Жаңалықтар

Нұрлан Өнербаев Түркістан облысының "Құрметті азаматы" атанды

Нұрлан Өнербаев Түркістан облысының "Құрметті азаматы" атанды
Фото: gov.kz 30.08.2024 18:44 500

Түркістанда Конституция күніне орай "Айбары мықты – Ата Заң" мерекелік іс-шарасы өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Салтанатты жиынға облыс әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, өңірдің жетістіктері туралы баяндама жасады. Сонымен қатар тұрғындарды мерекемен құттықтады.

Сіздерді еліміздің маңызды мерекесі – Конституция күнімен құттықтаймын! Бұл мереке – дербестігіміз бен даралығымыздың айғағы, елдігіміз бен ерлігіміздің байрағы. Мемлекеттігіміздің кешегісі мен келешегінің кепілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен өңірде ауқымды жобалар қолға алынды. Осы маңызды істерді атқаруға үлес қосып жүрген баршаңызға алғысымды білдіремін. Облыс тұрғындарының 80 пайызы ауылды елді мекендерде тұрады және ауылды жерлерді қажетті инфрақұрылыммен қамту – басты бағытымыздың бірі. Еліміз бұдан әрі дамуы үшін әрбір азамат Ата заңымыздың ұстанымын қатаң сақтай отырып, еңбек ете білуі тиіс. Бұл ретте, "Еңбек адамы" бейнесін насихаттау болашақ ұрпақ үшін таптырмас үлгі болары хақ. Ата заңды ардақ тұтқан өнегелі еліміз өркендей берсін, – деді облыс әкімі.

"Конгресс холл" көпсалалы кешенінде өткен іс-шарада өңір басшысы бірқатар азаматтарды марапаттады. "Құрмет" және ІІІ дәрежелі "Еңбек Даңқы" ордені, "Ерен еңбегі үшін" медалі сынды мемлекеттік наградаларын табыстады. Сонымен қатар облыстың Құрметті азаматы атағын тапсырды. Оның ішінде қоғам қайраткері, Түркістан облысының бұрынғы әкімі Өмірзақ Шөкеев, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тұңғыш төрағасы, құрметті муфти Рәтбек қажы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Өнербаев және мемлекеттік және қоғамдық қызметте еңбек сіңірген, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар бар.

Салтанатты жиын әрі қарай концерттік бағдарламаға ұласты.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға