Жаңалықтар

NU қазақстандық ЖОО-лармен PhD докторларын дайындаудағы тәжірибесімен бөлісті

NU қазақстандық ЖОО-лармен PhD докторларын дайындаудағы тәжірибесімен бөлісті
Фото: NU 24.05.2024 08:54 522

2024 жылғы 22-24 мамыр аралығында Астанада PhD бағдарламаларды басқару және дамыту саласындағы академиялық біліктілік деңгейін арттыруға бағытталған «PhD Insights: NU-дың академиялық тәжірибесімен бөлісуі» атты семинар өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Шараны NU және Қазақстан Республикасы ҒЖБК Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетімен бірлестікте ұйымдастырды.

Үш күн ішінде NU оқытушылары Қазақстан өңірлеріндегі 30 жоғары оқу орны өкілдерімен – жоғары білім беру саласындағы 70-тен астам басқарушымен PhD бағдарламаларын басқару, зерттеу жұмыстары бойынша ұсыныстар дайындау және кәсіби тұрғыдан даму тәжірибелерімен бөлісті. Тыңдаушылар пікірталастарға, практикалық сабақтарға қатысып, университет кітапханасына экскурсия жасады.

Семинар жұмысын аша отырып, Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Ғани Есенбаев NU-дың PhD докторларды дайындаудағы оң тәжірибесін атап өтті. 

Өздеріңіз білетіндей, біз ғылыми кадрларды – ғылым кандидаттарын, докторларын даярлаудың дәстүрлі жүйесінен алыстап, PhD докторларын даярлауға көштік. Әлі күнге дейін бізге жаңа жүйе бойынша көптеген сұрақ келіп түсуде, көпшілігіне ол түсініксіз болып отыр. Сол себепті осындай семинар өткіземіз деп шештік. Осы уақыт ішінде NU PhD докторларын дайындауда жақсы тәжірибе жинады деп айта аламыз. Сондықтан семинарды ұйымдастыру жұмыстарын университетке тапсырдық. Үш күн ішінде NU сіздермен сәтті тәжірибесімен бөліседі деп үміттенеміз, — деді Ғани Есенбаев.

Өз кезегінде NU-дың дипломнан кейінгі бағдарламалар жөніндегі қауымдастырылған провосты доктор Луис Рохас-Солорзано докторанттарды даярлау бойынша кейбір мәліметтермен бөлісті.

NU құрылғаннан бері 13 жыл ішінде 108 PhD докторы дәрежесі берілді, бұған биылғы үміткерлер саны кірмейді. Оның 47-сі ғылым, инженерия және технология cаласындағы философия докторы дәрежесін алып, ал 35-і білім беру саласында философия докторы атанды. Диплом беру рәсімі жылына үш рет өтеді, маусым айында тағы бір лек мараптталмақ, — деді Луис Рохас-Солорзано.

Семинардың бірінші күні PhD бағдарламаларын басқарудың негізгі аспектілеріне арналды. Оқытушылар NU жоғары оқу орнынан кейінгі бағдарламалары үшін оқу жоспарлары мен курстарды әзірлеу туралы айтып, академиялық жазу және зерттеу әдістері тақырыбын қозғады, біліктілік емтиханы бойынша бағалау және талдау критерийлерін талқылады. Әрі қарай ақпараттық сессия өтті, онда Провост кеңсесі басқа жоғары оқу орындарының докторанттары үшін тағылымдамалар туралы ақпаратпен бөлісті.

Семинардың екінші күні диссертациялық зерттеулердің негіздемелерін дайындау мәселелеріне арналды, тыңдаушыларға PhD зерттеулеріне арналған жарияланымдар мен стратегияларға қойылатын талаптар туралы айтылды. Мақала жариялау үшін жақсы журналдарды таңдау, оларды дайындауға және ұсынуға көмектесу, ғылыми еңбектердің стратегиясын анықтауда ғылыми жетекшінің рөлі сияқты мәселелерге ерекше назар аударылды. Әрі қарай NU оқытушылары диссертацияны жазу және қорғау тақырыбына толығырақ тоқталды. Семинар бағдарламасы NU кітапханасының қызметкерлері жүргізген ақпараттық сессиямен аяқталды, олар жоғары оқу орнынан кейінгі бағдарламаларда білім алушыларға кітапхананың қалай көмектесе алатыны туралы айтып берді.

Үш күндік семинардың қорытындысы бойынша Академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің Шетел тілдері факультетінің деканы Гүлназ Тілеуженова алған әсерлерімен бөлісті.

Мен бұл семинарға арнайы жазылдым, себебі докторанттарды даярлау мәселелері барлық қазақстандық жоғары оқу орны үшін, соның ішінде біздің университет үшін де өте маңызды мәселе. Үш күн ішінде біз NU және халықаралық ғылыми кеңістік жағдайында PhD докторларын даярлау жүйесімен таныстық. Шақырылған спикерлер өз елдеріндегі PhD даярлау жүйесі туралы айтып берді. Біз үшін бұл – берегей тәжірибе, себебі Қазақстанда және шетелде докторанттарды даярлау жүйесі түбегейлі ерекшеленеді, — деді ол.

Белгілі қазақстандық ғалым-германист Е.А. Бөкетов атындағы ҚарУ-дың PhD докторларын даярлау жүйесіне көп нәрсені бейімдеп, енгізуге болатынын айтты.

«PhD Insights: NU-дың академиялық тәжірибесімен бөлісуі» атты үш күндік семинарда алынған білім мен тәжірибе өңірдегі білім беру мен ғылыми зерттеулер сапасын одан әрі жақсарту үшін маңызды ресурс болмақ. Сондай-ақ университет елдегі ғылым мен жоғары білімнің дамуына бірлесіп үлес қосу мақсатында басқа қазақстандық жоғары оқу орындарымен ынтымақтастыққа дайын екенін білдірді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға