Фото: instagram.com/ayankhan_omarov_advocate

Нұрай Серікбай ісі: күдікті неге психиатриялық мекемеге жатқызылды?

Шымкенттегі Нұрай Серікбайдың оқиғасы қоғамда үлкен резонанс тудырды. Марқұмның өліміне қатысты қылмыстық іс аясында басты күдікті психиатриялық мекемеге жатқызылды. Бұл шешімнің себептерін Шымкент қаласының полиция департаменті ресми түрде түсіндірді.

Ведомствоның мәліметінше, күдіктіге қатысты кісі өлтіру, некеге мәжбүрлеу және қудалау деректері бойынша тергеу амалдары жалғасуда. Құқық қорғау органдары істің ерекше бақылауда екенін атап өтті.

Полиция өкілдерінің айтуынша, күдіктіге екі мәрте сот-психиатриялық сараптама жүргізілген. Екі тексерудің қорытындысы да бір-біріне сәйкес келіп, оның психикалық ауытқулары бар екенін көрсеткен. Осыған байланысты күдікті мәжбүрлі түрде арнайы медициналық мекемеге ем қабылдауға жіберілген.

Полиция департаментінің өкілдері бұл туралы:

Екі рет жүргізілген сот-психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес, күдіктінің психикалық ауытқулары бар екені анықталды. Осыған байланысты ол арнайы медициналық мекемеге мәжбүрлі ем қабылдауға жіберілді. Емдеу аяқталған соң күдікті тергеу әрекеттерін жалғастыру үшін қайтадан тергеу изоляторына жеткізіледі, – деп мәлімдеді.

Сонымен қатар, тергеушілер жәбірленуші тараппен тұрақты байланыс орнатқанын жеткізді. Полицияның айтуынша, барлық процессуалдық шешімдер заң аясында түсіндіріліп, сараптама нәтижелері мен іс материалдары бойынша ақпарат беріліп отыр.

Ведомство өкілдері азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырып, жалған ақпарат тарату заңмен жазаланатынын ескертті.

Туыстарының күдігі: «Бұл симуляция болуы мүмкін»

Алайда марқұмның туыстары ресми қорытындыларға күмәнмен қарап отыр. Нұрайдың ағасы Сұлтан Серікбайдың айтуынша, күдікті екі қалада Шымкент пен Алматыда сараптамадан өткен. Бірақ екі жағдайда да бірдей қорытынды берілгеніне қарамастан, олар бұл нәтижемен келіспейді.

Сұлтан Серікбай бұл туралы:

Алғашқы сараптама Шымкентте өтті, онда психикалық ауытқу бар деген қорытынды жасалды. Біз оған сенбей, Алматыда қайта тексеруді талап еттік. Бірақ ол жақта да дәл сондай қорытынды берілді. Дегенмен біз мұны симуляция болуы мүмкін деп санаймыз, – деді ағасы. 

Оның сөзінше, күдікті бұған дейін қоғамда қалыпты өмір сүрген, сырт көзге ешқандай психикалық ауытқуы байқалмаған. Сондықтан туыстары бұл жағдайды жазадан жалтарудың бір тәсілі болуы мүмкін деп есептейді.

Сондай-ақ ол қазіргі таңда күдіктінің Талғар қаласындағы мамандандырылған психиатриялық орталықта ем алып жатқанын айтты.

«Іс ашық қаралсын»: отбасы талабы

Марқұмның жақындары тергеудің жабық форматта өтіп жатқанына алаңдаулы. Олардың пікірінше, күдіктінің уақытша ұстау изоляторында емес, медициналық мекемеде болуы қоғамда күдік туғызады.

Сұлтан Серікбай бұл жағдайға қатысты:

Қазір ол тергеу изоляторында емес, психикалық орталықта ем алып жатыр. Бұл бізге күмән тудырады. Егер шынымен симуляция болса, бұл – жазадан қашудың жолы, – деді.

Ол отбасының жағдайы ауыр екенін жеткізіп, әділдікке деген үмітін жасырмады:

Біздің отбасымыз үшін бұл орны толмас қайғы. Әке-шешем қатты қиналып жүр. Біз тек істің әділ тергеліп, кінәлі адамның заң алдында жауап беруін қалаймыз, – деді ол.

Туыстары сот процесін ашық форматта өткізуді, онлайн трансляция ұйымдастыруды және істі созбалаңға салмауды талап етуде. Сонымен қатар, олар күдікті тараптың материалдық жағдайы тергеуге ықпал етуі мүмкін деген алаңдаушылық білдірді.

Сұлтан Серікбайдың айтуынша, қоғам мен ақпарат құралдарының назарында болу – істің әділ қаралуына ықпал ететін маңызды фактор.

Ол өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан әділдік қағидаларына сілтеме жасап:

Президент айтқандай, бұл – үлкен трагедия. Сондықтан бұл іс әділ қаралуы тиіс, – деді.

Еске салайық, қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студентті жас жігіт асқан қатігездікпен пышақтап өлтірген еді. Нұрай Серікбай оқиға орнында тіл тартпай кетті. Күдікті көзі тірісінде қыздың қыр соңынан қалмай, тіпті алып қашқаны да анықталған.

Полиция адам өлтіру мен сталкинг баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр. Алайда араға үш ай салып 28 жастағы жігіттің уақытша ұстау изоляторынан Талғардағы психикалық орталыққа ауыстырылғанын марқұмның туыстары түсінбей отыр.