Жаңалықтар

NU әлеуетін сақтау және күшейту: Депутаттар университеттің зерттеу орталықтарымен танысты

NU әлеуетін сақтау және күшейту: Депутаттар университеттің зерттеу орталықтарымен танысты
Фото: NU 14.06.2024 03:26 1085

Оңалту мақсатындағы экзоскелеттер, қатерлі ісікті емдеу, нанообъектілерді зерттеу, ядролық реакторлар үшін жасалатын материалдарды жақсарту, суды тазарту және фотокатализаторлардың арқасында сутегін өндіру – NU ғалымдары университетке жұмыс сапарымен келген Парламент Мәжілісі депутаттарына өздерінің ғылыми әзірлемелерін таныстырды, деп хабарлайды El.kz aқпарат агенттігі.

Сапардың мақсаты – еліміздің үздік жоғары оқу орнының жұмысымен, отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосып жатқан жас ғалымдармен танысу.

NU өткен жылы Times Higher Education беделді халықаралық рейтингіне сай әлемдегі үздік зерттеу жоғары оқу орындарының 30%-ы қатарына кірді. Биыл аталған рейтингке сәйкес біз үздік Азия университеттерінің 11%-ы қатарына кіріп, әлемнің мықты 100-ге жуық университеті қатарындамыз. Мұның бәрі – тек 14 жылғы жұмыстың жемісі. Оған қоса осы жылы біз Quality Assurance Agency (QAA) жалпы институционалдық аккредитациясын алу үшін жұмыс істеп жатырмыз, — деді президенттің м.а. доктор Илесанми Адесида.

Сапар барысында мәжілісмендерге NU кампусының бас жоспары, Геномдық және дербестендірілген медицина, Импульстік үдеткіш, Электронды микроскопия зертханалары, Медициналық робототехника және зерттеулер орталығы көрсетілді, сондай-ақ Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институтының (ISSAI) әзірлемелері таныстырылды.

ҚР Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің хатшысы Татьяна САВЕЛЬЕВА: "Ғылыми әзірлемелер керемет. Университет пен НЗМ тәжірибесін білім және ғылым жүйесіне тарату өте маңызды. Біз өз тарапымыздан осы оқу орындарының әлеуетін барынша сақтап, нығайту мақсатында жұмыс істейтін боламыз", — деді.

NU-дың жас ғалымдары мәжілісмендерге қазақстандықтардың геномын және олардың әртүрлі ауруларға бейімділігін зерттеу саласындағы өз жобалары және қатерлі ісікке қарсы дәрі-дәрмектерді ағзадағы керекті жасушаларға тікелей жеткізу тәсілін әзірлеу жұмыстары туралы айтып берді. Депутаттар моторлы функциялары бұзылған науқастарды оңалту мақсатында қолданылатын экзоскелетке ерекше назар аударды.

Профессор Айбек НИЕТҚАЛИЕВ депутаттарға экзоскелет әзірленген Медициналық робототехника және зерттеулер орталығының (CEBR) жетістіктері туралы айтып берді: “Орталықта біз хирургия және оңалту, сондай-ақ қатерлі ісікті диагностикалау мақсатында жасанды интеллектке негізделген есептеу патологиясы үшін зерттеулер жүргізіп, роботтарды құрастырамыз. Дүниежүзілік банктің гранттары есебінен NU-да оңалту роботтары жасалды, олар қазіргі уақытта мүгедектігі бар адамдарды емдеу үшін қолданылады”.

Импульстік үдеткіш зертханасында депутаттарға I-NURA (Nazarbayev University's Research Accelerator) жобасы көрсетілді.

Бұл үдеткіш материалдарға өте жылдам энергетикалық әсер етеді. Берклидегі (АҚШ) Лоуренс ұлттық зертханасымен және басқа серіктестермен NU-дың ынтымақтастығы аясында құрылған. Ол 2019 жылы іске қосылды. Бүгінгі таңда ол әртүрлі материалдардың, ең алдымен, ғарыш және атом салалары үшін функционалдық қызметтер тиімділігін арттыру саласында озық зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді. Әрине, мақсатты қаржыландыру аясында осындай қымбат жобаларды сатып алу және дамыту мүмкіндігі бар, — деді PhD доктор Марат Қайқанов.

Сонымен қатар депутаттарға NU зертханасында нанообъектілерді зерттейтін өте қуатты микроскоптардың жұмысы көрсетілді.

Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институтының (ISSAI) зерттеушілері AI саласындағы соңғы әзірлемелерін көрсетті. Бұған дейін ең ірі қазақ тіліндегі дауыс дерекқорын жинау мен талдау арқасында ISSAI ғалымдары мемлекеттік тілді автоматты түрде танитын бірінші модельді (ASR) әзірледі, одан кейін қазақша мәтінді дыбыстайтын бірінші корпусты (KazakhTTS) құрды. Депутаттарға түркі тілдері үшін көптілді дауысты тану, автоматты түрде 4 тілге екіжақты аударма жасау және AI саласындағы басқа да жобалар қалай жұмыс істейтіні көрсетілді.

Университет құрылғаннан бері көптеген жыл ішінде алғаш рет Парламент депутаттары NU-ға келіп отыр. Университетте жүргізіліп жатқан ғылыми жұмыстар маған қатты әсер етті. Шынында да, мұнда Қазақстанның ғалымдары ғана емес, шетелде жұмыс істеген өзіміздің ғалымдарымыз да жиналған. Біз өз кадрларымызды, әсіресе Қазақстаннан тыс жерлерде жоғары бағаланған кадрларымызды қайтара алдық. Бүгінгі таңда мұнда әлемде жоқ осындай ғылыми әзірлемелер бар. Біз үшін NU-ды қаржыландыру бөлігіндегі үрдісті одан әрі сақтау маңызды, — деді Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Дания Еспаева.

NU басшылығы мен ғалымдары әлемдік ғылыми-білім беру қоғамдастығымен сапалы интеграцияны және отандық білім беру жүйесін дамыту, ғылыми әлеуетті жетілдіру мәселелерінде қазақстандық жоғары оқу орындарымен тығыз синергияны жалғастыратынына сендіре отырып, депутаттардың назарлары үшін алғысын білдірді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға