Жаңалықтар

Нумерологпен сұхбат. Қоян жылында махаббатыңызды қалай кездестіруге болады?

Нумерологпен сұхбат. Қоян жылында махаббатыңызды қалай кездестіруге болады?
Фото: Pixabay 09.04.2023 13:30 5811

Жұлдыз жорамалға сүйеніп, адамның болмысын, мінез-құлқына болжам жасауға болады. Осы ретте сандар арқылы қызықты жорамалдар жасап, соңғы үш жыл көлемінде елімізде №1 нумеролог атанған Диана Ақбергеновамен сұхбаттасқан едік.

Материалдан махаббатыңызды кезіктіру үшін не істеу керегін, кармадан қалай тазаруға болатынын, әр жұлдыздың қорғаныш бойтұмары не екенін біле аласыздар.

Тоқты (21.03 - 19.04)

Тоқтылар от стихиясына жатады. Отша алаулап тұратын адамдар көшбасшылық қасиетке ие. Олар еркіндікті жақсы көретін шыдамсыз жандар. Ең алдымен сол тоқтылардың кармадан қалай тазаруға болатыны жайлы айтпастан бұрын, оның не екеніне тоқтала кетейік. Карма іштегі негатив, тазалықтың жоқтығы. Ол адамда әртүрлі жағдайда болуы мүмкін. Мәселен, карма дұрыс тамақтанбағаннан, көз тигеннен, біреудің қарғысынан, өз-өзіңізді қатты сынағаннан да пайда болады. Егер адам өзіне «мен толықпын, аурумын» деп айта берсе, ол сол энергияны тартып отырады. Сондықтан мейлінше, жаман ойлардан аулақ болу қажет.

Ал карманы кетіру әдісіне келер болсақ, тоқтылардың сумен тазаланғаны жөн. Үйіндегі ваннаға тұз салып, оны суға толтырып, 7-8 минут жатса болады. Басынан аяғына дейін суды өткізіп, «жамандықтың бәрі сумен ағып кетсін» деп айтуы керек. Ал егер үйде ванна жоқ болса, бір уыс тұзды қолға алып сумен бірге жуып тастаған абзал.

Биыл қоян жылында тоқтылардың махаббатын табуға мүмкіндігі зор. Оларға махаббатын кезіктіру үшін көктем мен күз мезгілі қолайлы болып саналады. Сондықтан театр, кафе, парк сынды жерлерге жиі шығып тұру қажет.

Тоқтылардың бойтұмары – гауһартас, яғни бриллиант. Егер тоқтылар оны тағып жүретін болса, қандай да бір жетістіктерге жетіп, белестерді бағындыруға көмектеседі. Жолындағы негативті алып, байлық, сәттілік, махаббатты тартуға ықпал етеді. Сол себепті тоқтылар тұмары ретінде гауһартас бұйымдарын тағып жүргені жөн.

Торпақ (20.04 - 20.05)

Торпақтар кез келген нәрсені жүрегіне жақын қабылдайтын жұлдыздар. Егер олар қаржылай жетіспеушілікке тап болып, айналасында өсек-аяң көбейіп кетсе, онда карма бар деген сөз. Ол қарғыстан тазару үшін алдымен ішкі жан-дүниемен жұмыс істеу керек болады. Мысалы, медитация жасап, йогамен айналысса, іштегі қорқынышты алып тастауға көмегін тигізеді. Оған 90 күн бойы 10-15 минут уақытты арнаған жөн.

Екінші жартысын кездестіруге ақпан, қазан, желтоқсан айлары сәтті деп саналады. Егер ақпан айында ешкімді кездестірмесе, жоғарыда атап өткен келесі қолайлы айларда махаббатын жолықтырып қалуы мүмкін. Сондай-ақ торпақтарға 23 тамыз бен 4 қыркүйек аралығында ешкіммен қарым-қатынас құрмағаны дұрыс. Өйткені бұл уақыт алдамшы кезең болып есептеледі.

Торпақтардың бойтұмары – изумруд, бирюза, аккад тастары. Сондықтан осындай тастардан жасалған әшекейлерді тағып жүру арқылы өзін жамандықтан қорғай алады.

Егіздер (21.05 - 20.06)

Егіздерде ұмытшақтық пен түсініспеушіліктер жиі орын алып, реніш, ұрыс-керіс көбейіп кетсе, онда ол карма бар деген сөз. Одан тазалану үшін білімін жаңартып, бар білгенімен өзгелермен бөлісуі қажет.

Егіздер көбіне жұмысбасты болғандықтан, махаббатын әлі кезіктірмеуі әбден мүмкін. Осы 2023 екінші жартысын табу үшін жұмыс пен жеке өмірдің арасындағы балансты табуы қажет. Егер егіздер өздеріне көңіл бөле бастаса, қалаған адамын кезіктіре алады. Оған маусым, шілде, тамыз, қараша айлары ең қолайлы болып есептеледі. Сол себепті адамдармен көбірік араласып, ұялмай, өз ойын ашық айтуы тиіс.

Бойтұмары – агат, берилл, сапфир, изумруд, опал, хризопраз. Егіздер өзіне осы тастарды жақын ұстау арқылы сәттілікке ие бола алады. Ал берилл тасын бірге алып жүретін болса, жұптық қарым-қатынасын жақсартуға әсер етеді.

Шаян (21.06 - 22.07)

Көп жағдайды жүрегіне жақын қабылдайтын, көңілшек адамдар. Қиындықтарын ешкімге жария етпей, өздері шешкенді жақсы көреді. Егер шаяндар ескі, керек емес заттарды жинауға құмар болса, онда қандай да бір карма болуы мүмкін. Ескі зат ескіні тартады. Кармадан арылу үшін керек емес қоқысты жинауды қою керек. Сондықтанда қажетсіз заттардың барлығынан құтылып, жаңа мүмкіндіктерге ұмтылуы тиіс.

Шаяндарға өз махаббатын кезіктіруге қолайлы кезең ақпан мен сәуір айының аралығы. Егер олар өзінің жұбын әлі де кезіктірмесе, келесі сәтті кезең қазан мен желтоқсан айының аралығы болып есептеледі. Жоғарыда атап кеткен айларда орын алған таныстық болашақ отбасын құруға септігін тигізуі мүмкін.

Бойтұмары – изумруд, рубин, жемчуг, топаз, опал, бирюза, коралл. Шаяндар осы тастардан жасалған әшекей бұйымдарды таққаны абзал.

Арыстан (23.07 - 22.08)

Олар өзіне түскен кармадан тек қана махаббатына адал, берік болу арқылы тазалана алады. Ал егерде әлі өзінің өмірлік серігін кездестірмесе, оны күту керек.

Биылғы жыл арыстандарға отбасын құру үшін қолайлы. 2023 жылы көтерілген шаңырақ берік болады. Сондықтан өз адамын кезіктіру үшін жанына жақын адамдарға мақтау сөзін аямай айтып тұруы қажет.

Арыстандардың бойтұмары – рубин, янтарь, алмаз, топаз тастары. Рубин адамға күннің энергиясын береді.

Бикеш (23.08 - 22.09)

Егерде бикештер айналадағы адамдармен қарым-қатынасын жақсарта алмай жүрсе, өзгелермен тіл табысу қиындық тудырса, онда оларда карма бар деп айтуға болады. Сондықтан бикештер медицина саласының маманы болса, онда ол кармадан өзін-өзі тазалай алады. Ал ондай қасиеті болмаса, жақындарына қолдау көрсетіп, психолог ретінде сырласу арқылы өзінің бойындағы карманы кетіре алады.

Бикештер өз махаббатын кезіктіру үшін көздегі «қызғыл көзілдірікті» шешіп, жан-жағына мұқият қарауы керек. Оның өмірлік серігі жанында жүруі де мүмкін. Сол себепті оларды кездесуге шақырып жатса, «жоқ» деген сөзді айтып, бірден бастартпау қажет.

Бикештердің бойтұмары – гауһартас, изумруд, сапфир, гранат, яшма, жемчуг, ай тастары.

Таразы (23.09 - 22.10)

Таразылар үнемі екі ойлы жүретін адамдар. Олар үшін қандай да бір шешім қабылдау қиынға соғады. Өзгенің кемшілігін көріп, өзінің қателігін көбінесе байқамайды. Бойындағы кармасынан тазалануы үшін барлық адам мінсіз емес екенін түсінуі қажет. Кемшіліктерін қабылдап, ішкі гармониясын тұрақтандыруы керек. Яғни жүзумен, йогамен айналысып, медитация жасаса болады.

Өмірлік серігін кезіктіру үшін айналадағы адамдарға көкіректене қарамай, қарапайым болуы тиіс. Сол кезде 2023 жылдың екінші жартысында өз махаббатына жолығады.

Таразылардың бойтұмары – алмаз, гауһартас, аметист, изумруд, агат, аквамарин, лазурит, ақ нефрит, қызғылт кварц тастары. Ақша тартатын тасы – цитрин.

Сарышаян (23.10 - 21.11)

Бұрынғы өмірінде көп қателік жіберген адамдар қазіргі өмірде сарышаян болып туылады. Сондықтан олар кармадан тазалануы, жолын ашуы үшін бұрынғы қателіктерін түзетуі керек. Барынша қайырымдылықпен айналысып, жақсылық жасап отыруы қажет. Мүмкіндігінше қаржылай, болмаса дүние беру арқылы көмек көрсеткені дұрыс.

Биылғы жыл сарышаяндар үшін махаббатын табуға, өмірінде жақсы өзгерістер орын алуына және армандарын орындауына қолайлы болып саналады. Ол кезең 2023 жылдың екінші жартысына келіп тұр. Қызықты, маңызды кездесулер болуы әбден мүмкін.

Бойтұмары – аметист, қызыл яшма, тау хрусталь, жолбарыс көзі, гематит. Осы тастардан жүрекке жақын болатындай сол қолына білезік, сақина таққаны абзал.

Мерген (22.11 - 21.12)

Мергендер - кентавр, яғни жартылай адам, жартылай тұлпар бейнесіндегі аңыз адамдар. Олардың жан дүниесі бай. Кармадан арылуы үшін сол бай дүниесін одан әрі байыта түсуі керек. Астрология, нумерология, таро, психология бағытындағы білімін жетілдіруі қажет. Жоқ дегенде өзі үшін қызығушылық танытып, бірқатар мәліметті біліп жүретін болса, кармадан тазалана алады. Өйткені мергендер ерекше, құпия адамдар қатарына жатады.

Мергендер өзінің жұбын жұмысында, болмаса өзін-өзі дамытуға арналған сабақтарға қатысу арқылы кезіктіреді. Қандай да жұмыс бабымен іс-сапарға шыққанда, бір семинарға қатысқанда махаббатына жолығуы мүмкін.

Бойтұмары – аметист, берилл, бирюза, гранат, жолбарыс көзі, лазурит, лабрадор, коралл, сапфир, янтарь, яшма тастары. Ең басты ақша тартатын тасы – көк сапфир.

Тауешкі (22.12 - 19.01)

Тауешкілер кармадан тазалануы үшін болмайтын нәрсеге уайымдамай, өзінің жүйкесін бірқалып ұстап, шыдамды болуы тиіс. Оларға берілетін қиындықтың басым көпшілігі шыдамдылығын, төзімділігін тексеруге негізделеді. Сол бойындағы бар сабыры арқылы кез келген қиындықты еңсеріп шыға алады. Сондықтанда «Сабыр түбі – сары алтын» деген мақалды ескергені жөн.

Махаббатын кездестіру үшін ойын жұмыстан басқа нәрсеге бөлуі керек. Басымен жұмысқа кіріп кетіп, өзін және жеке өмірін ұмытпауы қажет. Арасында уақыт тауып, клубқа барып билеп, концерт көріп, ән тыңдап, велосипедпен паркте қыдыру арқылы өмірлік серігін кездестіруі мүмкін. Тіпті болмаса, әлеуметтік желілер арқылы танысуға болады. Ол үшін қаңтар мен мамыр, қыркүйек, қараша айы қолайлы кезең болып есептеледі.

Тауешкілердің бойтұмары – турмалин, жолбарыс көзі, оникс, рубин тастары.

Суқұйғыш (20.01 - 18.02)

Суқұйғыштар өмірін өзгерткісі келетін жандардың қатарына жатады. Өте ақылды, тәуелсіздікті жақсы көретін адамдар. Олар кармадан арылу үшін бірінші кезекте өмірін емес, өзін өзгертуі қажет. Содан кейін адамдармен дұрыс қарым-қатынас орнатуды үйренуі тиіс. Іштегі қырсықтықты басқаны жөн. Сол кезде кармадан тазалана алады.

Махаббаттарын жазда немесе күзде кездестіруге мүмкіндігі бар. Алайда суқұйғыштар өздері сезімге жабық болып, келген адамдарды итере беретін болса, ондай кездесулерден ешқандай нәтиже шықпайды. Ең бастысы тағдырға сенуді үйреніп, қарым-қатынас құруға дайын болуы керек.

Бойтұмары – кварц, гранат, сапфир, топаз, аметист, турмалин, жемчуг тастары болып табылады. Ең мықты, махаббатын табуға, өмірін жақсартуға әсер ететін тасы – кварц.

Балықтар (19.02 - 20.03)

Балықтар өте ақкөңіл, сезу қабілеті де жақсы дамыған, пысық адамдар қатарына жатады. Кармадан тазалануы үшін шынайы ниетпен өзінен әлсіз жандарға көмек көрсетуі керек. Олар неғұрлым өзгелерге қол ұшын созған сайын соғұрлым жолы ашық болады.

Биыл балықтар уақытының басым бөлігін жұмысқа арнайды. Бірақ не болса да олар 20 сәуір - 10 мамыр, 25 маусым - 15 тамыз, 15 қазан - 30 қараша аралығында сыртқа шығып, адамдармен қарым-қатынас орнатуы керек. Мәселен, сауда орталықтарына, ресторандарға барып, паркке шыққаны жөн. Сонда балықтарға болашақ махаббатын кездестіруге мүмкіндік туады.

Балықтардың бойтұмары – аквамарин, авантюрин, топаз, аметист, беломорит, ай тастары.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға