Нобель сыйлығы-2025: Физиология және медицина саласында кімдер үздік шықты
Биылғы Нобель сыйлығы америкалық ғалымдар Мэри Э. Бранкоу мен Фред Рамсделлге, сондай-ақ жапон ғалымы Шимон Сакагучиге берілді. Олар иммундық жүйенің ерекше қабілетін – «перифериялық иммундық толеранттылықты» зерттеп, жаңа бағыттың негізін қалады, деп жазады El.kz интернет порталы ВВС-ге сілтеме жасап.
Толеранттылық – иммундық жүйенің ағзаға зиянсыз тітіркендіргіштерге, ең алдымен өз жасушаларына қарсы әрекет етпеу қасиеті. Бұған дейін бұл қабілет тек ерте даму кезеңінде қалыптасады деп есептелген. Лауреаттардың еңбегі иммундық жүйенің үйрену мүмкіндігі одан да күрделі екенін көрсетті.
Ғалымдар иммундық жүйенің «қорғаушыларын» – регуляторлық Т-жасушаларды анықтады. Бұл жасушалар ағзаны аутоиммундық аурулардан қорғап, өз тіндеріне төзімділікті қамтамасыз етеді. Бұл жаңалық жаңа емдеу әдістерінің дамуына жол ашты.
Шимон Сакагучи 1995 жылы алғаш рет осындай ерекше Т-жасушаларды сипаттап, орталық толеранттылықтан бөлек иммундық бақылаудың жаңа тетігі барын дәлелдеді. Кейін 2001 жылы Мэри Бранкоу мен Фред Рамсделл Foxp3 генін ашып, оның мутациясы ауыр аутоиммундық ауруларға себеп болатынын көрсетті.
2003 жылы Сакагучи бұл зерттеулерді толықтырып, Foxp3 гені регуляторлық Т-жасушалардың дамуын басқаратынын дәлелдеді. Осылайша, иммундық жүйенің өзіндік тепе-теңдігін қамтамасыз ететін маңызды механизм анықталды.
Бұл жаңалықтар рак пен аутоиммундық ауруларды емдеуде, сондай-ақ трансплантация кезінде асқынулардың алдын алуда жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Бүгінде олардың негізінде жасалған емдеу әдістері клиникалық сынақтан өтуде.
Нобель комитетінің төрағасы Олле Кемпе: Бұл ашылулар иммундық жүйені түсінуімізге шешуші ықпал етті. Осының арқасында неге бәріміз ауыр аутоиммундық дертке шалдыға бермейтінімізді ұғындық, - деп атап өтті.
Осылайша, үш ғалымның еңбегі биомедицинаның жаңа дәуірін ашып, адам денсаулығын сақтауда маңызды қадам болып отыр.

