sportbox.com

Норвегия құрамасы 27 жылдан кейін алғаш рет Әлем чемпионатына шықты

Норвегия футбол құрамасы сырт алаңда Италияны 4:1 есебімен жеңіп, 2026 жылғы Әлем чемпионатына іріктеу кезеңінің соңғы турында финалдық сатыға жолдама алды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Топтағы 8 ойында 24 ұпай жинаған Норвегия I тобының турнир кестесінде бірінші орынға ие болды. Италия 18 ұпаймен екінші орынға тұрақтап, Әлем чемпионатына шығу үшін өтпелі ойын өткізетін болды. Италия құрамасы төрт дүркін Әлем чемпионы болғанымен, соңғы екі турнирге қатыса алмады.

Ал Норвегия соңғы рет Әлем чемпионатына 1998 жылы жолдама алған болатын. Францияда өткен турнирде команда 1/8 финалға дейін жетіп, сол жолы Италиядан 0:1 есебімен жеңілген.

Осы жеңіспен Норвегия Әлем чемпионатына қатысатын 32-ші команда атанды. Бұған дейін жолдама алыпқойған құрамалар: Мексика, АҚШ, Канада (ұйымдастырушылар), Жапония, Иран, Оңтүстік Корея, Иордания, Австралия, Өзбекстан, Жаңа Зеландия, Аргентина, Эквадор, Бразилия, Колумбия, Уругвай, Парагвай, Марокко, Тунис, Египет, Алжир, Гана, Кабо-Верде, Оңтүстік Африка Республикасы, Катар, Англия, Сауд Арабиясы, Сенегал, Кот-д’Ивуар, Франция, Хорватия және Португалия.