Жаңалықтар

Қазақстанның әр өңірінде ірі ұлттық университет болуы керек – депутат

Қазақстанның әр өңірінде ірі ұлттық университет болуы керек – депутат
Фото: Aikyn.kz 15.06.2022 17:22 26437

Әр өңірдегі ірі жоғары оқу орындарына ұлттық университет мәртебесін беру керек деп Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Аманжол Әлтаев Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа мәжіліс отырысында сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz.

– Қазіргі уақыт сапалы жоғары білім мен өмірлік қажеттіліктерді шешуге септесе алатын ғылым дәуірі. Бұл ретте елімізде жоғары білім ордаларына жүктелер міндет аса ауқымды. Мәселеге осы тұрғыдан келсек еліміздегі университеттерге қатысты шешімін күтіп тұрған түйіткілді жайттар бар екенін байқауға болады. Солардың бірі ұлттық университет мәртебесіне байланысты бүгінде Қазақстандағы ұлттық университеттердің барлығы Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында ғана орналасқан. «Жаңа Қазақстан дегеніміз әділетті Қазақстан» деп мемлекет басшысы айтқандай ұлттық университет мәртебесін беруде аталған қалалардан басқа жерлердегі жоғарғы оқу орындары назарға ілінбей қалуы әділеттілікке жатпайды, - деді  Аманжол Әлтаев.

Сонымен қатар, еліміздің әр өңірінде ұлттық университет мәртебесін иеленуге лайық білім ордалары бар екендігін атап өтті. 

– Өңірлердегі университеттер арасында мемлекетімізді беделді әлемдік рейтингтерде танытып жоғарғы академиялық беделге ие болып жүрген оқу орындарын ескеруіміз қажет. Атап айтқанда 13908 студент білім алатын, 58 ғылым докторы, 77 PhD докторы, 269 ғылым кондидаты еңбек ететін «Ебіней Арыстанұлы Бөкетов атындағы Қарағанды университеті», 29401 студент білім алатын, 69 ғылым докторы, 94 PhD докторы, 521 ғылым кондидаты еңбек ететін «Мұқтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті» және 15209 білім алатын, 30 ғылым докторы, 26 PhD докторы, 230 ғылым кондидаты еңбек ететін «Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік білім» шаңырағы ұлттық университет мәртебесін алуға әбден лайық, - деді депутат. 

Бұлардың үшеуі де 2021 жылғы республикалық конкурстың қорытындысы бойынша мықты өңірлік университеттер қатарына кірген классикалық көп салалы білім ордалары. Өңірлерде жоғары нәтиже көрсетіп жүрген университеттердің ұлттық мәртебе иеленуі сол оқу орындары үшін ғана емес, олар орналасқан өңірлер үшін де экономикалық әлеуметтік тұрғыдан зор серпін береді. Әсіресе, сол университеттерде білім алатын талапты жастардың өз өңірінде тұрақтап қалуына әсер етері сөзсіз. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға