Нұрлан Ұранхаев Премьер-министрдің кеңесшісі болып тағайындалды
Ақмарал Ағзамқызы El.kz тілшісі
Абай облысының бұрынғы әкімі Нұрлан Ұранхаев Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кеңесшісі қызметіне тағайындалды. Бұл ақпаратты ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жаңа лауазымында ол өнеркәсіп және құрылыс салаларына жауапты болады.
Нұрлан Ұранхаев 1987 жылы В.И. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын «инженер-механик» мамандығы бойынша аяқтаған. 2001 жылы Қазақ қаржы-экономикалық институтында «экономист-менеджер» біліктілігін, ал 2006 жылы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінде «инженер-құрылысшы» мамандығын игерген.
Еңбек жолын 1987 жылы слесарь-монтажшы болып бастаған. Кейіннен Семей қаласындағы «Казпромтехмонтаж» тресінің монтаждау басқармасында шебер, прораб қызметтерін атқарды.
1990–2001 жылдары бірқатар жеке кәсіпорындарда басшылық лауазымдарда жұмыс істеді. Атап айтқанда, «Зергер» корпорациясын, «Аккус» АҚ, «Сұңқар» ЖШС және «Казиркутсклес» бірлескен кәсіпорнын басқарды.
2003 жылдан бастап Шығыс Қазақстан облысында энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, құрылыс және көлік басқармаларының басшысы, облыс әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды.
Сонымен қатар:
-
ҚР ТЖМ Мемлекеттік материалдық резервтер комитеті төрағасының орынбасары,
-
ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы,
-
ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің индустриялық-инновациялық даму бөлімінің меңгеруші орынбасары болды.
Әр жылдары Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Тұтынушылар құқықтарын қорғау агенттігі төрағасының орынбасары, «ҚазҚСҒЗИ» АҚ бас директоры, Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында сәулет және қала құрылысы басқармаларын басқарды.
2022 жылдың маусымынан 2025 жылдың ақпанына дейін Абай облысының әкімі қызметін атқарды.

