Коллаж El.kz

Нысанбай жырауды неге ұмыттық?

Қазақтың батырлық жыр дәстүрінің көрнекті өкілі, Кенесары-Наурызбай қозғалысының жыршысы Нысанбай жырау – ұлт тарихында ерекше орын алатын тұлға. Алайда бүгінгі таңда оның мұрасы ескерусіз қалып барады. Осы ретте тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев  El.kz интернет порталының тілшісіне өз көзқарасын білдіріп, жыраудың рөлі мен мұрасының мәнін тереңнен тарқатты.

Нысанбай жырау – қазақтың мүмкін соңғы жырауы деп те айтуға болады, – дейді профессор Жамбыл Артықбаев.

Тарихшы қазақ шежіресі мен тарихи еңбектерде оның есімі аталғанымен, бірақ арнайы үлкен зерттеу жасалмағанын айтады.

Өзім Бұқар жырауға жеке кітап арнадым, бірақ Нысанбайға келсек, тек мақалаларда ғана еске алып келеміз. Бұл – үлкен кемшілік. Себебі Нысанбай – мемлекеттілік идеясының жыршысы, – дейді.

Жамбыл Артықбаевтың айтуынша, жырау – тек жыр айтушы емес, ол – көріпкел, рухани көсем, мемлекетке қызмет еткен тұлға. Бұл тұрғыдан келгенде жырау мен жыршының арасы жер мен көктей. Жыршы – дайын жырды айтатын өнер иесі болса, жырау – болашақты болжап, елдің бағытын көрсететін, халыққа бағыт-бағдар беретін тұлға.

Жырау – бұл ұғым еуропалық халықтар әлі бір-бірінен ажырамаған кезеңде де түркілерде болған. Сондықтан жырауда көріпкелдік қасиет болуы заңды. Мысалы, Бұқар жыраудың көптеген болжамдары өмірде дәл келді. Ол – шығыстық білімнің де иесі. Оның кейбір шумақтары сопылық іліммен үндесіп жатыр. Бұл Ахмет Ясауи ілімімен де жақындастығын көрсетеді, – дейді ғалым.

Тарихшының пайымынша, Нысанбай да білімді, парасатты жырау болған. Сөз саптауының өзі оның көзі ашық, терең ойлы адам болғанын білдіреді және ең бастысы – ол хандық билікті, мемлекеттілікті жыр еткен. Оның шығармашылығының өзегінде – Кенесары хан тұлғасы арқылы бүкіл қазақ мемлекеттілігін жоқтау жатыр.

Нысанбай – мемлекеттіліктің жоқтаушысы. Ол тек Кенесары мен Наурызбайды жырлап қойған жоқ. Тұтас бір дәуірдің, қазақ мемлекеттілігінің кетіп бара жатқанын жоқтаған, тірі тарихты көріп, соған үн қосқан тұлға. Сондықтан мен оны өте жоғары бағалаймын. Бірақ неге ол ұмыт қалды? Себебі біз мемлекеттіліктен айырылдық. Отаршылдық дәуір орнады. Ресейдің ұзын арқан, кең тұсауы ХХ ғасырға дейін жалғасты. Біз жырауларымызды, олардың шығармашылығын тек этнографиялық деңгейде ғана сақтап қалдық. Ал терең зерттеу мен бағалау болмады. Кеңес үкіметі этникалық құндылықтарымыздың көпшілігін жойып жіберді. Осыған байланысты мемлекетті жоқтаған Нысанбайдың аты тарихнамадан өшірілді. Сол себепті есімі көп айтыла бермейді, – дейді профессор.

Нысанбай жырау – ұлттық сананың жаршысы

Қазақ мемлекеттілігінің ең соңғы дәуіріне куә болып, оны шығармашылықпен жоқтаған Нысанбай жыраудың рөлі мен мұрасын қайта бағалау – бүгінгі қоғамдық сана мен мемлекеттік қызметтің рухани негізін күшейтуге ықпал етеді.

Жыраудың қазіргі қазақ қоғамындағы орны өте жоғары бағалануға тиіс. Біз қазір бұл сананы қайта қалыптастыру кезеңінде тұрмыз. Себебі ұзақ жылдар бойы кеңестік жүйе мен одан бұрынғы отарлық саясат біздің басқару жүйемізді, халықтың билікке деген қатынасын терең өзгеріске ұшыратты, – дейді Жамбыл Артықбаев.

Оның айтуынша, қазіргі мемлекеттік қызметте отырған азаматтардың көпшілігі мемлекетті өзінің жеке меншігі ретінде сезінбейді. Бұл – тарихи құлдық сана мен тәуелсіз мемлекеттің толық қалыптаспағанның белгісі.

Құл иесінен ұрлайды, себебі ол иесінің мүлкін өзінікі деп санамайды. Сол сияқты қазіргі кейбір шенеуніктер де мемлекетті «өзінікі» деп сезінбейді. Мемлекетке қызмет ету функциясы жойылған. Сондықтан Нысанбай жырау секілді тарихи тұлғалардың шығармашылығын мектептен бастап, жоғары оқу орындарында, әсіресе мемлекеттік басқару академиясында үйрету қажет, – деді тарихшы.

Нысанбай жыраудың Кенесары қозғалысындағы рөлі туралы айтқанда, профессор Артықбаев оны басты тарихи куәгер әрі дереккөзі ретінде қарастырады.   

Нысанбай – Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық қозғалыстың ортасында болған тұлға ретінде ол хан мен халық арасындағы рухани көпір, дәнекер қызметін атқарып, соңғы сәтіне дейін оған рухани қолдау көрсеткен. Мемлекет құлаған сәтте де ол үнсіз қалмай, тарихи оқиғаларды жоқтау, жыр түрінде фольклорға айналдырып, кейінгі ұрпаққа аманаттап кетті, – дейді.

Тарихшы Кеңес үкіметі тұсында 19 ғасырдағы қазақ қоғамының этноәлеуметтік құрылымы туралы тақырыпта кандидаттық диссертация қорғағанын жеткізді.  

Сол жұмыста Нысанбайдың деректеріне сүйендім. Себебі ол – сол дәуірдің тікелей куәгері, шынайы дерек көзі. Оның шығармаларынан тарихи оқиғалар мен тұлғалар ғана емес, мемлекетті жоғалтудың рухани зардабы да айқын сезіледі. Зар заман ақындарының өзі белгілі дәрежеде Нысанбайдың мұрасын жалғастырды. Ал Нысанбай – сол рухани дәуірдің бастаушысы, – дейді профессор.

Ғалымның айтуынша, бүгінгі жастар тәуелсіздікке жеткен ұрпақ ретінде бұл тарихи кезеңнің рухани, эмоционалдық салмағын толық сезіне бермеуі мүмкін. Ал Нысанбай – отаршылдыққа өтудің ең қиын сәтін бастан кешкен тұлға.

Қазақ мемлекеттілігінің Ресей империясымен қарым-қатынасы үш кезеңге бөлінетінін айтады. Оның айтуынша, алғашқы кезең – протектораттық байланыс кезеңі, бұл 1730 жылдардан 1820 жылдарға дейін созылды.

1822 жылғы Сібір қазақтары туралы жарғы және 1824 жылғы Орынбор қазақтары туралы жарғы қабылданды. Сол сәттен бастап Қазақстан аумағы вассалитеттік, яғни ішкі автономия элементтері сақталғанымен, Ресей билігіне біржақты бағынышты құрылымға өтті. Қазақтың басқару жүйесі округтерге, болыстарға бөлініп, әр деңгейге сұлтандар, болыстар тағайындалды.

Мәселен орта жүзде бұрын біртұтас ұлыс болса, енді ол жетіге бөлінді. Осылайша біртіндеп билік құрылымы ұсақталып, қазақ қоғамының саяси тұтастығы жойыла бастады. 1867-1868 жылдардағы реформалардан кейін біз түбегейлі уездтік басқару жүйесіне көштік. Қазақ билігі тек болыс деңгейінде ғана қалды. Ал бір болыс – ары кетсе екі мың үй. Бұл – толыққанды ұлттық басқарудың жойылуы еді, – дейді Артықбаев.

Осы кезеңде қазақ қоғамы материалдық мәдениет пен тілдік негізін сақтап қалғанын айтады. Алайда саяси тәуелсіздік, басқару тәжірибесі, мемлекеттілік сана сияқты аса маңызды құндылықтар әлсірей түсті. ХХ ғасырда, әсіресе кеңестік дәуірде, бұл ахуал одан әрі ушыға түсті.

Сол себепті бүгін бізге қажет – мемлекеттік сананы жаңғырту. Осы орайда Нысанбай жыраудың шығармашылығы ерекше орын алады. Нысанбайдың мұрасы – жай ғана зерттеу объектісі емес. Бұл – рухани-патриоттық оқулық. Оның шығармалары мектеп бағдарламасына да, ЖОО-ның гуманитарлық және басқару мамандықтарына да міндетті түрде енгізілуі тиіс, – дейді Жамбыл Артықбаев.

Профессордың пікірінше, Нысанбай жырау Кенесары хан қозғалысының көркем шежірешісі ғана емес, сонымен бірге соңғы қазақ ханының идеялық тірегі болған. Ол Кенесары мен халық арасындағы рухани көпір міндетін атқарды.

Сондықтан да Нысанбай шығармашылығы – бүгінгі ұрпақ үшін өткеннің естелігі емес, болашаққа бағыт көрсететін рухани бағдарлама болуы тиіс. Мемлекеттік сана мен тарихи жады тек архивтерде емес, халық жадында, көркем сөзде және жыраулар мұрасында тірі тұруы тиіс.