Жаңалықтар

Нулифар Раимова: Күрес өмірімнің мәніне айналып кетті

Нулифар Раимова: Күрес өмірімнің мәніне айналып кетті
29.09.2021 15:03 4925

Нулифар имене басып, әпкесі Диананың соңынан еріп келеді. Өзінен бір жас үлкен әпкесі Түркістандағы спорт кешенінің бірінде күрестен жаттығатын. Кең залда спортшылар ақ тер, көк тер болып, жаттығу жасап жатыр. Осылайша Нулифар да бос уақытында әпкесінен бірге еріп келіп, спортшылардың іс-әрекетін, қимылын, жаттығуларын бақылауды әдетке айналдырып алды. Ол кезде ол сол спортшылардың қатарында өзі де жаттығу жасайтынын, талай спорттық жарыстарда топ жарып, ел мерейін асқақтататынын ойламаған да еді. 

Нулифар Раимова: Күрес өмірімнің мәніне айналып кетті

Бір күні оның спортқа деген талабын, көзіндегі от пен жігерін байқаған бапкер Нұржігіт Ерімбетов күреспен айналысуға шақырады. Бапкер ұсынысын құп алған ол ата-анасының қарсылығына қарамастан спорт залдан шықпайтын болды. Арада ай өтпестен Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесіне орай Кентау қаласында ұйымдастырылған облыстық турнирге қатысып, топ жарып, алтыннан алқа тағады. Бұл Нулифар Раимованың ең алғашқы жарысы мен жеңісі болатын.

– Бұл жарыс күні бүгінгідей есімде. 2014 жылдың көктемі болатын. Кентауға сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысының сайдың тасындай іріктеліп алынған сен тұр, мен атайын деген мықты спортшылары жиналған. Көпшілігінің күреспен айналып жүргендеріне біраз жыл болған. Ал менің күрестің әліппесін үйреніп, спорт залдың есігін аттағаным кеше ғана. Бірақ мен спортқа қатты қызықтым. Үлкен жарыста қарсыластарымның бәрін жеңіп, жеңіс тұғырына көтерілген сәтімді үнемі көз алдыма елестетіп жүретінмін. Сол жарыста қарсыластарымның бәрін жеңіп, алтыннан алқа тақтым. Жеңіс тұғырында тұрдым. Бұл мен үшін үлкен қуаныш болды. Бапкерім де бұдан да үлкен жарыстарда топ жаратыныма сенім білдірді. Содан кейін бар ынта-шынтаммен күрестің әдіс-тәсілдерін меңгеруге, тынбай жаттығуға кірістім, – дейді жас балуан қыз.

Нулифар Раимова: Күрес өмірімнің мәніне айналып кетті

Нулифардың одан кейін жеңісті жолы жалғаса берді. Спортқа келгеннен кейін бір жылдан соң ол еркін күрестен спорт шебері атанды. Өз салмағында Қазақстанның үш дүркін чемпионы болды. Азия чемпионатында бақ сынады. Сөйтіп 2018 жылы Аргентина астанасы Буэнос-Айресте өтетін жасөспірімдер Олимпиадасына түркістандық балуан қыз жолдама жеңіп алды. Бұл оның өміріндегі ең үлкен жарысы еді. Жүлде алуды көздеді. Бірақ бабы келіскенмен бағы жанбай қалды. Нулифарға жүлдесіз қайтқаны ауыр тиді.

Нулифар Раимова: Күрес өмірімнің мәніне айналып кетті

– Жасөспірімдер олимпиадасында жүлдеге қол соза алмағаным мені өмірден түңілдіріп жіберді. Күреспен айналысқан жеті жыл ішінде қатысқан жарыстардан ондай өкініш, ызамен қайтпаған едім. Өте ауыр болды. Егер сол жарыста чемпион болғанымда бапкерім «Еңбек сіңірген жаттықтырушы» атағын алатын еді. Ал ол атақты алып беру – менің іштей арманым болатын. Психологиялық ауыр соққыдан шығарған да ағайымның өзі. Біраз күн тынығып, ес жиып алған соң қайта дайындықты, жаттығуды бастадық, – дейді Нулифар.

Ал биылғы жыл Нулифар үшін жемісті, жеңісті жыл болды. 2021 жыл. 21 тамыз. Башқұрстан астанасы Уфада 21 жасқа дейінгі жастар арасында күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтіп жатыр. Нулифар 57 келіге дейінгі салмақта сынға түспек. Бозкілемге шығатын балуандар әр елдің мықтылары. Жүлде алуға, әркім өз елінің әнұранын шырқатуға ынталы.

Нулифар Раимова: Күрес өмірімнің мәніне айналып кетті

– 16 тамыз күні біз Уфа қаласында болдық. Басында сезінбедім. Кейін залға барып, балуандарды көріп, жарыстың атмосферасын сезінгеннен кейін толқу пайда болды. Жасөспірімдер олимпиадасында жасаған қателігімді қайталамауға бекіндім. Әлем чемпионаты көзді ашып-жұмғанша өтіп кетті. Алғашқы кездесуім ресейлік Анастасия Козловамен өтті. Оны 6:5 есебімен жеңдім. Одан кейін беларуссиялық Мария Хулиданы еш әдіс жасауға мүмкіндік бермей 12:0 есебімен тізе бүктірдім. Жартылай финалда түркиялық Эльвира Камалогумен кездестім. Бұл белдесуде 4:2 есеп айырмасымен алға шықтым. Енді көптен күткен финал. Финалда Италия елінің мықтысы Аврора Руссменмен кездесемін. Боз кілем төрінде бар мүмкіндігімді салу керектігін ұғынамын. Бірақ финал қиын болды. Мен бірінші кезеңде ұпай айырмасымен ұтылып жаттым. Үзілісте бапкерім намысымды қайрап сөздер айтты. Кеңестерін берді. Бозкілемге ширығып шықтым. Ұпай айырмасымен артта қалып келе жатқанымды білемін. Бірер секундта қазір бұл қыз жеңіп кетсе өзінің туын қолына алып, мына жерде жүгіреді. Әнұраны шырқалады. Мен сол кезде «қызығып қарап тұрамын ба?» деген ой келді. Өзімді жинап алдым. Жұмыс жасауға талпынып жатқанымда өзі аяғыма секірді. Сол сәтті пайдаланып, артқа шығу әдісімен екі ұпай алдым. Одан кейін тағы да әдіс жасап, оған еш мүмкіндік бермедім. Уақыт бітті. Соңғы секундқа дейін берілмей күресіп, осылайша жеңіске жеттім. Көзімді жас пен ащы тер жуып кетті. Еліміздің көк туын алып, бозкілемді айнала жүгірдім. Қаншама жылғы тынбай жаттығудың жемісі, бапкерім Нұржігіт Ерімбетовтің жеңісі. Өз-өзіме сенбей бір жылап алдым. Еліміздің әнұраны шырқалып, туымыздың көкке көтерілгеніне ризамын. Елге оралған соң Түркістан облысы әкімдігі, облыстық спорт басқармасының басшылығы, Түркістан халқы, ағайын-туыс, дос-жаран әуежайдан үлкен қошеметпен күтіп алды. Бұл да көңілге қуаныш сыйлайды екен. Алда Парижде өтетін Олимпиадаға жолдама алып, жеңіс тұғырына көтерілгім келеді, ол үшін бұдан да көп тер төгемін, дайындаламын, – дейді Нулифар.

Нулифар қазан айының 2-8 аралығында Норвегияның Осло қаласында өтетін ересектер арасында әлем чемпионатында бақ сынайды. Қазір Сочиде әлем чемпионаты алдында Ресей құрамасымен бірлескен оқу-жаттығу жиынында жүр.

Нулифар Раимова: Күрес өмірімнің мәніне айналып кетті

– Спорт залға келіп, алғаш жаттыға бастағанымда маған арқанмен жоғары өрмелеу ең қиыны болатын. Ал басқалар жоғарыға оп-оңай, жеңіл көтеріліп кететін. Жаттығудан үйге қайтып жатып. «Неге басқалар жылдам өрмелейтін арқанға мен неге өрмелей алмаймын, менің қолымнан неге келмейді?» деп өз-өзіме ренжитінмін. Сөйтсем ол тәжірибемен, уақытпен келетін дүние екен. Кейін көп өтпей басқаларды қуып жетіп, жылдам өрмелейтін болдым. Күрес өмірімнің бір бөлігіне айналып кетті. Ата-анам басында «қыз баласына тән емес», «сабағың нашарлайды» деген әртүрлі сылтаумен күреспен айналысқанымды қаламағаны рас. Бірақ кейін талабымды байқап, жеңіске жеткенімді көріп, батасын беретін болды. Әпкем де күреспен айналысты. Азия чемпионатында қола жүлдегер болды. Бір жыл бұрын үлкен спорттан кетті. Бұйыртса, спорттық мансабымда үлкен нәтижелерге жеткен соң, ағайым секілді бапкерлікпен айналысқым келеді, – дейді Нулифар.

Ал 12 жасынан бастап тәрбиелеп, күрестің қыр-сырын үйретіп келе жатқан бапкері, Түркістан облысы Ә.Нұрмаханов атындағы облыстық олимпиада резервін дайындайтын мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушы, Түркістан облысының әйелдер күресінің аға жаттықтырушысы Нұржігіт Ерімбетовтің айтары көп.

«Нулифар алғаш күрес жолын 2014 жылдан бастады. Диана деген әпкесі күреске қатысатын, сол алып келді. Содан бір аптадан соң Кентау қаласында облыстық жарыс өтетін болды, Нулифарды да ала кеттім. Ынтасын тексеріп көргім келді. Кез келген спорт түріне жүректі спортшылар керек екені анық. Сонымен сол жарыста Нулифар күресті қатты білмесе де намысқа тырысып , жігеріменен жеңімпаз атанды. Бұл оның алғашқы жеңісі еді. Жеңіске деген құштарлығы мен талабы ұнады. Сонымен ерекше көңіл бөле бастадым. Ол кезде жасы 12-де еді. 38 келі салмақта күресетін. Нулифар көз алдымда, қолымда өсті. Ауылдың қара домалақ қызы болып келді. Ата-анаға балалары әрқашан кішкентай болып көрінетініндей маған да әлі кішкентай бала секілді. Нулифар бала кезінен еңбекқор, ақылды, мінезді, сонымен қатар өте мейірімді.

Нулифар Раимова: Күрес өмірімнің мәніне айналып кетті

Ал Уфада өткен әлем чемпионатында жеңімпаз болатынына сенімді болдым десем болады. Ұлттық құрамадағы бапкерлерге «Бұйыртса, Нулифар чемпион болады, көптен күткен алтынды алып береді деп айттым. Олар кішкене сенімсіздік білдірді. Чемпион болады деп айтуымның өзіндік себебі бар еді. Әлем чемпионаты алдында оқу-жаттығу жиынына шығатын күні түсіме Дінмұхамед Қонаев атамыз кірді. Түске ұлы тұлғалар кірсе жақсылық болар деп өзім ішімнен жақсылыққа жорыдым. Сонымен өзімде бір жеңімпаз болатындай сезімде болдым. Нулифарда бабында тұрды. Қарсыластарының бәрін тізе бүктіріп, алтын сыйлады. Алда жоспар қазан айының 2-8 аралығында Норвегия мемлекеті Ослода өтетін ересектер арасында әлем чемпионатында бақ сынаймыз. Ол енді әйелдер сапында жарыстарға көбірек қатысып, бейімделу керек. Мақсатымыз біреу ғана – бірінші Парижде өтетін олимпиада ойындарына жолдама алу, сонымен қатар топ жару. Сол үшін тынбай еңбек ету керек.

Нулифар Раимова: Күрес өмірімнің мәніне айналып кетті

Спорт болған соң жеңіс пен жеңіліс қатар жүретіні белгілі. Кез келген жағдайға психологиялық тұрғыдан дайын болу керек. Егер Нулифар осы қалпынан танбай, аянбай еңбек ететін болса мүмкіншілігі өте жоғары. Әйелдер сапында белдесу оңайға соқпайды. Барлық жеңіске жетелейтін тек ғана – еңбек. Үнемі оған қолдау көрсетемін. Қазір ол жеңіс пен жеңілістің өткінші сәт екенін, Олимпиада шыңына шығу үшін қаншама қиын кезеңдерден өту керегін біледі. Ол спортты таңдады. Өзім денсаулығыма байланысты спорттық мансабымды ерте аяқтап, бапкерлік жолға ауыстым. Енді бар білгенімді үйреткен, дайындаған шәкірттерімнің биік шыңдарды бағындырғанын, жеңісті жолдарын көрсем деп армандаймын. Сол жолда аянбай еңбек етемін. Осы орайда біздің алаңсыз спортпен айналысуымызға бар жағдайды жасайтын Ұлттық Олимпиада комитетіне, ұлттық құраманың барша жаттықтырушыларына, Түркістан облысы әкімдігі мен облыстық спорт басқармасы басшылығына алғыс айтқым келеді, – дейді Нұржігіт Ерімбетов.

Фотосуреттер Нулифар Раимова мен бапкері Нұржігіт Ерімбетовтің жеке мұрағатынан алынды

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға