©El.kz/Артем Чурсинов

«Нүкте қою керек»: министр «Қазақфильм» айналасындағы дауға қатысты пікір білдірді

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева «Айқын» газетіне сұхбат беріп, ұлттық кино өндірісі, оның ішінде «Қазақфильм» киностудиясының болашағы, киноны қаржыландыру секілді тақырыптарды көтерді. Министр бірнеше маңызды мәселеге нақты жауап беріп, қоғамда туындаған күмәндерге нүкте қойды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

«Қазақфильм» айналасындағы дауға қатысты қоғамда түрлі пікір айтылғанымен, министр бұл тақырыпқа нақты шешім қажет екенін айтты:

«Қазақфильм» – қазақ киносының алтын бесігі, ұлт руханиятының шежіресі. Бұл мәселеге нүкте қою керек, – деді Аида Балаева.

Министрдің айтуынша, киностудияның дамуына заңнама арқылы тұрақты қаржылық қолдау тетігі енгізілді. Яғни жыл сайын мемлекеттік киноқаржыландырудың кемінде 30%-ы «Қазақфильмге» бөлінеді. Биыл бұл студияға үш коммерциялық жобаға 336 миллион теңге қаржы бөлінуде.

Бұл – нақты қадамдармен жүзеге асып жатқан ұзақмерзімді стратегиялық жұмыс, – деді ол.

Министр «Қазақфильм» басшылығына қатысты сындарға да тоқталып өтті:

Басшыны қазақ тілін білмейді деп кінәлау – орынсыз. Бізге нақты нәтиже керек. «Қазақфильмді» кәсіби менеджер басқаруы тиіс деген ортақ пікірге келдік, – деді ол.

Сондай-ақ киностудия жеке инвестиция тарту бағыты бойынша да жұмыс істеуде. Соңғы 15 жылда алғаш рет демеушілердің қолдауымен жөндеу жұмыстары басталып, жазғы кинотеатр мен ғимарат ішін жаңарту жоспарланған.

Ұлттық киноны қолдауға арналған питчинг жобаларына қызығушылық артып келеді. Бірақ министр байқау қорытындыларына көңілі толмаған кейбір қатысушылар тарапынан орынсыз наразылықтар жиілеп кеткенін айтты.

Кейбір режиссерлер «митингке шығамыз» дегенге дейін барады. Бұл – мәдениетке жат қылық, – деді ол.

Жүйенің әділдігі үшін сарапшылар құрамы жаңартылып, іріктеу критерийлері нақтылануда. Енді әділдік пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін кәсіби мәдениетті дамыту қажет.

Аида Балаева ұлттық киноның халықаралық аренаға шығуына баса мән берілетінін де тілге тиек етті.

2024 жылы «Қазақфильм» соңғы 7 жылда алғаш рет өзін-өзі ақтайтын деңгейге жетті, – деп мәлімдеді ол.

Сондай-ақ мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2030 жылға дейін ұлттық фильмдердің прокаттағы үлесі 35%-ға жетуі тиіс. Биыл 16 ұлттық фильм жарық көрсе, жыл соңына дейін тағы 10-ға жуығы көрерменге жол тартпақ.

Министр шығармашылық жаңаруға ерекше тоқталды.

Жаңа толқын, жаңа мазмұн қажет. Бүгінгі жастар аз қаражатпен үлкен тақырыптарды көтеріп, халықаралық аренада мойындалып жүр. Егер біз халықаралық деңгейде мойындалатын кино жасағымыз келсе, ең алдымен, өз ішімізде әділеттілік пен ортақ жауапкершілікке үйренуіміз керек, – деп жастарды қолдауға шақырды.