«Ninety One, Скриптонит, De Lacure». Танымал әншілермен жұмыс істеп жүрген қазақ режиссері
Бүгінде елімізде талантты жастардың қатары көбейіп келеді. Олар өз еңбегімен, табандылығымен танылып, түрлі салада жетістікке жетіп жүр. Солардың қатарында атыраулық жас режиссер Айдар Жарқынов та бар. Бар-жоғы 19 жаста болса да, ол қазақ шоу-бизнесінің танымал жұлдыздарымен бірге жұмыс істеп, өзін кәсіби маман ретінде танытып келеді. Осы орайда El.kz интернет порталының тілшісі жас режиссермен тілдескен еді.
Айдар шығармашылыққа бала күнінен жақын. Қолына алғаш фотоаппарат тиген кезден-ақ аспан мен бұлтты, айналасындағы табиғатты суретке түсіруге әуес болған. Достарымен өткізген қызықты сәттерін де естелікке бейнежазбаға түсіруді ұнатқан. Осы қарапайым әуестік уақыт өте үлкен арманға ұласты.
Кішкентайымнан-ақ қолымда фотоаппаратым жүретін. Әр көріністі, табиғатты, тіпті достарыммен ойнап жүрген сәттерімізді түсіре беретінмін. Уақыт өте келе осының барлығы менің кәсіби жолыма бастау болды, – дейді Айдар.
Жас режиссер 16 жасынан түрлі шығармашылық ұжыммен жұмыс істей бастады. Өзінен жасы әлдеқайда үлкен мамандардың қасында жүріп, олардың тәжірибесін бойына сіңірді.
Алғаш кәсіби жұмыспен айналыса бастаған кезімде видеографтармен қатар жүріп, көп нәрсе үйрендім. Біраз ортада шыңдалдым. Бірақ той саласына бармадым. Жарнамалық бейнероликтер түсіруді жөн көрдім, – дейді ол.
Айдардың еңбегі қазірдің өзінде танымал әртістердің назарын аударып үлгерген. Ол «Ninety One» тобының бейнебаяндарын түсірді, топ мүшелері «Alem» және «Ace-пен» жеке-жеке жұмыс істеді. Бұдан бөлек Ne1tron, De Lacure, тіпті Скриптонитпен де бірлесе еңбек еткен.
Айдар мұны ең алдымен тағдырдың сыйы деп санайды.
Жетістікке жетуімнің ешқандай құпиясы жоқ. Бұл – Алланың берген бағы. «Біреудің бабымен талассаң да, бағымен таласпа» деген сөз бар ғой. Сол рас. Сондықтан да әр жетістігім үшін шүкір етемін, – дейді жас режиссер.
Айдардың айтуынша, түсірілім кезінде орын алатын ең үлкен қиындық – жұмыстың уақытынан кешіктірілуі. Ол үшін тәртіп пен жауапкершілік бәрінен жоғары тұрады.
Жоспарланған іс уақытынан кешіктірілсе, маған ауыр тиеді. Әр жұмыстың дедлайны бар. Уақытымен орындалған жұмыс қана жемісті болады. Немқұрайдылықты ұнатпаймын. Әр нәрсені адал әрі жауапкершілікпен атқарғанда ғана оның нәтижесі жақсы болады, – дейді ол.
Айдардың бейнебаяндарын көрген жан оның өзіндік стилін бірден байқайтыны анық.
Көрермен назарын ұстап тұратын динамикалық видеолар түсіремін. Бұл – менің шығармашылығымды өзгелерден даралап тұратын басты ерекшелігім, – дейді Айдар.
Жас та болса, Айдардың алдағы жоспары ауқымды. Ол бейнебаян түсірумен шектелмей, болашақта кино әлеміне де қадам басуды көздеп отыр.
Алты-жеті жылдан кейін міндетті түрде кино түсіргім келеді. Қазір тәжірибе жинап жүрмін. Бұл – бала кезден бері келе жатқан арманым, – дейді ол.
Сонымен қатар жас режиссер әлемдік жұлдыздармен жұмыс істеуді де мақсат етеді.
Мен Matrang-пен, сондай-ақ Ed Sheeran, Shawn Mendes, Post Malone сынды әлемдік деңгейдегі өнер иелерімен жұмыс істегім келеді, – дейді ол.
Айдар режиссерлік мансап – шығармашылық жол болғанымен, табыс көзі ретінде әрқашан тұрақты бола бермейтінін айтады. Ол өнерді жан дүниенің қалауы деп санайды, дегенмен материалдық тұрғыдан да ойлану қажет екенін жасырмайды.
Егер әлемдік деңгейге шыққан өнер иесі болмасаң, шығармашылық салада қомақты ақша таба алмайсың. Сондықтан мен әрқашан өнермен қоса тұрақты табыс әкелетін істі қатар алып жүрген дұрыс деп ойлаймын, – дейді жас режиссер.
Айдар болашақта қандай салаға барса да, шығармашылықты ешқашан тастамайтынын айтады.
Өз ісімді жақсы көремін. Тіпті ертең басқа салаға кетсем де, камераны қолымнан тастамайтыным анық. Өмірімнің әр сәтін түсіріп, естелікке айналдыруды жалғастыра беремін. Себебі бұл – менің сүйікті хоббиім, – дейді ол.
Жас режиссердің ең үлкен арманы – туған жері Атыраудың атын асқақтату.
Менің арманым – Қазақстанды, соның ішінде Атырауды әлемге таныту. Шетелдік әртістермен жұмыс істеп, оларға біздің елдің таланттарын танытқым келеді, – дейді Айдар Жарқынов.
Айта кетейік, бұған дейін 20 жасында мектеп ашқан қазақ қызы туралы жазған едік.

