Жаңалықтар

Нұраддин Садықов: Мақсатым – елімізден кемі екі-үш Хабиб Нурмагамедов шығару

Нұраддин Садықов: Мақсатым – елімізден кемі екі-үш Хабиб Нурмагамедов шығару
Фото: instagram.com/nuraddins 10.05.2024 23:14 810

OCTAGON лигасы әлемге танымал UFC жұлдызын жасақтау үшін барын салып жатыр. Тіпті дәл қазір шығынға жұмыс істеп жатқан да көрінеді. Ұйымның негізін қалаушы, спорт менеджері, промоутер, қоғам белсендісі Нұраддин Садықов тынбай еңбек етіп, Хабиб Нурмагамедов секілді жұлдыздарды шығаруды көздейтінін айтады. Бірақ бұл жолда да кедергілер аз емес. Маманның аралас жекпе-жектегі проблемалар туралы да пікірін білдік, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

– Нұраддин, промоутерлікке қалай келдіңіз? Әңгімені осыдан бастасақ.

– Негізі мамандығым – филолог. Магистратура, сонан соң докторантура оқыдым. Кейін Германияның Гумболбдт университетінде тағылымдамадан өттім. Студент кезімде жекпе-жек түрлеріне ара-тұра барып тұратынмын. Сөйтіп залдағы бір жігіттің пиарымен айналысамыз деп Alash Pride-ға бет бұрып, сонда 2,5 жылдай жүрдім. Негізі мұның бәрі тек хобби ретінде басталған. АҚШ-тағы промоутерлік бизнесті дамыту жолдарын да зерттеп келдік.

Сол жинаған тәжірибемізді «Қазақстан ұлттық» арнасы мен Qazsport арнасында «Qazaqstan FIGHTER» деген реалити-шоуын жасауда пайдаландық. Қазақтың түрлі өңірінен мықты балаларды жинап, арасынан үздіктерді анықтадық. Ал 2018 жылы OCTAGON-ға бет бұрып, міне, алты жылдан бері осы сала жүрмін.

– Жалпы, Батыс елдері спорт жарыстарын шоуға айналдырып жатады. Ал бізде бұл жағы қалай? Көз түйістіру кезінде болатын ерегестер алдын ала дайындалған сценарий ме?

– Оның бәрі спортшының эмоциялық күйіне байланысты. Бәріне өз-өздеріңді ұстаңдар деген тапсырма беріледі, бірақ кейбірі эмоцияға беріліп, жұдырығын ала жүгіретін кездер кездеседі. Кейде рейтинг үшін алдын ала жоспармен де жасалуы мүмкін. Бір спортшымыз қозы арқалап шыққан. Мұның бәрі назар аударту үшін ғой. Бірақ ұлтқа, елдің туына, адамның түр-түсіне тиіспеу деген секілді өзінің жазылмаған заңдары бар, соларды міндетті түрде сақтаймыз. Оны спортшылар жақсы біледі, оның бәрі алдын ала айтылады.

Еуропада бұл жағынан шектеу аздау, ТМД аумағында цензура көбірек. Мысалы, Конор Макгрегор Хабиб Нурмагамедовтің отбасына тіл тигізгені естеріңізде шығар, ал бізде ондайға рұқсат жоқ.

Бірақ бізде «прогрев» жасалынбайды деген сөз емес. Еркебұлан Тоқтар мен Одилхон Комоловтың рематчқа келуі, бір жарым жыл бойы мұны қыздыру деген секілді әдістер баршылық. Қазір екеуінің арасында үшінші айқасқа дайындық жүріп жатыр.

– Бірақ Тоқтардың айқасынан кейін жанкүйерлер залдан кетіп қалды деп естідік...

– ММА-дің жанкүйерлері және ММА-ден тыс жанкүйерлер болады. Еркебұлан Тоқтардың көрермені аралас жекпе-жекке аса қызықпауы да мүмкін, олар дәл сол спортшының ғана жанкүйері. Сондықтан олардың Еркебұланның айқасынан кейін залдан кетіп қалуы қалыпты жағдай. Конорда да ондай жайттар кездескен.  

Біз кәсіпқой ұйымбыз, сөйте тұра танымал тұлғалар арасындағы мұндай жекпе-жектер қажет. Тоқтар мен Комоловтың айқасын ютубта онлайн 160 мың адам көрді, бұл Орталық Азия тұрмақ, ТМД елдеріндегі рекорд.

– OCTAGON-ның мақсаты қандай?

– Ресейлік «Ахмат» ұйымы әлемде үшінші лига саналады. Біздің мақсат та сол межеге жету. Осы жолы барғанымда UFC-дің топ-менеджерлерімен бірқатар келіссөз жүргіздім. Олардың штаб-пәтері Невада штатындағы Лас-Вегас қаласында орналасқан. Соның арқасында жыл соңына дейін тағы екі-үш спортшыны UFC-ге жіберу жоспарда бар. Жалпы, жеке мақсатыма келсек, кемі екі-үш Хабиб шығарғым келеді.

Бұл жерде виза мәселесі туындайтынын да естен шығармау керек. Себебі АҚШ-қа жұмыс визасы бар спортшыны қатарға қосу UFC үшін де әлдеқайда ыңғайлы. Әйтпесе кейбір спортшылармен келісімшартқа отырып, сонан соң оларды АҚШ-тағы жарыстарға қатыстыра алмаған кездер болған. Сондықтан олар да мұндай тәуекелге бара бермейді. Бірақ Бекзат Алмаханға жауапкершілікті өздері алды. Визаны жекпе-жекке төрт-бес күн қалғанда берді.

– Умар Нурмагомедовке қарсылас ретінде неліктен Бекзат таңдалды?

– Шыны керек, Умармен айқасқа шығуға топтағы спортшылардың бір де бірі келіспеген. Ондайда «на карандаше» деген ұғым бар, яғни қаламның ұшында тұратын спортшылар тізімі жасалады, сол тізімде біздің Бекзат болды. Осылайша Бекзат қарсылас атанды.

UFC бізге төрт айқас берді, соның алғашқысын өткіздік, қалған үшеуінде шынайы Бекзатты көресіздер.

Тіпті осы жекпе-жектен кейін де оның қарымын байқап, мақтап жатқандар көп. Аяғына операция жасатып, өз-өзіне келген соң Бекзатты басқа қырынан танисыздар. Ол өте еңбекқор, залда түнеп жаттығатын жігіттердің бірі. Бұйыртса, биыл тағы екі жекпе-жек өткізсек деп отырмыз.

– OCTAGON спортшыларға айлық төлей ме?

– Лига спортшыларға өз-өзін көрсетуге мүмкіндік береді. OCTAGON лигасы тұтастай бір экожүйе, онда үш жоба бар. «OCTAGON SELECTION» деген жобада кез келген спорттан хабары бар адам бақ сынай алады. Оның жасына, икеміне қарай қарсылас тауып береміз. Шығынның бәрін өз қалтамыздан өтейміз, билет те сатылмайды, қайта жеңгеніне азын-аулақ сыйақы да береміз. Екі жекпе-жекте жеңіске жеткен адам аралық жобамызға қатыса алады. Ол жерде тағы төрт айқас өткізеді. Соның бәрінен сәтті өткені лигаға іріктелуге мүмкіндік алады. Сөйтіп табысы шамамен 400 мың теңге сыйақыдан басталады. Бірақ жатын орны секілді шығынның бәрін өз мойнымызға аламыз.

Шыны керек, OCTAGON табыс тауып жатқан ұйым емес, бізде шығын өте көп, біз альтруистік көзқараспен жүрген адамдармыз. Демеушілерден келіп жатқан қаражат осы жобаны дамытуға ғана жұмсалып отыр. Негізінен турнирлеріміздің 99 пайызында минусқа кіреміз. Егер шығынын жапса, соған кәдімгідей қуанамыз. Демеушілердің қаржысы біздің 80 пайыз шығынымызды ғана жабады, қалғанының бәрін өзіміз жауып келеміз.

– Аралас жекпе-жек турнирлері қыруар қаржы табады емес пе? Бұл маркетингке қатысты мәселе барын көрсететін секілді...

– Бізде халық әзірге сатып алып көруге дайын емес. «Қазақстан», «Хабар» арналарындағы Қазақстанда бәрі жақсы, бірақ былай шықсаң, жағдайдың күрделі екенін түсінесің. Балуан Шолақ стадионының сыйымдылығы 5 мыңды құрайды. Ал билет бағасы 1000 теңгеден басталады, одан асырсаң, адамдар келмейді, төлем қабілеті төмен. Келетіндердің жартысы тегін кіреді. Бір қызығы, кино, концерт десе адамдар ақша тауып барады да, спорт жарыстары десе, ешкім қалтасынан ақша шығарғысы келмейді.

Тіпті UFC-дің өзінде тек жұлдыздар қатысатын турнирлерде адам 100 пайыз толады, басқаларында бос орындар көп болады. Әйтпесе UFC деген локомотив қой.

Сонымен қатар Америкада шоу көру мәдениеті қалыптасқан. UFC Fight Pass-ты біздің өңірде айына 20 мың теңгеге сатып аласыз. Ол жақта бір ивентті екіге бөліп сатады. Prelim Fight-ты 40 доллардан, Main Card-ты 50 доллардан сатып алады. Көрсетілімді сатып алу тұрғындар үшін қалыпты жағдай, ал бізде ондай жүрмейді, бәрін тегін көрсету керек. UFC 299 турнирін стадионға барып көрерде билеттер 400 доллардан басталатынына көзім жетті. Октагонға жақын жердегі билеттер бағасын айтпай-ақ қоюға болады.

Одан қалды спортшы мен тек спортшымен деп шектелетін заман емес, ММА өкілі бүгінгі таңда шоу-бизнес өкілі іспеттес. Сондықтан көрерменді қызықтыру, оларды жекпе-жекке, өзіңе тарту керек. Яғни бұл командалық жұмыс болуы қажет. Өзің, сенің менеджерің, мобилографың, СММ маманың – бәрі ортақ мүдде үшін жұмыс істеуі керек, себебі капитализм уақыты.

– Сыйақы жағынан сіздегі ең қымбат спортшы кім? Еркебұлан Тоқтар ма?

– Еркебұланнан да қымбат спортшылар болды. Еркебұлан ол өзі қызығатын адам, бастапқыда ақша алғанымен, кейінгі уақытта өзіне қызық болғандықтан қатысып жүрді. Оның сыйақысын айта алмаймын, себебі коммерциялық құпия, дегенмен бізде 10 миллион теңгеге дейін сыйақы алған спортшылар болды. Одан көп беретін бізде шама жоқ, бизнес өкілі емеспін, әкімдіктен не ұлттық компаниялардан ақша алып отырған жоқпыз.

– Бір бағдарламада «Дикий Дарабоз» жекпе-жегі үшін 5 миллион теңге алғанын айтып, «мен үшін бұл керемет нәтиже» деді. Жалпы, сіздің PopMMA-ге көзқарасыңыз қандай?

– «Өмір сүруге» құқылы. Қоғамның бөлігі ретінде болғаны жөн. Бұл жобаның бізге кедергісі жоқ, әркімнің өз қызығушылығы, таңдауы бар. Оның салыстыру үшін де керек екенін ұмытпаған жөн.

– «Хан Ата» деген жігіт бар. Оның танымалдылығы әжептеуір, дене бітімі де спортшыларға ұсқайды. Сіздерге келуі мүмкін бе?

– Әркімнің өз образы бар ғой, бұл да адамның өзіне қаратудың, нәпақа табудың жолы, сондықтан мынау дұрыс не дұрыс емес деп айта алмаймын.

Біздің спортшылар PopMMA-ге баруы мүмкін, бірақ олардың өкілдері бізге келе алмайды, оған мүлде дайын емес. Спорттық деңгей мүлде бөлек.

– Олар төбелеспей-ақ 5 миллиондап ақша алады да, кәсіпқой спортшы 500 мың теңге алады. Іштей ренжитін шығар... Бұл қаншалықты әділетті деп ойлайсыз?

– Спортшыларға «саған өзіңді «сатуға» кім кедергі? »үнемі айтып отырамын. Сөйлеуді үйренгісі келмесе, камераның алдына өзін ұстауды білмесе, оған қызықпаса, жұрттың назарын аударғысы келмесе, оған не істей аласың?! Көпшілік мұны промоутердің жұмысы деп ойлайды, бірақ ол қате ұғым, себебі ММА-дегі промоутер – ол турнирлерді ұйымдастыратын адам. Спортшының спорттық менеджері болуы керек, оның карьерасын, танымалдылығын қамтамасыз ететін маман. Бірақ біздің елде бір адам барлық жұмысты істей береді.

– Ал Шавкат Рахмоновтың менеджері кім?

– Шавкат американдық Ruby Sports&Entertainment компаниясымен жұмыс істейді. Ал оны осы UFC-дің деңгейіне жеткізген – Саят Әбдірахманов деген бауырымыз.

Менеджерлердің табатын пайдасы спортшылардың келісімшарттарынан емес, жарнамалық келісімшарттардан болады. Біздің екі спортшымыз энергетикалық сусын брендімен келісім жасады. Спортшы әбден танымал болғанда барып менеджерге де демеушілер есебінен табыс түсе бастайды.

Танымалдылыққа қызыңдар дейтінім де сол, әзірге спортшыларға соны айтып жеткізе алмай жатырмын. Көпшілік білетін адамдарды тартып жатқанымыз да сондықтан. Мысалы, Еркебұлан Тоқтар төбелескенде зал толып отырады, ол октагонға он бірінші болып шығады, көрермен соған дейін шыққан он спортшының да айқасын көруге мәжбүр. Бірнеше рет келген жанкүйер өзге спортшыларды да тани бастайды, тиісінші оның да танымалдылығы артады. Тиісінше «медийный» жауынгерлерге қызғана қараудың қажеті жоқ, қайта соларды пайдаланған жөн. Бірге жаттығып, суретке не видеоға түсіп, өзін жарнамалаудың жолдарын қарастыруы керек.

Мұнымен шектелмей, жеңістен соң жұрттың есінде қалатын сөздер айта белген дұрыс. Еркебұланның қанатты сөздері әлеуметтік желілерді бірнеше ай бойы «жарып жүреді». Міне, осындай адамдардан үйренсе деймін.

– Бірақ біздегі спортшылар тым сыпайы, бір-біріне деген құрметі де ерекше. Миллиард берсе де, UFC-де қазақ бауырыммен төбелеспеймін деген сыңайдағы мәлімдемелер жасайды. Бұл қаншалықты дұрыс?

– Осы ұғыммен күресіп, оны өзгертуге тырысып жүрген бірден-бір ұйымбыз. Кейде мәжбүрлейміз. Боксшылар жүр ғой бір-бірімен бокстасып. Қазақстан чемпионатында кілең қазақтар емес пе. Олар шаршы алаңда ғана қарсылас, басқа уақытта бір-бірін сыйлап тұрады. OCTAGON-ға келгенде де қазақпен төбелестің ғой. Өзбекстанға, Қырғызстанға барғанда да қазақ пен қазақ төбелесе береді, онда тұрған ештеңе жоқ. Біз спортшыларды UFC-дегідей рейтингпен қоямыз. Рейтингіде қатар тұрған спортшыларды қалай шығармайсың? Онда бұл жерде не істеп жүрсіңдер дегім келеді. Бұл көбірек популизм деп айтар едім.

Мұндай түсініктен арылу керек. Мысалы, рейтинг бойынша екі өзбек спортшы бір-біріне жақын тұрып, соларды қарсылас ретінде қояйын десем, оларға федерациялардан қоңырау шалып, бұлай болмайды, бас тарту керек деп тапсырма береді екен. Бұл кәсіпқой спорт қой, неге ескіліктен арылмаймыз?! UFC-де екі америкалық жүр ғой бір-бірімен төбелесіп. Екі бразилиялық Америкаға келіп бір-бірімен қырылып жатады. Оған Брализиядағылар «американдықтар бізді мазақ қылып жатыр» деп жатқан жоқ қой. Екі ресейлік бір-бірімен төбелеседі, онда тұрған ештеңе жоқ. Бастысы, бір залда жаттығып, бір нанды бөліске спортшылар болмаса болды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға