freepik.com

«Noctourism»: Қазақстандық туристер Түркияда түнде қай жерлерді тамашалай алады?

10.09.2025 16:00

Қазақстандықтар үшін Түркия – ең жиі таңдалатын демалыс мекендерінің бірі. 2024 жылдың өзінде біздің елден 863 мыңнан астам турист барған. Соңғы жылдары мұнда туризмнің жаңа түрі – ноктуризм, яғни түнгі саяхат ерекше қарқын алып келеді. Күннің аптап ыстығы басылған шақта саяхатшылар тарихи орындарды аралап, мәдени шараларға қатысып, түнгі табиғаттың сұлулығына қанығады. Түркияға қыркүйек пен қазақ айларында барған қазақстандық туристер түнгі уақытта төмендегі көрікті жерлерді тамашалай алады.

«Night Museums» жобасы аясында Түркияның ең басты тарихи орындары – Измирдегі Эфес, Денизлидегі Иераполис-Памуккале және өзге де мұра нысандары кешкісін есігін айқара ашады. Бұл бастама өткен жылы ғана 395 мыңнан астам туристі жинап, түнгі туризмнің қаншалықты қызықты әрі сұранысқа ие екенін көрсетті.

Сондай-ақ күн батқанда Ыстанбұл мүлде бөлек кейіпке енеді. Мұндағы археологиялық мұражайлар мен әйгілі Галата мұнарасы кешке дейін жұмыс істеп, туристерге тарихи саяхат сыйлайды. Қала көшелерінде ашық аспан астындағы концерттер, түнгі кино көрсетілімдері ұйымдастырылып, дәстүрлі түрік мейханелерінде қонақжай дастарқандар жайылады. Ал ең әсерлі сәттердің бірі – Босфордағы кешкі кеме серуені. Қала шамдарының су бетінде шағылысқан көрінісі саяхатшыға ұмытылмас әсер қалдырады.

Ал Эгей аймағы түнде де өз тартымдылығын жоғалтпайды. Измирдің Урла өңірінде жергілікті шараптар мен теңіз өнімдері ұсынылып, мейрамханалар ерекше ас мәзірімен қонақтарды қарсы алады. Мугладағы Бодрум суасты археологиясы мұражайымен танымал. Фетхие мен Мармаристе ай жарығымен теңіз серуені мен түнгі сүңгу турлары жиі өткізіледі.

Жерорта теңізінің інжу-маржаны саналатын Анталияда түнгі өмір одан сайын қыза түседі. Антикалық Аспендос театрында опера мен балет фестивальдері өтсе, мұражайлар түнгі онға дейін ашық болады. Каш курортындағы түнгі дайвинг әлемдегі ең ерекше тәжірибелердің қатарына енген. Ал Белектегі жарықтандырылған алаңдарда жұлдыз астында гольф ойнау мүмкіндігі ұсынылады.

Каппадокиядағы Деринкую, Каймаклы, Өзконак сияқты жерасты қалалары кешкі тоғызға дейін ашық. Туристер жұлдызды аспан астында серуендеп, үңгір қонақүйлерінде түнеп, ежелгі мәдениетті сезіне алады. Таң атар уақытта ондаған әуе шары аспанға көтеріліп, келушілерге әдемі көрініс сыйлайды.

Айта кетейік, бұған дейін 2025 жылы саяхаттауға арналған ТОП-10 қосымша жайлы жазған едік.