Жапониялық автокөлік өндірушісі Nissan 2026-2027 жылдары Мексикадағы екі зауытын жабуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Automotive News хабарлайды, деп жазады El.kz интернет порталы.
Басылымда:
Nissan Motor Co. Мексикадағы өндірістік қатысуын қысқартуды көздеп отыр. Mercedes-Benz компаниясымен бірлескен зауытты қоса алғанда, екі құрастыру зауытын жабу жоспарланған, – делінген.
Мексиканың Хьютепек қаласындағы Civac зауыты 2027 жылдың наурызынан кешіктірілмей жабылады. Бұл зауыт - Nissan компаниясының Жапониядан тыс жерде ашқан алғашқы кәсіпорны.
Сонымен қатар Nissan мен Mercedes-Benz арасындағы бірлескен кәсіпорын – Агуаскальентестегі зауыт та жабылады. Бұл жерде Nissan-ның премиум бренді Infiniti және немістің Mercedes-Benz маркасының автокөліктері құрастырылып келген.
Nissan бұл зауыттағы екі Infiniti кроссоверін өндіруді 2025 жылдың соңына дейін, ал Mercedes-Benz GLB үлгісіндегі кроссоверді шығаруды 2026 жылдың I тоқсанында тоқтатады.

