азаматтық қоғамның дамуына ықпал етіп, халықтың пікірі мен ұсыныстары Кеңестер арқылы айтылып, билік басшысына жеткізілуде.

Мәселен, биылғы жылы Кеңестер медиацияға, еңбек даулары мен жанжалдарға қатысты және оның алдын алуға, жасөспірімдер арасындағы қылмысқа арналған арнайы семинарлар мен тренингтер ұйымдастырған. Сондай-ақ, тағы да осы Қоғамдық келісім кеңестерінің ұйытқы болуымен жастарға қатысты дау-жанжалдардың алдын алу мен жастар мәселесін шешуге арналған арнайы жиындар әртүрлі оқу орындарындағы студенттер арасында өткізілді. Елбасы Жолдауларын түсіндіру, 100 нақты қадам, Рухани жаңғыру, Цифрлы Қазақстан секілді мемлекеттік бағдарламалар мен тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру, әлеуметтік шиеленісті жағдайлардың алдын алу, ұлтаралық татулықты нығайту мақсатында этномәдени бірлестіктер арасында, еңбек ұжымдарында, қала кәсіпорындарында жаңа қабылданған заңдарды түсіндіру семинарлары, кездесулер, дәрістер де тұрақты өткізіліп тұрады. Мұның өзі халықтың пікірімен санасуға ықпал етіп отырғаны анық. Айта кетер жайт, осы бағытта Парламент Мәжілісінің депутаттары мен Сенат депутаттары арнайы Достық үйлерінде халықпен кездесу ұйымдастырып отырады. Заң қабылдаушы орган өкілімен кездесулер халықтың ұсыныс, ой-пікірлерін жоғарыға жеткізудегі мүмкіндіктердің бірі.

Қазақстан халқы Ассамблеясына қарасты Қоғамдық келісім кеңесі жергілікті өзін өзі басқару органдарымен тұрақты түрде қарым-қатынас жасай отырып, жергілікті басқарушы орындарда әлеуметтік-экономикалық дамыту іс-шараларының өткізілуін қоғамдық бақылап, тұрғындар мәселелерін қарастыруда. Кеңес қажеттілікке орай тоқсан сайын жиналып отырады. Кеңес шешімдері отырысқа қатысқан мүшелердің дауысқа салуымен шешіледі. Егер кеңес мүшелерінің дауыстары тең түскен жағдайда, жиынға төрағалық етуші тұлғаның дауысы шешуші болып табылады. Республика бойынша 1500-ге жуық қоғамдық келісім кеңестері болса, оның 203-і Түркістан облысында жұмыс істейді. Осы орайда, бір ғана өңірде атқарылып жатқан іс-шараға қарап, баға бере кетсек.

Мәселен, биылғы жылдың І жартыжылдығында оңтүстіктегі қоғамдық келісім кеңестері 218 мәселені қарастырып, мемлекеттік құрылымдарға 149 ұсыным жасаған. Нәтижесінде мемлекет тарапынан берілетін субсидияларға, жер телімдерін ұсынуда ашықтық пен жариялылық үрдісін енгізу, ағынсу тапшылығы, жайылым жерлердің жетіспеушілігі, медиациялық істерде, әлеуметтік мәселелерде, тұрмысы төмен отбасыларға қатысты, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу жайлы мәселелер қарастырылып, шешімін тапқан. Оңтүстіктегі Қоғамдық келісім кеңестерінде ауыл әкімдері мен мемлекеттік мекемелердің және учаскелік полиция инспекторларының жұмыс істеу есептерін тыңдау тәжірибеге енгізілген. Алдағы уақытта да қоғамдық келісім кеңестері мемлекет пен қоғамдық күштердің бірігуін қамтамасыз етіп, тұрақтылықты, азаматтық бейбітшілікті, реформалар бағдарламасын орындауда, бірлікті нығайтуда қоғамдық келісім кеңестерінің рөлі жоғары боларына сенім мол!

Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығы

Расында да, Қазақстан халқы Ассамблеясына қарасты Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығы барын көп адам біле бермейді. Еліміздегі татулық пен тұрақтылықты сақтауда қыруар іс жасап отырған мұндай ұйымның маңызы зор. Осыны сезген Елбасымыз «Этносаралық қатынастар — бұл ғылым және өте күрделі. Әрқайсысы ұлтаралық қатынастардың маманы болуға тырысады, әрқайсысы осы мәселе бойынша сөйлегісі келеді. Қолы таза еместерге кірісуге болмайды. Бұл нәзік материя — адамдар арасындағы қатынастар, әсіресе, этносаралық, дінаралық қатынастар жайы сөз болғанда... ғылыми зерттеу саласының ерекше назарын талап етеді» деген болатын.

Осыдан соң 2011 жылы этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу және этносаясат, этностар проблемасы мен конфессия мәселелерін зерттейтін, мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының арақатынасын жақсартумен бірге тиімді әрекет етуін, еліміздегі өзге де этностардың этникалық мәдениетін, тілдері мен әдет-ғұрып, дәстүрлерінің шығу, сақталу және даму мәселелерін зерттеу, қоғамда этносаралық келісім мен толеранттылықты нығайту үшін жағымды жағдайлар жасау мақсатында Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығы құрылды.

Содан бері этносаралық және конфессияаралық келісімінің қазақстандық моделін дамытудың іргелі ғылыми-зерттеу базасы болып табылатын Орталық сәтті жұмыс істеп, Ассамблеяның бірегей институт ретінде қалыптасуына қызмет етіп келеді. Ассамблеяның тиімді жұмыс істеуіне ықпал етіп отырған бұл орталықтың жұмысына да шетелдіктер жоғары баға беріп отыр.

Тек үлкен қалаларда ғана емес, еліміздің түкпір-түкпірінде арнайы жиындар өткізіп отыратын орталық бүгінде республика көлемінде этномәдени орталықтарға сүйеу болып отыр.

Осы орайда Ассамблеяның институт ретінде қаншалықты нәтижелі жұмыс істеп жатқанына қатысты маман пікірін ұсынамыз.

Дәурен Бабамұратов, саясаттанушы:

—Тәуелсіздік алғалы бері 100-ден астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп қана қоймай, Қазақстанның біртұтастығына, дамуына, ел бірлігіне, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына бір кісідей қызмет етуі мақтаныш етерлік жайт. Ал, мұны қамтамасыз етіп отырған Ассамблея. Осы орайда Ассамблея институты өзінің көздеген мақсатын толықтай орындап отыр деуге болады. Ассамблеяның түрлі қызметіне орай құрылған кеңестер мен орталықтардың барлығы нәтижелі жұмыстарының арқасында аттары жиі аталып жатады. Қазір, шыны керек, дүние дүбірлеп тұр. Жаһандану процесі кезінде кез келген қауіппен бетпе-бет келуіміз әбден мүмкін. Барлық сынаққа дайын болуымыз қажет. Сондықтан, елдің бірлігі жолындағы шаралардың ешқайсысы артықтық етпейді. Әлемнің көптеген елдерінде ұлтаралық араздықтан ушыққан жағдайларын жиі көріп қаламыз. Мұның бәрі этносаралық қатынастарды бақыламаудан, саясиландырудан шығып отыр. Сыртқы күштер оны өз мақсаттарына тиімді пайдаланып кетіп жатады. Ал, біздің ел біртұтастығымызды сақтай отырып, дамуы — басты идеология саналады. Бұл бағытта дұрыс келе жатырмыз деп ойлаймын. Біз бұдан ауытқысақ, біріншіден, осы уақытқа дейін жиғанымыздан айырыламыз. Екіншіден, ешқандай да даму болмайды. Осы уақытқа дейін түрлі қақтығыстар орын алған елдердің тәжірибесіне қарасақ, даму орнына кері кеткенін байқаймыз. Сондықтан, қоғамның барлық саласының өкілдері бірлесіп қимылдауы қажет. «Басқа ұлт өкілі» деп бөлінбестен, біртұтас ел ретінде мемлекеттің дамуына қызмет етуден ұтарымыз көп. Ең бастысы — татулық, бірлік, ел дамуы. Осыны естен шығармауымыз керек.

Расында да, елімізді осынау жылдар ішінде әлем елдері таныды. Көптеген халықаралық дәрежедегі жиындар, әлем елдерінің көшбасшылары қатысқан іс-шаралардың елімізде ұйымдастырылып өткізіліп отыруы да барлық елдер арасында абырой-беделінің қалыптасып қалғанын байқатады. Еліміздегі тұрақтылықты, ұдайы дамуды өзге елден келген шетелдік сарапшылар жиі сөз етіп жатады. Демек, осы даму үрдісімен еліміздің жетер жетістігі алда екені сөзсіз.

Осы орайда айта кетер жайт, Орталық Азия өңіріндегі этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығы Қазақстанның этносаясатын жетілдіру бойынша ғана жұмыс істеп қоймай, этносаралық және конфессияаралық дамудың әлемдік үрдістерін зерттеуде. Сондықтан, Мәңгілік елдің біртұтастығы да мәңгілік екеніне сенім зор!

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз. 

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға