ЖИ

Нұрай трагедиясынан кейінгі сталкинг құрбандарының жан-айқайы қандай?

02.03.2026 11:26

Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбайдың кісі қолынан қаза табуы еліміздегі сталкинг мәселесінің қаншалықты қауіпті деңгейге жеткенін тағы бір мәрте көрсетті. Осы трагедиялық жағдайдан кейін сталкерлердің аңдуында жүрген бойжеткендер мәселені ашық түрде әлеуметтік желілерде жазып, дабыл қағып жатыр. Жалпы сталкер дегеніміз кім? Мұндай адамдардың барлығын психологиялық ауытқуы бар деуге бола ма? Сталкердің қысымына тап болған жағдайда қалай қорғану керек? Сталкингке тап болған қыз-келіншектермен және мамандармен кездесіп, мәселенің шешімін бірге іздеп көрдік.

«Тура Нұрайдың оқиғасы менің басымнан өтіп жатыр»

Қызылорда қаласының тұрғыны Жазира Қуанышбай әлеуметтік желідегі парақшасында жарты жылдан бері бейтаныс адамның өзін аңдып жүргенін жазып, шұғыл көмек сұрады. Айтуынша, құзырлы органдар арызын қабылдамаған.

Threads желісіндегі жазба

Қазір көшеге жалғыз шығуға қорқамын. Баратын жеріме көбіне таныстарыммен бірге баруға тырысамын немесе 102 нөміріне хабарласамын. Алайда құзырлы органдардан жиі еститін жауабым – «Әзірге қауіп жоқ, тірісіз ғой, – дейді ол.

Жазира Қуанышбай «e-Otinish» арқылы екі рет шағым жолдағанын, полиция мен прокуратураға барып барлық дәлелді ұсынғанын айтты. Алайда соңғысы, яғни қадағалаушы орган мұндай істердің құзыретіне кірмейтінін айтып, өтінішін полицияға жолдаған.

Жазира полиция бөліміне барып, аңду фактісін дәлелдейтін заң нормаларын көрсеткенін, сондай-ақ күдікті адамның деректерімен қатар фото және видео айғақтарды тапсырғанын жеткізді. Соған қарамастан, іс «қылмыс құрамының болмауына байланысты» жабылған.

                Сонда мен де Нұрай сияқты қайғылы жағдайды күтіп отыруым керек пе? Қашан қорықпай, еркін жүремін? Осы жағдай жарты жылдан бері жалғасып келеді. Белгісіз адам күн сайын үйім мен жұмысымның маңына келіп тұрады. Мені танитын адамдардың көбі оны да танып қалды. Менің жалғыз тілегім –  үйіме аман-есен, қорықпай оралу, – дейді Нұрай.

 Ең қызығы, Жазира әлеуметтік желіде жағдайды ашық баяндап, қоғамдық резонанс туындаған кезде ғана құқық қорғау органдары арызды қабылдап, осы жайт бойынша тексеру жұмысын жүргізуді бастады.

                                 Сталкинг – бұл романтика емес

  Көпшілігіміз «Махаббат қызық мол жылдар» секілді романтикалық шығармаларды оқып өстік. Ондағы «қыздың «жоқ» дегені – «иә» дегені» деген түсінік баяғы сол жылдардың көзқарасы еді. «Көнбейтін қыз болмайды, көндіре алмайтын жігіт болады», «қымызды кім ішпейді, қызға кім сөз салмайды» деген тіркестер қазір мүлдем ақылға қонымсыз. Бүгінгі қоғамда қыздың «жоқ» дегені – нақты әрі түпкілікті «жоқ». Бірақ осы қарапайым шындықты қабылдай алмай, «сен бәрібір менікісің» деп соңынан қалмайтындар бар. Мұндай әрекет  романтика емес, бұл – сталкинг, яғни жүйелі қудалау. Дәлірек айтқанда, психологиялық қысым, жеке басына қауіп төндіру, заңға қайшы әрекет.

                  Қауіпті қарым-қатынастың психологиялық динамикасы

Психолог Ұлмекен Сәндібекызының айтуынша, қарым-қатынас контекстінде шектен тыс қызғаныш, бақылау, тұрақты хабарлама жазу, аяқ астынан үй немесе жұмыс маңынан көріну сынды әрекеттердің  артында терең психологиялық механизмдер мен қауіпті паттерндер тұруы мүмкін.

Психологияда сталкер (ағылшын тіліндегі to stalk - аңду сөзінен шыққан)  – басқа адамның жеке шекарасын бұзып, рұқсатынсыз оны мақсатты түрде бақылап, іздеп, тұрақты түрде хабарламалармен мазалап, психологиялық қысым көрсететін адам. Бұл –  ең алдымен мінез-құлық паттерні. Ол кей жағдайда тұлғалық ерекшелік деңгейінде (шекаралық, нарциссистік, обсессивті түрде), ал кейде психопатология аясында көрінуі мүмкін. Яғни мәселе тек «қатты жақсы көруде» емес, бақылауға, иеленуге және жоғалтудан қорқуға байланысты ішкі қажеттіліктерде жатыр, – дейді Ұлмекен Сәндібекқызы.

Ұлмекен Сәденқызы, психолог

Маманның айтуынша, сталкердің аффективті эмпатиясы көбіне төмен болады. Яғни ол жәбірленушінің эмоциялық ауырсынуын толық сезіне бермейді. Дегенмен когнитивті эмпатиясы сақталуы мүмкін: ол өзінің мазалап жүргенін, шекара бұзып жатқанын түсінеді. Бірақ ішкі қажеттілігі - иелену, бақылау, жоғалтудан қорқу – бәрінен басым түседі. Ішкі жауапкершілік пен эмоциясын реттеу дағдысының жетіспеуі бұл мінезді тоқтатуға мүмкіндік бермейді екен.

Сталкер үшін «жоқ» деген жауап жай ғана бас тарту емес. Бұл қабылданбау, құнсыздандыру травмаларын, нарциссистік жараны, бақылауды жоғалту қорқынышын қоздырады. Әрине, эгоға соққы болады. Кей тұлғаларда нарциссистік бұзылыс белгілері байқалып, олар «жоқты» жеке басына жасалған шабуыл ретінде қабылдауы мүмкін. Сондықтан нақты шекара қойылған сәттен кейін эскалация күшеюі ықтимал, – дейді психолог маман.

Негізінде түптеп келгенде махаббат пен иеленуді шатастыру да осы тұстан басталады. Сталкер махаббатты «тек менікі болу» деп түсінеді. Жақындықпен тек бақылаумен  жүрсе ғана мазасыздығы азайып, өзін қауіпсіз сезіне бастайды. Көп жағдайда мұндай мінез тастап кету травмасымен, қабылданбау қорқынышымен немесе бақылаушы ата-анамен өскен тәжірибемен байланысты болуы мүмкін. Алайда психолог атап өткендей, травма мінездің түп-тамырын түсіндіруі мүмкін, бірақ оны ақтамайды.

                      Ажырасқаннан кейінгі аңду

  Алматы қаласының 22 жастағы тұрғыны Гаухар Қамзаның өмірі төрт жыл бұрын түбегейлі өзгерген. Ол 18 жасында әлеуметтік желі арқылы танысқан жігітімен араласа бастайды. Қарым-қатынас жылдам дамып, бір күні жігіт оны алып қашады. Сол кезде жас қыз ата-анасының үйіне қайтпай, қалуды таңдаған. Кейін олар заңды түрде некесін қиып, отбасылық өмірді бастайды.  

   Шынымен де осы адаммен өмірімді өткіземін деп сендім. Басында бәрі жақсы сияқты көрінді, – дейді ол.

  Төрт жыл ішінде олардың тұңғышы дүниеге келеді. Алайда уақыт өте келе ерлі-зайыптылар арасындағы түсініспеушілік жиілеп, жанжал көбейе бастаған. Гаухар өзін еркін сезінбегенін, үнемі психологиялық қысымда жүргенін айтады.

  Көп нәрсеге шыдадым. Бұл – отбасым ғой, бәрі түзеледі деп ойладым. Бірақ өте қатты шаршадым. Күйеуім алты айлап үйге келмейді, мені тек отбасына қараушы ретінде қалдырып кеткендей, - дейді ол.

   Ақырында Гаухар ажырасу туралы шешім қабылдайды. Осыдан кейін жағдай күрделене түскен. Бұрынғы күйеуі қайта қосылуды талап етіп, күні-түні телефон соғып, түрлі хабарламалар жібере бастаған. Оның қысымына қарамастан келіншек жаңа өмір бастау үшін Астанаға жұмыс істеуге көшеді. Алайда бұрынғы жұбайы мазалауын тоқтатпай, басқа байланыс нөмерлер арқылы хабарласып, әлеуметтік желілер арқылы да жазуын жалғастырған. Тіпті Астанадағы тұратын мекенжайын тауып алып, соңынан келіпті.

Есік алдында тұрғанын көргенде қатты қорықтым. Мен тек тыныш өмір сүргім келді, – дейді Гаухар.

Гаухардың оқиғасы - қарым-қатынас ресми түрде аяқталса да, психологиялық қысым мен бақылау тоқтамауы мүмкін екенін көрсететін мысалдардың бірі. Мамандардың айтуынша, бұл интимдік сталкинг. Яғни бұрынғы серіктесін жібере алмай, қызғанышпен бақылап жүру. «Сен менікісің» деген позицияны ұстану.

Жалпы сталкингтің мұнан бөлек обсессивті түрі де болады. Көбіне ол шынайы қарым-қатынас болмаса да сталкердің өз қиялында «біз бірге болуымыз керек» деген ішкі сенімі. Одан бөлек сталкингтің кек алу мақсатындағы түрі де бар. Ол көбіне қарым-қатынас үзілгеннен кейін қорқыту, жала жабу, ар-намысына тиетін әрекеттер жасауға ұласады. Нұрайдың оқиғасы мұның айқын мысалы. Сонымен қатар киберсталкинг түрі де қазір қоғамда белең алып барады. Бұл көбіне әлеуметтік желіде аңду, жалған аккаунттардан жазу, үнемі геолокацияны бақылау секілді әрекеттермен ерекшеленеді.

              Жеке шекараны бұзудың психологиялық салдары

 Психиатр Бибарс Бекзатұлының айтуынша, сталкинг құбылысын тек құқықтық тұрғыдан қарастыру жеткіліксіз. Маман оның психологиялық табиғатын түсіну агрессор әрекетін алдын ала болжауға және жәбірленушінің қауіпсіздігін қорғауға көмектесетінін айтады. Қоғам кейде «мазасыз ғашықтың әрекеті» деп қабылдайтын құбылыстың астарында мінез-құлықтық немесе клиникалық ауытқулар жатуы мүмкін.

 Cталкинг психиатриялық диагноз ретінде халықаралық аурулар классификациясында жеке көрсетілмеген. Бұл - адамның біреуді оның еркінен тыс қайта-қайта бақылау, аңду немесе мазалау түріндегі патологиялық мінез-құлық үлгісі. Маманның пікірінше, мұндай әрекеттер көбіне психикалық ауытқулардың белгісі ретінде көрінуі мүмкін. Оның пайда болуына бірнеше фактор әсер етеді. Бір жағдайда адамда психоздық бұзылыстар байқалып, ол өз әрекетін «ол мені жақсы көреді» деген қате сеніммен (эротомания) ақтауы мүмкін. Екінші жағдайда тұлғалық мінез-құлық ауытқулары болып, адам бақылау арқылы өзін маңызды сезінуге тырысады.

  Сталкинг тек сыртқы қауіп емес, ол адамның психологиялық жағдайына терең әсер ететін ауыр травмалық фактор болуы мүмкін. Жәбірленушілерде кінә сезімі, тұрақты қорқыныш, ұйқының бұзылуы, депрессиялық көңіл күй және посттравмалық стресс белгілері пайда болуы ықтимал, – дейді психиатр Бибарс Бекзатұлы.

Маманның айтуынша, сталкинг туралы ақпараттың жария болуы бұрын зорлық-зомбылық көрген адамдарда қосымша үрей туғызуы мүмкін. Олар «келесі құрбан мен болуым мүмкін» деген қорқыныш сезімін бастан кешіреді. Психиатриялық тәжірибе көрсеткендей, сталкермен диалог орнату жағдайды ушықтыруы мүмкін. Себебі агрессор мұны үміттің белгісі ретінде қабылдауы ықтимал. Сондықтан ең тиімді тәсіл - байланысты толық тоқтату, жеке шекараны қатаң сақтау және барлық қысым фактілерін құжаттап, құқық қорғау органдарына хабарлау.

Бибарс Бекзатұлы, психиатр

Қудалау фактісін дәлелдеудің құқықтық жолдары


 Заңгер Арман Шәріповтың айтуынша, мәселенің өзегі - заңсыз қудалау. Мұнда міндетті түрде ұрып-соғу немесе күш қолдану болмауы мүмкін. Дегенмен адамның тұрақты түрде ізіне түсуі, байланысқа мәжбүрлеуі, күтпеген жерден пайда болуы, тыныштығын бұзуы – жәбірленушінің қауіпсіздігі мен еркіндігіне қол сұғатын әрекеттер.

Егер өзіңізді жәбірленуші ретінде сезінсеңіз, ең басты қадам – құқық қорғау органдарына дер кезінде хабарласу. Жақын маңдағы полиция бөліміне, учаскелік инспекторға немесе полиция басқармасына барып арыз жазу қажет. Арыздың нақты формасы жоқ, алайда мән-жайды толық әрі нақты көрсету маңызды: қудалау қашан басталды, қалай көрініс тапты, күнделікті өмірге қалай әсер етті деген сынды сауалдардың жауабын толық қамту қажет, – дейді. 

Сталкингке қатысты дауда көп жағдайда шешуші мәселе – дәлелдің сапасы. Заңгер арызға қоса тіркеуге болатын - нақты дәлелдер пакетін атап өтті:

  • -мессенджерлердегі хат алмасулар (скриншот, чат тарихы);
  • -қоңыраулар тарихы (күні, уақыты, нөмірі);
  • -аудио/видео хабарламалар;
  • -бейнебақылау камераларының жазбалары (үй маңы, подъезд, кеңсе, қоғамдық орындар);
  • - куәгерлердің түсініктемесі (көрші, әріптес, дос, туыс - кез келген куә).

Осындай дәлелдер болып тұрып, полиция арыздан кейін тиісті шара қолданбаса, жәбірленуші полиция басшылығына, министрлікке немесе прокуратураға шағым түсіруге құқылы. Шағымда арызды қабылдамау, тіркемеу, тексеруді созу, әрекетсіздік сияқты жайттарды нақты көрсету қажет, - деп қосты заңгер. 

 Егер аталған әрекеттер бойынша нақты дәлелдемелер ұсынылмаса, өкінішке қарай, құқықтық қорғау тетіктерін іске қосу қиынға соғуы мүмкін. Себебі заң талаптары бойынша кез келген шағым немесе арыз нақты дәлелдерге сүйенуі тиіс. Дәлелдер болмаған жағдайда құқық қорғау органдары істі толық әрі объективті бағалай алмауы ықтимал.

 Қорқынышсыз, тыныштықта өмір сүру – адамның ең үлкен байлығы. Әрбір жан өз үйіне сеніммен оралып, көшеде алаңсыз жүріп, үрейді емес, еркіндікті сезінгісі келеді. Ал сталкинг - тек жеке адамның емес, тұтас қоғамның жауапкершілігін талап ететін күрделі әлеуметтік және психологиялық мәселе. Сол себепті мамандар сталкерлерді жазалау шараларының күшейтілгенін және жәбірленуші арызын қабылдау процесінің әлі де жетілдірілгенін қалайды.

Мақала авторы: Ақерке Азатқызы