Қандастар Ассамблея

Жазғы мектеп: оқушылар қалай білім алмақ?

Ұстаздар мен ата-аналар пікірі

Елімізде бүгіннен бастап жазғы мектептер ашылмақ. Осыдан біраз уақыт бұрын ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 26 мамыр мен 19 маусым аралығында мектептерде қосымша сабақ беру жалғасатынын мәлімдеген еді.

76597bc5-6732-4b24-adbe-d6052bb239b1.jpg

Асхат Қанатұлы өз сөзінде: «Біз үлгерімі нашар оқушыларға қолдан келгенше көңіл бөлуіміз керек. Шыны керек, негізінен жақсы оқитын, озат та үздік білім алушыларға көп назар аударамыз. Бұл да бір ерекшелік шығар. Мұндай балалармен жұмыс істеу оңай әрі қызықты болғанмен, басты назар үлгерімі нашар оқушыларға қарай бағытталуы тиіс. Олай болмаған жағдайда үлгерімі төмен балалар одан сайын өз білімдерін түсіріп алады» деп атап өтті. Осы орайда біз жазғы мектепке байланысты білім беру мекемесі басшыларының, ата-аналар мен ұстаздардың пікірін білген едік. Ең алдымен Нұр-Сұлтан қаласындағы №61 орта мектебінің директоры Ернұр Омархановқа хабарласып, аталған білім ордасында жазғы мектепті ұйымдастыру қалай жүзеге асып жатқанын сұрадық.

pp.jpg

- Министрлік мәлімдегендей, жазғы мектеп 26 мамыр мен 19 маусым аралығында өтеді. Жазғы мектепке 9-11 сыныптан басқа барлық сынып оқушылары қабылданып жатыр. Бұл ерікті түрде екенін айта кетуім керек. Сондай-ақ жазғы мектеп жұмысына қосымша арнайы қаржы қарастырылмаған. Өзіміздің мектебіміздегі мұғалімдер сабақ береді. Әсіресе, 6, 7, 8, 10-сыныптарға басым көңіл бөлгелі отырмыз. Себебі бұл сыныптар жыл бойы мүлде мектепке келмей онлайн оқыды. Бастауыш және 5-сыныптар жартылай болса да мектепке келіп оқығынан білесіздер. Яғни бастауыш оқушылары үшін арнайы кезекші сыныптар ашылған еді. Алайда олардың арасынан балалар келіп, «оқимын» десе, өтініштерін қабылдап жатырмыз, - деп жауап берді мекеме басшысы.

Жоғарыда жазғы мектеп негізінен карантин кезінде үлгерімін төмендетіп алған оқушылар үшін ашылатынын министр сөзімен айтып өттік. Ернұр Аханұлы мұндай мүмкіндіктің бәріне бірдей берілгенін, барлық оқушыларға есік ашық екенін жеткізді.

- Қазір мұғалімдер қашықтан оқу кезінде қандай бағдарлама қиын болғанын өздері біледі. Біз сол бағдарламаларға талдау жасадық. Сосын оқу жылының барысында балаға қиын болған бағдарламалардың орта мерзімді жоспарын, қысқа мерзімді жоспарын дайындап қойдық. Сол бағыттар бойынша күніне үш-төрт сағаттан аспайтындай сабақ ұйымдастырамыз. Бұл карантин кезінде кеткен кемшіліктердің орнын толтыру үшін өте қажет. Мектебімізде 1900 болса, қазір жазғы мектепте оқуға 300-дей ата-ана өтініш беріп отыр. Оқу үлгеріміне қарамастан, бәрінің келуіне болады. Дегенмен сабағы нашарлап кеткен оқушыларға ерекше көңіл бөлінеді. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің өзі де осыған баса назар аударып отыр. Енді карантин кезінде кеткен олқылықтың орнын толтырып, сабағы әбден нашарлап, үлгерімі түсіп кеткен оқушылармен тығыз жұмыс істейміз - деді мектеп директоры.

Ернұр Аханұлынан жазғы мектептің сабақ кестесі қалай қойылғанын айтып берді. Сонымен қатар мұғалімдердің еңбек демалысы туралы да сөз қозғады.

- Сабақ кестесі бекітіліп, дайын тұр. Осы аптаның басында ата-аналарға хабар берілді. Өткен сенбі күні жалпыреспубликалық ата-аналардың семинары өткен. Сонда әр сынып өздерінің сабақ кестелерін таныстырды. Осы ақпараттың бәрі мектептің әлеуметтік парақшаларында, сайтында қойылған. Негізінен ата-аналар тарапынан математика, ағылшын тілі, қазақ тілі пәндері көп сұралып отыр. Сол себепті осы пәндерге басымдық береміз. Ал жазғы мектепте жұмыс істейтін аталған пән мұғалімдеріне келер болсақ, олардың еңбек демалысы толық сақталады. Егер еңбек демалысы күндері жұмысқа шықса, сол күндерді артығымен қосып алып демалады, - деп атап өтті Ернұр Омарханов.

WhatsApp Image 2021-05-19 at 18.30.49.jpeg

Ал мектеп мұғалімі Жапақ Айдана Сейпатталқызының айтуынша биылғы оқу жылы былтырғыға қарағанда оңайға соққан. Ол мұның себебін ұстаздар мен оқушылардың жаңа платформаларды жақсы меңгеріп алуымен байланыстырды.

- Мен қазіргі таңда «Алматы облысы білім басқармасының Іле ауданы бойынша білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің «№25 орта мектеп» мемлекеттік коммуналдық мекемесінде ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарамын. Жалпы педагогика саласында алты жылдық тәжірибем бар. Сонымен қатар мектебіміздің 6 «в»-сыныбының жетекшісімін. Барлығы 18 оқушым бар, оның үшеуі үздік, оны екпінді болып сыныпты аяқтап жатыр. Биылғы жылы еліміздегі пандемияға байланысты сабақты қашықтан оқыттық. Онлайн формат былтыр бәрімізге таңсық болғанмен, осы оқу жылында бір жүйеге түсіп, сапалы білім бере алдық деп ойлаймын. Оқушылар мектеп бағдарламасындағы біліммен қатар, қосымша интернет ресурстарын меңгеріп, ой-өрістерін кеңейтті. Атап айтсақ, Kundelik.kz, Online-mektep, Bilimland, Google Classroom сияқты платформаларды пайдаланып сабақ өттік. Балалар кесте бойынша сабаққа қатысып, мұғалімдерімен уақытылы байланысып, тығыз жұмыс істеп отырды. Zoom бағдарламасы арқылы шәкірттерімізді көріп, тоқсандық және жиындық бағалау жүргіздік. Былтырға қарағанда ұстаздарға қиын болған жоқ, - дейді Айдана Сейпатталқызы.

160b1614-bcb8-4fe9-9cc3-6b7a8dd5c704.jpg

Білікті ұстаз жазғы мектепте оқу туралы өз сыныбының ата-аналарынан ешқандай өтініш түспегенін айтты. Ол сыныптағы жалпы білім сапасы жоғары болғандықтан, шәкірттерінің оқу үлгерімін жазғы мектепте оқымай-ақ жақсартып аламыз деген пікірде.

- Министр Асхат Аймағамбетов тарапынан айтылған ұсыныс бәрімізге өте тиімді болмақ. Сыныпта үлгере алмай жүрген, түсіне алмаған тақырыбының орнын толтыруға оқушыларға үлкен мүмкіндік беріліп отыр. Әрине, ең алдымен ата-аналар өтініш беруі керек. Біздің мектепте де осындай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мұғалімдер сабақ жоспарларын дайындап, кестелерін реттеуде. Менің сыныбымда бес оқушының үлгерімі төмен болды. Алайда ата-аналар жазғы мектептен өз еріктерімен бас тартты. Дегенмен олардың өз қатарынан қалмай, келесі оқу жылында жақсы оқитынына сенемін, - дейді педагог.

Жазғы мектепте сабақ бергені үшін мұғалімдерге қосымша ақы төленбейтіні белгілі. Айдана Сейпатталқызы бұл жағдайға «Әр мұғалім білім беруге ең алдымен еңбек тұрғысынан емес, ұстаздық тұрғыдан қарай білуі қажет» деп санайды.

- Өздеріңіз білетіндей, былтыр елімізде «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданып, Үкімет тарапынан мұғалімдердің әлеуметтік жағдайына айрықша көңіл бөлініп жатыр. Сондай-ақ мектепте мұғалімдердің шығармашылық жұмыспен айналысуына жағдай жасалды. Сол себепті мұғалім алдына келіп отырған оқушыдан бас тартпайды. Өйткені ұстаздың басты міндеті – үйрету, оқыту және шәкірт тәрбиелеу. Ал негізгі мақсаты – саналы ұрпаққа білім беріп, еліміздің дамуына үлес қосу. Білімге құштар болып, оқу үшін келіп тұрған баланың үлгерімін жақсартып, ары қарай қанаттандыруға барынша күш саламыз, - дейді Айдана Сейпатталқызы.

b2222387-452d-4294-ab59-48cd7e6375c8.jpg

Ал елордалық ата-ана Дана Жаңбырбаева қашықтан оқу қаншалықты тиімді болса да, мектепке барып оқығанға жетпейді деген пікірді алға тартты. Ата-ана баласының үлгерімі жақсы болуы үшін күнделікті бірге отырып сабақ оқытқанын айтты.

- Қызым Айзере елордамыздағы №59 мектеп-лицейінің 2-сыныбын бітірді. Биылғы оқу жылында кезекші сыныпқа қабылданып, мектепке барып оқыды. Оның өзінде карантин болып, бірнеше рет жабылып қалды. Сөйтіп кезекші сыныптың өзі дұрыс ашылмады. Осыған қарамастан қызымның үлгерімі жақсы. Бастауыш сынып болғаннан кейін тақырыптың бірін түсінсе, бірін түсінбей қалады. Сол себепті үйден өзіміздің көп уақыт бөліп, көмектесуімізге тура келеді. Мектепке барып оқыған кезде күнделікті мұғаліммен бетпе-бет жүздесіп, түсінбеген жерлерін сұрап алатын, - дейді Дана Асанқызы.

Дегенмен Дана Асанқызы қызын жазғы мектепке бермейтінін атап өтті. Айтуынша, жазғы мектеп керісінше баланың сабақтан жалығуына әкеліп соғуы мүмкін дейді.

- Мен жазғы мектепке қызымды апармаймын. Өйткені бала жазда демалуы керек. Негізінде бала жаз мезгілінде мектепке бармай-ақ білімін толықтыра алады деп ойлаймын. Бастауыш сынып оқушысына ойын ойнату, ертегі оқыту арқылы бәрін үйретуге болады. Ал мектепке барған бала жазғы демалысқа шыққанын сезінбей қалады. Тағы бір айта кетерлігі, кей ата-аналардың үйден қадағалауға мүмкіндігі болмауы мүмкін. Оларға жазғы мектеп, әрине, тиімді. Жұмысбасты ата-аналар баланың түсінбей қалған сабақтарын оқытып, тақырыптарды қайталап, үлгерімін жақсарту үшін мұғалімнің көмегін қажет етеді. Біздің сынып ата-аналарының тарапынан «жазғы мектепке барайық» дегендей бастама көтеріліп жатқан жоқ. Сол үшін ертеңнен бастап бәріміз демалыстамыз десем де болады, - дейді ата-ана.

9a4d834c-4b47-42a7-b1df-0f19b934f862.jpg

Иә, бір жылғы үзілістен кейін еліміздің мектептерінде соңғы қоңырау үні сыңғырласа да, бүгін партаға оқушылар қайта жайғасып жатыр. Тура 18 күнге жалғасатын жазғы мектептің балаларға қалай әсер еткені жаңа оқу жылында белгілі болмақ. «Ел болашағы – білімді жастар» деген нақыл сөзді ескерсек, қай уақытта да оқып, білім алу шәкірттерге ешқашан артық етпес.

(Суреттер кейіпкерлеріміздің жеке мұрағатынан алынды)

Ұқсас материалдар