ҚР ҰОК

Нокаут және даулы жекпе-жек: әлем чемпионатының бесінші күні қалай өтті

Дубайда IBA ұйымдастырып жатқан әлем чемпионатында қазақстандық боксшылар тартысқа толы кездесулер өткізді. 8 желтоқсанда шаршы алаңға шыққан жеті боксшының арасынан бірнешеуі ширек финалға жолдама алса, екеуі жарыс жолын аяқтады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Санатәлі Төлтаев – сенімді жеңіс және ширек финал

67 келіде өнер көрсететін Санатәлі Төлтаев бразилиялық Кассио Сантос Оливейрамен айқаста мықтылық танытып, төрешілер шешімімен жеңіске жетті.

Осылайша, 2019 жылғы Азия чемпионының қола жүлдегері, 2025 жылғы Қазақстан чемпионы алғашқы жекпе-жектегі секілді тағы да қарсыласын артта қалдырды.

Бұған дейін Санатәлі 1/16 финалда замбиялық Джеральд Кабинданы 4:1 есебімен жеңген еді.

Ерасыл Жақпеков: жеңісі ұрланды ма?

80 келіде жұдырықтасқан Ерасыл Жақпеков ресейлік Джамбулат Бижамовқа қарсы айқаста соңына дейін тайталасты.

Үшінші раундта қарсыласын нокдаунға жібергенімен, жалпы есепте төрешілер жеңісті Бижамовқа берді – 1:4.

Осылайша, Жақпековтің әлем чемпионатындағы жорығы тоқтады. Бұл Қазақстан құрамасының чемпионаттағы алғашқы жеңілісі болды.

Нурмагамед Юсупов – тәжірибелі қарсыласқа жол берді

92 келі салмақта жұдырықтасқан Нурмагамед Юсупов 2024 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері, әлем чемпионатының екі дүркін қола иегері испаниялық Эммануэль Рейес Пладан 1:4 есебімен жеңіліп қалды.

Осылайша, Юсупов жарысты 1/8 финалда аяқтады.

Нұрлан Сапарбай – аса ауыр салмақтағы жеңіс

92 келіден жоғары салмақта өнер көрсететін Нұрлан Сапарбай IBA-PRO өкілі Иман Раамезанпурделвармен үш раунд айқасып, төрешілердің басым бөлігі жерлесімізді жеңімпаз деп тапты – 4:1.

2025 жылғы Қазақстан чемпионы келесі кезеңде де жүлдеге таласатын болады.

Теміртас Жүсіповтің алғашқы айқасы

48 келіде сынға түскен Теміртас Жүсіпов үндістандық Девендра Сингх Соланкиді сенімді түрде жеңіп, ширек финалға жолдама алды.

Жекпе-жектен кейін Теміртас:

Алғашқы айқас қиын болды. Алғашқы раундта қарсыласымның осал тұсын іздедім. Екінші раундтан бастап қарқын қостым, – деп бапкерлер тактикасының шешуші рөл атқарғанын атап өтті.

Серік Теміржанов – нокаутпен келген жолдама

60 келі салмақта сынға түскен Серік Теміржанов замбиялық Эндрю Чилатаны екінші раундта нокаутқа түсіріп, ширек финалға өтті.

2021 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері турнирді моңғолиялық Цэндбаатар Эрдэнэбатқа қарсы (5:0) айқын жеңіспен бастаған болатын.

Сабыржан Аққалықовтың сенімді жеңісі

75 келідегі Сабыржан Аққалықов Жаңа Зеландия өкілі Тавхириматеа Тохерири-Халлетті 5:0 есебімен ұтып, сенімді түрде ширек финалға шықты.

Жастар арасындағы 2021 жылғы әлем чемпионы алғашқы жекпе-жекте-ақ Сейшель аралдарының боксшысы Джошуа Аарон Кузенді нокаутқа түсірген болатын.

Қорытынды

8 желтоқсанда өткен жекпе-жектер нәтижесі бойынша қазақстандық боксшылар бес салмақта ширек финал жолдамасын жеңіп алды. Тек Ерасыл Жақпеков пен Нурмагамед Юсупов жарысты осы кезеңде аяқтады.

IBA әлем чемпионаты 13 желтоқсанға дейін жалғасады.