Жаңалықтар

Нұрлан Ноғаев: Ақтаудың инженерлік желілері 80%-ға тозған

Нұрлан Ноғаев: Ақтаудың инженерлік желілері 80%-ға тозған
Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі 05.05.2023 22:26 685

Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Қоғамдық кеңес мүшелерімен кездесті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Жұртшылықпен кездесуде өңір басшысы Нұрлан Ноғаев өңір халқын коммуналдық қызметтер сапасы толғандыратынын айтты.

Бүгінгі таңда Ақтаудың инженерлік желілері орта есеппен 80%-ға тозған. Президент Үкіметке облыс орталығындағы инженерлік желілерді қайта жаңартуға қажетті қаражат бөлуді тапсырды. Өңірдегі су тапшылығы мәселесін шешу жолы- «МАЭК» - ті жергілікті әкімдікке, коммуналдық меншікке беру болды. Қоғамда бұл шешім екі түрлі көзқарас қалыптастырғанын айтып өткен жөн. Алайда кәсіпорынды коммуналдық меншікке берудің нәтижесінде біз кәсіпорынды жаңғырту бағдарламасын әзірлеу мүмкіндігіне қол жеткіздік. Бағдарлама шеңберінде жобаларды жаңғырту үшін 128 млрд. теңге көлемінде қаржы қажет болады. Халықты сапалы коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету мақсатында 2026 жылға дейін Ақтау қаласының 25 шағын ауданын 5 аймаққа бөле отырып, 919 шақырым инженерлік желілерді (су, кәріз, жылыту) жаңғыртуды жүргізу жоспарлануда, - деді облыс әкімі.

Су тапшылығы туралы айта келе, өңір басшысы су ресурстарының жетіспеушілігі ауыл шаруашылығының дамуына кері әсерін тигізетінін атап өтті.

Облыстағы су мәселесі әсіресе соңғы жылдары қатты сезілуде. Облыс аумағында ауа-райы шектен тыс ыстық болғаны рас. Ал су тапшылығы ауыл шаруашылығының өсіміне кері әсер етеді. Азық-түлік бағасының өсуі жергілікті халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына ғана емес, сонымен қатар аймақтағы азық-түлік бағасының қауіпсіздігіне де әсер етті. Осыған байланысты біз жағдайды тұрақтандыру үшін жүйелі шаралар қабылдап жатырмыз, - деді Нұрлан Ноғаев.

Бұл мәселені шешу үшін Маңғыстау облысының әкімдігі жеті су тұшыту зауытын салуды жоспарлап отыр. Осы мақсатта облыстың 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының бекітілген кешенді жоспары шеңберінде барлық қаржыландыру көздерінен 236,8 млрд теңге қажет болады.

Нұрлан Ноғаев Маңғыстау аумағындағы күрделі климаттық жағдайларға қарамастан ауыл шаруашылығын әлі де дамытуға болатынын айтты. Биыл Маңғыстауда ауыл шаруашылығын дамытуға 1,9 млрд теңге бөлінді. Мал шаруашылығы саласын субсидиялау мөлшері 2021 жылы 127 млн теңгеден 2023 жылы 818 млн теңгеге дейін ұлғайды.

Сондай-ақ, өңірде ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында біз ауыл азаматтарына «Ауыл аманаты» атты несие беру жобасын іске асырамыз. Жоба шеңберінде жылына 2,5% -бен 5-7 жыл мерзімге шағын несиелер беріледі. Жалпы сомасы 1,2 млрд теңгеге 250 жобаны іске асыру жоспарлануда. Жоба ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға және проблемаларын жедел шешуге мүмкіндік береді деп ойлаймын. Сонымен қатар, мемлекет ұсынатын субсидиялар, сондай-ақ жеңілдетілген несие өңірдегі кәсіпкерлікті дамытуға және жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ықпал етуі тиіс, - деді жиын барысында өңір басшысы.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға