Қандастар Ассамблея

Қызыл иек және тіс күтімі

Стоматолог, имплантолог Айдар Оралбаевпен сұхбат

Тістің сезімталдығы артқан кезде уақытылы тамақтану қиынға соғады. Ыстық пен суыққа әсер ететін ауырсынулардың салдары тістің түсуіне алып келуі әбден мүмкін. Сондықтан тіске дер кезінде күтім жасай білуі керек.

Осы орайда қызыл иектің қабынуының алдын алу, тіс ауруларынан сақтану жолдары, тіс гигиенасы және өзге де сұрақтарымызға стоматолог, бет-жақ хирургы, имплантолог, ортопед Айдар Оралбаев жауап берді.


– Айдар Мұратұлы, тіс гигиенасы туралы айта кетсеңіз. Тіс ауруларынан сақтану жолдары қандай?

– Ең алдымен әрбір адам жеке гигиенасын сақтағаны жөн. Ауруды емдегеннен гөрі алдын алған оңай. Негізінен біздер стоматологтар тістерін күтіп келген науқастарды жақсы көреміз. Бірақ өкінішке қарай, адамдар тістері ауырған кезде ғана тіс дәрігерінің көмегіне жүгінеді. Кейбір тістерді қалпына келтіру қиынға соғып жатады. Сондықтан тіс гигиенасы өте маңызды. Тісті таңертең және кешке екі рет тазалау керек. Кейбір стоматологтар әр тамақтан кейін тазалауға кеңес береді. Негізі адамның гигиенасы нашар болса, үш рет тазалауға болады. Көп адамдар тамаққа дейін тазалап жатады. Негізі тісті тамақтан кейін тазалаған дұрыс. Стоматологқа тісіңіз мазаламаса да, 6 ай сайын қаралып тұрыңыз. Және де әр отбасының отбасылық дәрігері мен клиникасы болғаны дұрыс. Себебі бір адамды үнемі қарайтын дәрігер оның ауру тарихын толықтай біледі, емдеуге де оңай болады. Біздің мақсатымыз осының барлығын халыққа жеткізу.



– Тіс иегінің саулығы үшін ауыз қуысын тамақ қалдықтарынан қандай құралдардың көмегімен тазартып тұруы қажет?

– Ауыз қуысы дегенде адамдар көбіне тіс деп ойлайды. Ауыз қуысы тек тістен ғана тұрмайды. Сонымен қатар қызыл иектің де үлкен маңызы бар. Оны пародонт, периодонт деп те атайды. Қызыл иек – тісті ұстап тұрған тіндер. Мысалы, кейбір адамдарың тістері сау болады. Ал қызыл иектері нашар болғандықтан, тістері босап түсіп қалатын жағдайлар да кездеседі. Қызыл иек ауыз қуысының іргетасы сияқты. Сондықтан оны сақтау маңызды. Негізі стоматологтар екі тіс сықпасын ұсынады. Біріншісі – тіске, екіншісі – қызыл иекке арналған. Тіске арналған сықпа ол қарапайым тісжегіге (кариеске) қарсы сықпа. Қызыл иекке түймедақ (ромашка), сәлбен (шалфей) тағы да басқа табиғи шөптерден құралған сықпалар жақсы әсер етеді. Кейбір науқастарда қызыл иектері қанағыш келеді, қабынып тұрады. Ол көбіне тіс гигиенасын сақтамаудың әсері болуы мүмкін. Немесе науқастың қосалқы ауруларынан да қызыл иек қабынады. Ауыз қуысы, ауыз қуысының шырышты қабығы ағзаның айнасы. Сондықтан кейбір ауруларды білікті стоматологтар ертерек анықтайды. Ауыс қуысының шырышты қабатының қабынуы теріде, ауыз қуысында көрінуі мүмкін. Сондықтан тіс дәрігері гастроэнтеролог, эндокринолог және отоларинголог мамандарына жіберуі мүмкін.




–Тіс дәрігерінің қосалқы құралдарының маңызы туралы айта кетсеңіз

– Қосалқы құралдарға келетін болсақ тіс сықпасы ғана емес, тіс щеткасының да маңызы өте жоғары. Мұны кейбір науқастар білмейді. Тіс щеткасын 3 айда бір рет ауыстырған дұрыс. Себебі ол өзінің қасиетін жоғалтады. Тісті күніне екі рет тазалағаннан кейін тіс щеткасы ашылып, микробтар жиналады. Егер адам инфекциялық аурулармен ауырған болса, тіс щеткасын ауыстырғаны жөн. Щетка да инфекцияны тасуы мүмкін. Негізі тіс щеткасын таңдағанда әрбір науқас өзінің тіс дәрігерімен кеңескені абзал. Себебі тіс щеткасының түрлері көп. Мысалы брекет киетін, аузында коронка, имплант бар науқастар бар. Олардың тістері қосалқы гигиенаны қажет етеді. Оларға мануальды тіс щеткасын пайдалануы керек. Ондай щеткалардың орташасы, қаттысы және жұмсағы болады. Көлемі жағынан үлкен және кіші болуы мүмкін. Сонымен қатар тісті флосспен тазалаған дұрыс. Флосс – тіс тазалауға арналған арнайы жіп. Щетка ала алмайтын қалдықтарды флосс тазалайды. Оның да өлшемін стоматолог таңдап бергені дұрыс. Тығыз орналасқан тістерге де қалың жіптерді қолдануға болмайды. Тістегі тамақ қалдықтарын, тастарды тазартуға арналған қосалқы құралға ирригатор да жатады. Ал мобильді тіс щеткалары жұмыс бабымен алыс жерлерге саяхатқа шығатын адамдарға қолдануға өте ыңғайлы. Сонымен қатар тілде 80 % бактерия бар екендігін ұмытпағаныңыз абзал. Тілді де тазалайтын арнайы щеткалар бар. Сондықтан ауыз қуысын тазалағанда мұқият болыңыз.





– Тісті қалай күту қажет? Адамдардың жіберетін қателіктері?

– Адамдардың жиі жіберетін қателіктерінің бірі – тістерін регламент бойынша тазаламайды. Тісті тазалағанда бір жерін ысқылап тұра бермей, ауыз қуысын бөлікке бөліп, астын, үсті, оң жағы мен сол жағына мұқият тазалау керек. Тісті жан жағынан тазалаған дұрыс. Әр тісті оңай болу үшін қызылдан аққа, үстінен астына, тістің кесу қырына қарай тазалаған жөн. Немесе сағат тілімен және сағат тіліне қарсы бағытта тазалаңыз. Сонда тістеріңіздің күтімі дұрыс болады. Қателіктердің бірі регламент сақтамау, асығып тазалау, екі уақыт тазаламау, есіне түскен кезде тазалау, дұрыс щетка мен сықпаны таңдамау. Сықпаны таңдағанда сыртындағы құрамын мұқият оқыңыз. Тіс пастасының артқы жағында қызыл, жасыл, қара жіңішке сызықтар (штрихтер) болады. Ең қауіптісі қара түстісі. Ол тек химиядан ғана тұрады. Жасыл түстісі табиғи қосындылардан жасалғандығын білдіреді. Одан бөлек құрамы мен химиялық қоспаларына байланысты қызыл, сары және көк түрлері бар. Сондықтан тіс сықпасын таңдағанда мұқият болыңыздар.




– Тіс күтіміне байланысты мифтерді атай аласыз ба? Мысалы, тісті қайта-қайта жуу эмальді бұза ма?

– Жалпы эмаль адам ағзасындағы ең қатты тін болып табылады. Тісті қайта-қайта жуу эмальді бұзады деп айта алмаймын. Егер тіс щеткасы қатты болса, эмальға зақым тиеді және сызаттар пайда болады. Сол сияқты тісті флосспен тазалағанда тістің арасы ашылып кетпейді. Ол да миф.

– Тіс дәрігерінің аппараттары туралы айта кетсеңіз, қайда жасалады? Орташа бағасы қанша тұрады?

– Жалпы стоматологиялық процедуралар өте қымбат. Мысал ретінде айтатын болсақ, тіс емдеу орталығын ашу үшін бірінші лицензия керек. Ол да біршама қаражатты талап етеді. Ғимарат қажет. Оның да стандарттары бар. Бізде стоматологиялық креслосыз жұмыс жүрмейді. Жақсы стоматологиялық кресло 3,5 млн басталады. Арзандары сына береді. Сапасы да төмен болады. Креслоңыз жақсы болса, науқасқа да жақсы болады. Дәрігерге де ыңғайлы. Көбінесе аппараттарды шет мемлекеттерден аламыз. Қазақстанда мұндай құрал-жабдықтар мен аппараттар жасалмайтындықтан көбінесе Оңтүстік Корея, Италия, Америка, Германия мемлекеттерінде жасалынған құрылғыларды пайдаланамыз. Сонымен қатар стоматологияда рентген жүргізу қажет болады. Біздің клиникада 2021 жылы шығарылған рентген аппараты бар. Бұл ең жоғарғы құрылғылардың бірі. Бағасы 35-40 млнды құрайды. Өте анық көрсетеді. Бұрын рентген суреттерін бір бағытта ғана көретін болсақ, бұл аппарат 3D үлгіде көрсетеді. Тісті жан-жағынан, артын, астын, үстін және қалай орналасқандығын көре аламыз. Тіс дәрігеріне тіс емдеу кезінде бұл рентген құрылғысының маңызы зор. Одан кейінгі стерилизация құрылғыларының маңызы жоғары. Олардың бағасы 450 мыңнан 1-1,5 млнға дейін барады. Ол құрал-жабдықтарды жоғарғы температурада бактерияларды өлтіреді. Механикалық, химиялық және физикалық өңдеу жүргіземіз. Маманның біліктілігі де маңызды. Сондықтан дәрігер әрдайым біліктілігін арттырып отыру керек. Біз үнемі семинарларға қатысамыз. Тәжірибе алмасамыз. Ол да арзан емес. Мысалы біздің стоматолог әріптесіміз Бразилияға біліктілігін арттыруға оқуға кетті. Оқу құны – 5 млн. Өз саламызға қажетті кітаптарды алып оқимыз. Олар да арзан тұрмайды. Қорыта айтқанда құрылғылар мен материалдар қымбат. Маманның біліктілігі бар. Сондықтан тіс емдеу арзан тұрмайды.




– Қазіргі кезде тіс дәрігеріне тісті емдету үшін емес, сән үшін келетіндер көп. Түрлі технологиялар арқылы қисық тістерді дұрыстау немесе сары тістің ағартуын айтуға болады. Алайда мұның қымбат екенін естиміз. Брекет арқылы тісті туралау қаншалықты қымбат?

– Брекетті адамдар екі жағдайда қояды. Тістері қисық, әдемі емес болып тұрса, түзеткілері келеді. Екіншісі – функцияналды жағдай. Тістің қызметі тағамды шайнау, тістеу болғаннан кейін сол функцияны атқару кезінде буынның, жақтың ауырмауы маңызды. Бірақ көп адамдарда тістері қисық болғаннан кейін буындары ығысады. Фунуционалды жағдайы бұзылып, бұлшық еттері жұмыс жасамауы мүмкін. Ондай адамдарға тістеріне брекет қойып түзетуге кеңес береміз. Адам тісі мазаламаса, қисық тіспен жүре береді.

Кейбір адамдар тістері әдемі болуы үшін винир қойып жатады. Винир бізге АҚШ-тан келді. Бұрын Голливуд актерлері жиі винир қоятын болған. Бүгінде кез келген адамның винир орнатуға мүмкіндігі бар. Ол тістері қисық адамдарды сенімсіздіктен арылуына көмектеседі.




– Тіс дәрігерін қалай таңдау керек? Ең қымбаты ең сапалысы дегенді білдіре ме?

– Менің жеке пікірім тіс дәрігерін таңдағанда ең бірінші маман сіздің мәселеңізді шеше алатынын білуіңіз керек. Сонымен қатар фото протокол, дәрігердің біліктілігі туралы сертификаттары, қажетті құрал-жабдықтар бір клиникада болғаны дұрыс. Ең қымбаты, ең мықтысы деп айтуға болмайды. Ең арзаны, ең нашары деп айтуға болмайды. Бағасы маманның біліктілігіне байланысты болады. Жақсы маман арзан бағаға емдемейді. Ол өзінің құнын біледі. Тағы бір маңызды мәлімет сіз емдейтін маманға сенуіңіз керек. Бәрі жақсы болып, ішкі сенімсіздігіңіз болса, әрине ол жағы қиын. Салыстырмалы түрде тағы да бірнеше маманға барып көрсеңіз болады. Орташасын таңдағаныңыз дұрыс. Ең арзанын таңдаған жөн емес. Арзан материал, маман біліксіз және оны жасайтын техник сапасы жағынан арзан жасап беруі мүмкін. Сапасыз нәрсе тез әрі арзан болмайды. Сапалы емдеу ұзақ әрі қымбат болады.

– Сұқбатыңызға рақмет!

 

Ұқсас материалдар