Нигерияда бес адам 17 күн бойы кітап оқып, жаңа рекорд орнатты
Нигерияның бес тұрғыны үш ер адам мен екі әйел 431 сағат 31 минут 25 секунд бойы кітапты дауыстап оқып, Гиннестің жаңа рекордын жаңартты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұған дейінгі көрсеткіш 2011 жылы Доминикан Республикасының командасына тиесілі болып, 365 сағат 39 секундты құраған еді.
Оқырмандар 17 күн бойы бірін-бірі алмастырып, 79 түрлі кітапты көркем әдебиеттен бастап оқу құралдарына дейін нигериялық авторлардың еңбектерін оқып шыққан. Марафонның әр сәті онлайн көрсетілім арқылы тікелей эфирде таралған.
Бұл ерекше акция Нигериядағы білім беру дағдарысына қоғам назарын аударуға бағытталған. Елде 210 миллионнан астам халықтың басым бөлігі кітапқа қол жеткізе алмайды, 10 миллионнан астам бала мектепке бармайды, ал сауат деңгейі 2021 жылдан бері 63 пайыз шамасында өзгеріссіз қалып отыр.
Сарапшылардың айтуынша, жағдайдың ушығуына саланың жеткіліксіз қаржыландырылуы мен білім беру саясатының тиімсіздігі себеп болған.

