Нұрсұлтан Тұрсынов грек-рим күресінен олимпиада жолдамасына ие болды
Қазақстандық балуан Нұрсұлтан Тұрсынов Сербия астанасы Белград қаласында мәресіне жеткен әлем чемпионатында грек-рим күресінен олимпиада жолдамасына ие болды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Абай облысының тумасы Нұрсұлтан Тұрсынов (жеке бапкері Ерғазы Сағынаев) 87 келіге дейін салмақта қола жүлде үшін бәсекеде олимпиада чемпионы, украиналық Жан Беленюкқа есе жіберді.
Дегенмен жарыс шарты бойынша жеңіліп қалғандар үшін тағы бір жолдама ойнатылды.
Бұл белдесуде Нұрсұлтан әзербайжандық Ислам Аббасовты 8:0 есебімен бет қаратпай, айқын басымдықпен ұтты.
Сөйтіп өз салмағында бесінші орынға табан тіреп, олимпиада жолдамасын жеңіп алды.
Осылайша, күрес түрлерінен дүниежүзілік додада Қазақстан құрамасына қос жолдама бұйырды.
Бұған дейін еркін күрестен Азамат Дәулетбеков қола жүлдегер атанып, олимпиада лиценциясын қанжығасына байлаған еді.