©El.kz

Нұрлан Сапарбай әлем чемпионатын сәтті бастады

Аса ауыр салмақта өнер көрсететін қазақстандық боксшы Нұрлан Сапарбай Дубайда (БАӘ) өтіп жатқан IBA әлем чемпионатында алғашқы жекпе-жегін сәтті аяқтады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

92 келіден жоғары салмақта 1/8 финалда шаршы алаңға шыққан Сапарбай IBA-PRO лигасының өкілі Иман Раамезанпурделвармен күш сынасты. Үш раундқа созылған тартысты айқастың қорытындысы бойынша қазақстандық боксшы төрешілердің бөлінген шешімімен (4:1) жеңіске жетті.

Осы нәтижеден кейін 2025 жылғы Қазақстан чемпионы Нұрлан Сапарбай ширек финалға жолдама алды. Ал оның қарсыласы жарыс жолын осы кезеңде аяқтады.

Айта кетейік, әлем чемпионаты 13 желтоқсанға дейін жалғасады. Турнирдің жалпы жүлде қоры – 8,32 миллион доллар.