Нокаут, күмәнді шешім: ширек финалдық айқастар қалай өтті
Дубайда (БАӘ) IBA ұйымдастырып жатқан 2025 жылғы әлем чемпионатында ширек финалдық кездесулер аяқталды. Қазақстан құрамасының бірқатар боксшысы жүлдеге қол жеткізсе, кейбірі жартылай финалдың тура алдында жарыс жолынан шығып қалды.
37 жастағы боксшы – жартылай финалда
48 келі салмақта өнер көрсеткен тәжірибелі боксшы Теміртас Жүсіпов ширек финалда непалдық Лал Прасад Упретиді айқын басымдықпен жеңіп, жартылай финалға жолдама алды.
Бұған дейін Теміртас үндістандық Девендра Сингх Соланкиді де сенімді түрде ұтқан болатын. Жүсіпов кем дегенде қола медальді қамтамасыз етті.
Олимпиада жүлдегері жеңіске жетті
54 келі салмақтағы Сәкен Бибосынов замбиялық Мвенго Мвалемен кездесіп, қарсыласын еш қиындықсыз жеңді. Осылайша Теміртастан кейін жартылай финалға шыққан екінші қазақстандық боксшы атанды.
Серік Теміржанов ширек финалда сүрінді
60 келі салмақта сынға түскен Серік Теміржанов тәжік боксшысы Акмал Убайдовқа төрешілер шешімімен жол берді.
Екінші раундтағы нокдаун нәтижеге айтарлықтай әсер етті. Теміржанов бұл жарыста моңғолиялық Эрдэнэбатырды және замбиялық Чилатуды нокаутпен жеңген еді.
Төлтаевтың жеңісі ұрланды ма?
67 келі салмақта Санатәлі Төлтаев Олимпиада чемпионы Асадхужа Муйдинходжаевпен айқасып, тартысты жекпе-жекте жеңіс қарсыласына берілді.
Төлтаев – WBC/Riyadh Season Grand Prix қатысушысы және 2025 жылғы Қазақстан чемпионы.
Сабыржан Аққалықов – нокаутшы
75 келіде өнер көрсеткен Сабыржан Аққалықов израильдік Мирослав Капулер-Ищенкомен кездесіп, екінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті.
Осылайша ол кем дегенде қола медальді қоржынға салды.
Аққалықов – World Boxing кубогының жеңімпазы, «Странджа» турнирінің чемпионы.
Нұрлан Сапарбай тәжірибелі қарсыласқа жол берді
92 келіден жоғары салмақта Нұрлан Сапарбай армениялық Давит Чалоянмен кездесіп, төрешілер шешімімен жеңілді.
Сапарбай – Қазақстанның 2023 және 2025 жылдардағы чемпионы.
Даниял Сәбит тартысты айқаста жеңіліс тапты
51 келі салмақтағы Даниял Сәбит замбиялық Патрик Чиньембамен кездесті. Үш раундқа созылған айқаста есеп 5:2 болып, жеңіс африкалық боксшыға берілді.
Сәбит – үш дүркін Қазақстан чемпионы және Eindhoven Box Cup жеңімпазы.
Оразбек Асылқұлов – жартылай финалда
57 келі салмақтағы Оразбек Асылқұлов Испания боксшысы Карлос Мартинес Бернардоны айқын басымдықпен жеңіп, кемінде қола медальға қол жеткізді.
Ол бұған дейінгі жекпе-жегінде қарсыласын 22 секундта нокаутқа түсірген болатын.
Ертуған Зейнуллинов – жарқын жеңіс иесі
63,5 келі салмақта Ертуған Зейнуллинов Израиль өкілі Ахмад Шитвимен кездесіп, айқын жеңіске жетті.
Айта кетейік, Зейнуллинов – 2024 жылғы Қазақстан чемпионы.
Абылайхан Жүсіпов – төрт дүркін әлем жүлдегері
71 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Абылайхан Жүсіпов Әзербайжан боксшысы Сархан Алиевті сенімді жеңіп, жартылай финалға өтті.
Осы жеңістен кейін Жүсіпов қазақ боксы тарихында Серік Сәпиевтен кейін әлем чемпионатында төрт медаль алған екінші боксшы атанды.
Жүсіпов – Азия чемпионы және әлем чемпионатының үш дүркін қола жүлдегері.
Қорытынды
Осылайша Қазақстан құрамасының алты боксшысы Дубайдағы әлем чемпионатының жартылай финалына өтіп, ел қоржынына медаль салды.
Чемпионат 3 желтоқсанда басталған, жүлде қоры – 8,32 миллион доллар.

