Жаңалықтар

Қоғамдық көліктер электрондық төлем жүйесіне көшеді

Электронды жүйе
18.04.2016 05:34 5313

Астана қаласының қоғамдық көліктері мамыр айынан бастап электрондық төлем жасау жүйесіне көшеді. Бұл туралы елорда әкімдігі ғимаратында өткен Қоғамдық кеңес отырысында айтылды.

Қоғамдық көліктер электрондық төлем жүйесіне көшеді

Жолаушылар көлігі басқармасының өкілдері қалалық қоғамдық көліктерде электрондық төлем жасау жүйесі карталарын қолданысқа енгізу мамыр айында жүзеге асатынын айтты. 

Біз азаматтардың жеңілдік берілген санаттары үшін арнайы мәліметтер базасын жасап, карталарды дербестендірдік. Олар автобустармен тегін жол жүреді. Бұл ретте валидация жасауға, яғни автобуста картаны пайдалануға міндетті. Оқушыларға да дербес карталар беріледі, оны жазғы демалыс кезінде 30-шы тамызға дейін қолдануға болады, – деді «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы Талғат Ардан.

Қоғамдық көліктер электрондық төлем жүйесіне көшеді 

Карталарды арнайы белгіленген орындардан және жүргізушілерден сатып алуға болады. Егер жолаушының картасы болмаса, ол жолақыны жүргізушінің жанындағы терминалмен электронды карта арқылы немесе қолма-қол ақшамен төлейді. Автобус жүргізушісінің және әрбір есіктің жанына валидатор орнатылады.

ЭТЖЖ жолаушылар тасымалының сапасын арттыруға мүмкіндік береді және осы саланың айқындылығын қамтамасыз етеді.

«Астана LRT» ЖШС баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бүгінгі таңда Астана қаласында 9 автобус паркі жұмыс істейді. Қала ішінде күн сайын 800 автобус қатынайды. Оның 358 бірлігі өткен жылы қалалық қоғамдық көлік жүйесін модернизациялау бағдарламасы бойынша сатып алынған. Қоғамдық көліктерді жаңарту және ескі автобустарды жүйеден шығару жұмыстары әрі қарай жалғасады.

Қоғамдық көліктер электрондық төлем жүйесіне көшеді

Сонымен қатар, қазіргі уақытта жолаушыларға 1 мың 234 жүргізуші мен 1 мың 123 кондуктор қызмет көрсетуде.

Жергілікті өкімет тарапынан қалалық көлік қызметі сапасының дамуы мен жоғарылуына көп көңіл бөлінуде. Айта кетсек, 2015 жылы автобустар тегін сымсыз интернетпен қамтылды. Бұл жобаның басты мақсаты – қызықтырған  ақпаратқа лезде қол жеткізу мүмкіндігі, заманауи коммуникациялық қызметті дәріптеу арқылы, қала тұрғындарының IT-сауаттылығын арттыру.


Айша КЕРЕЙ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға